Басты бет » Білім » Ақтөбеде 400-ге жуық жетім бала баспаналы болды

Ақтөбеде 400-ге жуық жетім бала баспаналы болды

Еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі — балалардың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау. Біздің өңірде балалардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған көптеген жұмыстар жолға қойылған. Жетім балаларды жан-жақты қолдау мақсатында елімізде 2016-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Бағдарлама аясында облыста 384 жетім бала баспаналы болды. Мұндай үлкен қолдау олардың кәсіптік білім алулары үшін де көрсетіліп жатыр. «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім» бағдарламасының арқасында  өмірде қиын жағдайға тап болған, аз қамтылған отбасының балалары мемлекеттік көмекке ие.

Біз осы және балаларды әлеуметтік қолдауға бағытталған басқа да жұмыстар туралы облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуовамен әңгімелескен едік.   

Бүгінде өңірдегі 546 балабақшада 42 963 балапан тәрбиеленіп жатыр. 403 мектепте 157 870 оқушы оқиды. Ал 43 колледжде 24 423 жас білім алуда.

؅— Баланың ана тілінде, мемлекеттік тілде білім алу құқығы қамтамасыз етілген. Мысалы, мектепке дейінгі ұйымдардың 72 пайызы, мектептердің 66 пайызы қазақ тілінде білім мен тәрбие береді. Орыс тілінде оқытатын мекеменің үлесі — 28. Оның  3-еуі — балабақша, 25-і — мектеп.  Қалған ұйымдарда сабақ аралас тілде өткізіледі, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Балабақшаларда 1-6 жастағы балалардың қамтылуы — 86,1 пайыз. Ал 3-6 жастағы балдырғандардың барлығы да балабақшаға барып жүр.

Балабақшаларға кезекке тұруда ашықтық пен жариялылықты қамтамасыз ету мақсатында жолдама алу электрондық кезек арқылы жүргізіледі. Кезекке қою, жолдама беру толығымен автоматтандырылған. 5-6 жастағы балапандар үшін балабақшалар мен мектептерде мектепалды дайындық ұйымдастырылған.

Әлеуметтік көмек кімге көрсетіледі?

Біздің өңірде балаларды әлеуметтік қолдау мақсатында көптеген шаралар ұйымдастырылып жатыр. Облыс бойынша аз қамтылған отбасылардан шыққан 19 653 бала бар. Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалардың үлесі — 10 490. Жалпыға міндетті оқу қоры аясында бұл балаларға мектеп формасы, спорттық киім, оқу құралдары, сабақ кезінде бір реттік ыстық тамақ беріледі. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетті іске асыру және оқушылардың жекелеген санаттарына әлеуметтік көмек көрсету мақсатында мемлекеттік орта білім беру ұйымдары аз қамтылған отбасылардың балаларына,  әрқайсысына 25 мың теңгеден жалпыға міндетті оқу қорының қаражатынан көмек көрсетуде. Қашықтан оқыту форматына көшкен білім беру ұйымдарындағы  жетім балалар, білім алуға ерекше қажеттіліктері бар, аз қамтылған, көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, мұқтаж оқушылар компьютерлік техникамен  қамтамасыз етілді, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

50 ауылдың баласы қалай оқып жатыр?

Мектептері жоқ ауылдарда тұратын балалардың ата-аналарының келісімімен, оқушыларды мектеп жанындағы интернаттарға орналастыру немесе жақын орналасқан мектептерге тасымалдау ұйымдастырылуда. Жалпы, өңірдегі  50 елді мекенде мектеп жоқ. Бұл ауылдарда  мектеп жасындағы 317 бала бар. Олардың 102-сі тасымалданады. 126 бала мектеп жанындағы интернатта  тұрады. Қазір 89 оқушы қашықтан білім алып жатыр. Мектебі жоқ 16 ауылдың балаларын тасымалдау үшін 14 көлік ұйымдастырылуда, — дейді басқарма басшысының орынбасары.

Орта білім алу процесінде тұрақты немесе уақытша қиындықтарға тап болған   (денсаулық жағдайына немесе әлеуметтік-экономикалық факторлармен байланысты) оқушылар үшін 2 кешкі мектеп жұмыс істейді. Онда 90 бала білім алады.

