Жаңалықтар

Сенаторларды сүйсіндірген сапар

Жыл басында ауданымызға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Мұқтар Жұмағазиев пен Бауыржан Қаниев келді.

Ақтөбенің қай өңірінің де тынысы таныс сенаторлар Ойылдағы сапарын белгілі меценат Талғат Салфиковтың ауданға тарту еткен саз мектебінен бастады.

Ойылдағы өрелі істерде қолтаңбасы бар кәсіпкер Талғат Салфиков биыл жалпы әлемде қалыптасқан күрделі ахуалға қарамастан, аудандағы тағы бір күрмеулі мәселенің шешілуіне қолұшын созған болатын. Яғни 34 миллион теңгеге аумағы 500 шаршы метр саз мектебін салып берді. Бұған дейін ескі ғимараттың аядай бөлмелерін сағалап келген жас өнерпаздар үшін бұл үлкен қуаныш. Сенаторлар сол қуанышқа ортақтасып, ұжымымен кездесіп, оқушылармен тілдесті.

Одан соң  аудандық орталық аурухананың жұмысымен танысқан сенаторлар  індетпен күрестің алғы шебінде болған дәрігерлер қауымына алғыс айтты. Дәрігерлер де өздерін толғандырған сауалдарын жолдады. Әсіресе, жас мамандарды ауылға тұрақтандыру мәселесін қозғады. Ауданға жолдамамен келіп қызмет етіп жатқан жас дәрігерлер өздерінің ойларымен бөлісіп, ұсыныстарын жеткізді. Мәселен, дәрігер-хирург Бағдат Көптілеу жас дәрігерлердің уақыт қажеттілігіне орай қосымша мамандықтарды игеру мен ауылдық жерлерде еңбек ететін дәрігерлерге басымдықтар берілуі керектігін айтты.

Аудандағы жұмыс сапарын Сарбие ауылдық округінде жалғастырған сенаторлар ауылдағы әлеуметтік нысандарды аралады. Ауыл тұрғындары болса, негізінен, жол қатынасы мен көгілдір отын мәселесін жеткізді.

Сенаторлар Ойылдағы жылыжайдың жұмысына өз ризашылықтарын білдірді. Мемлекеттен 5 миллион теңге несие алып, өз қолдарымен тұрғызған жылыжай иесі Миржан Құлбаев пен Сапура Мырзағалиевалар аудан халқына қысы-жазы көкөніс ұсынып отыр. Сапарының соңында Сенат депутаттары ауданның Саралжын ауылдық округінде орналасқан мал өсірумен айналысатын «Тәжібай-Агро» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде болды.

Ақтөбе облысының бірнеше ауданында әкім болған екі сенатор да халықпен емен-жарқын тілдесіп, ашық әңгімелесті. Ойылға өзі қызмет еткен он жылдан кейін келген Мұқтар Жұмағазиев сол аралықта атқарылған істерге тәнті болып, ауылдардың ажары кіріп, тұрғындар тұрмысының едәуір түзелгенін байқағанын айтты.

Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button