Арнайы маман, арнайы топ, арнайы кабинет

Облыста ерекше балаларға 3 психологиялық-медициналық-педагогикалық консультация, 1 оңалту орталығы, 15 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті және 1 балалар сауықтыру лагері көмек көрсетеді. Бұл мекемелердегі балалардың үлесі — 5769 бала.

Мүмкіндігі шектеулі балаларды қоғамға бейімдеу, бойына өзіне деген сенімділікті ұялату, өмірге деген құштарлығын арттыру, спортқа қызығушылығын ояту бағытында да көптеген жұмыстар атқарылып жатыр. Ерекше балалар 3 арнайы балабақшада, 4 арнайы мектепте, 110 мектепке дейінгі ұйымда, 264 мектепте және 3 колледжде білім алуда, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Ерекше балаларға қолдау көрсететін ұйымдардың желісін арттыру мақсатында биыл облыста 2 психологиялық-педагогикалық түзеу кабинеті ашылды. Аталған кабинеттерді ашудың арқасында 211 бала көмек алуда.

Қазір балабақшаларда 72 ерекше баланы қамтитын 6 арнайы топ ашу бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өңірдегі 177 балабақшада білім алуға ерекше балалар үшін арнайы мамандар қызмет етуде.

Нұргүл Лескенқызының айтуынша, инклюзивтік білім беруді дамыту мәселесін шешудің бір жолы — мектептерде ресурстық кабинеттерді ашу. 2018-2019 жылдары Ақтөбе қаласында инклюзивтік білім беруді қолдау бойынша 6 кабинет ашылған. Биылдан бастап барлық ауданда осындай кабинеттер ашылып жатыр. Облыстың 200 педагогі арнайы курстарда оқытылыпты. 303 мектепте арнайы даярланған мамандар қызмет етуде. Биыл білім алуға ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 3442 оқу-әдістемелік құралдар алынған.

Жетім балалар мемлекеттік қолдауға ие

Қазір облыста 911 жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала бар. Оның  730-ы — қорғаншылық пен қамқоршылықта,  95-і — патронаттық тәрбиеде,  86-сы интернатта тәрбиеленуде.

Ақпараттық-насихаттау жұмыстары мен кең ауқымды «Қуан, сәби», «Мейірім», «Мейірімді жүрек», «Қамқоршы күні», тағы басқа іс-шаралар  және облыстық білім басқармасының нұсқаулығымен жаңадан анықталған балаларды бірінші кезекте отбасыға орналастыру, кандидаттар туралы деректер қорын алдын ала қалыптастыру, болашақ асырап алушыларды анықтау  және балалар үйлеріне жолданатын балалар санын айтарлықтай азайту жұмыстары өз нәтижесін берді.

Соңғы 5 жылда 808 бала отбасыларда тәрбиеленіп жатыр. Нақтырақ айтқанда, 115 бала асырап алынды.  87 бала патронаттық тәрбиеге және 606 бала қамқоршылыққа берілді, — дейді облыстық басқарма басшысының орынбасары.

Облыста жыл сайын жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың саны тұрақты азайып келеді. Соңғы 5 жылда аталған санаттағы балалардың саны 431 балаға немесе 32,1 пайызға төмендепті.

Тәрбиеленушілер санының күрт азаюына байланысты былтыр еліміз бойынша ең ірі балалар үйлерінің бірі болған Алға облыстық балалар үйі, биыл Темір отбасы үлгісіндегі балалар үйі жабылды. Қазір Қобда отбасы үлгісіндегі балалар үйін тарату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр екен.

Білім және ғылым министрлігінің ұсыныстарын басшылыққа алып, девиантты мінез-құлықты, қадағалаусыз және панасыз қалған балаларды әлеуметтік бейімдеу және жан-жақты қолдау мақсатында былтыр Ақтөбеде «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығы ашылды. 2019-2020 жылдары өмірлік қиын жағдайға тап болған 489 бала орталықта әлеуметтік бейімдеуден өтті. Сонымен бірге бұл саладағы жұмыстың негізгі бағыттарының бірі — жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды тұрғын үймен қамту. Жетім балаларды жан-жақты қолдау мақсатында елімізде 2016-2020 жылдарға арналған кешенді бағдарлама жүзеге асырылуда. Бағдарлама аясында облыста 384 жетім бала баспаналы болды.

«Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен Ақтөбе қаласында ашылған  «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығында 16-29 жастағы балалар үйлерінің түлектері тұрады. Мұнда оларды өмірге бейімдеу мақсатында көптеген жұмыс атқарылуда. «Мейірім» орталығының Қазақстанның әлеуметтік мекемелері арасында теңдесі жоқ. Қазір бұл орталықта 89 балалар үйлерінің түлегі бар, — дейді Нұргүл Лескенқызы.

Бағдарламаның шарапаты

Техникалық және кәсіптік білім беру саласында халықтың әлеуметтік осал топтарын қолдауға бағытталған «Баршаға арналған тегін кәсіптік білім» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Бағдарламаға 9-11 сынып бітірген, еш жерде оқымайтын, өмір­де қиын жағдайға тап болған жастар және аз қамтылған отбасы мүшелері, сондай-ақ 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар және өзін-өзі жұмыспен қамтығандар қатыса алады. Жоба аясында жастар тегін білім алады. Сонымен қатар оларға шәкіртақы, жолақы, тамақтану бойынша мемлекеттік қолдаулар беріледі.

Балалар өміріне қол сұғылмау мәселелері де ерекше бақылауда тұр.

Балаларға қатысты зорлық-зомбылық факторларының алдын алу мақсатында infopublic.pravstat.kz сайтында педофилдердің картасы іске қосылды, онда олардың фотосуреті мен анкетасы бар, сервисті кез келген адам еркін пайдалана алады, — дейді Нұргүл Бертілеуова.

Әлеуметтік зерттеу қорытындысы

Облыстық білім басқармасының  тапсырысымен мектептерде балалардың құқықтарының қорғалуы бойынша әлеуметтік зерттеу жүргізіліпті. Сауалнама облыстың барлық ауданында және Ақтөбе қаласында ұйымдастырылған. Оған 240 мектептегі 7-18 жастағы 1500 бала мен 250 ата-ана, 250 педагог қатысқан. Зерттеу жұмысы туралы Нұргүл Лескенқызы былай дейді:

Әлеуметтік зерттеу жүргізу аясында «Балалардың құқықтық қорғалу деңгейі» индикаторын есептеу үшін негізгі көрсеткіштер айқындалды.  Балалардың 97,8 пайызы  өз құқықтары туралы хабардар екені бізді қуантты. Бірақ құқықтық білімді практикада қолдану көрсеткіші жоғары емес — 75,4 пайыз. Зерттеу барысында балалардың өмір сүру жағдайлары, мектепте ыстық тамақты ұйымдастыру, балалардың бос уақытында жұмыспен қамтылуы секілді әл-ауқаттың негізгі факторлары анықталды. Сондай-ақ осы факторлардан туындайтын салдарлар белгілі болды. Оқушылардың пікірінше, құқықтары бұзылған жағдайда олардың тең жартысынан көбі ата-аналарынан (55,5 пайыз) көмек күтеді. Полицияға жүгінетіндердің үлесі — 5,3 пайыз, мектеп әкімшілігін сенім артатындар — 1,9 пайыз. Айта кету керек,  зерттеу қорытындысы бойынша Темір, Қобда, Шалқар, аудандарындағы балалар құқықтық сауаттылық жөнінен жоғары деңгей көрсетті. Бұл зерттеу облыстағы балалардың бүгінгі таңда кездесетін проблемаларын анықтауға мүмкіндік берді.

P.S.

Өмірлік қиын жағдайға тап болған балаларға жедел консультативтік, психологиялық қолдау көрсету үшін балалар құқықтарын қорғау бойынша 55-17-92 сенім телефоны және 54-03-52, 8-702-031-25-22 Call-орталық жұмыс істейді. Көмек ақпарат, психологиялық қолдау түрінде ұсынылады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.