Басты жаңалықтарДенсаулық

Жүрек дертіне шалдыққан сәбилер, сәтті оталар

Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары  Ақтөбе медицинасы айтарлықтай алға жылжыды. Осы сала қызметкерлерінің табанды еңбегінің арқасында тұрғындарға жоғары технологиялық медициналық қызмет көрсетіле бастады. Оның ішінде ең жас сала — балалар кардиохирургиясын ерекше айтуға болады.

Облыста жылына жүз елуге жуық бала  түрлі жүрек ақауымен өмірге келеді. Оның жиырма пайызына бір жасқа дейін ота жасалады. Туғаннан кейін бірден операция үстеліне әкелетін жағдайлар жиі кездеседі. Бұндай дертке шалдыққан балаларға дер кезінде көмек көрсетілмесе, өліп кетуі мүмкін. Ақтөбе медициналық орталығы балалар стационарының кардиохирургия бөлімшесінің  мамандары осындай сәбилерге жоғары технологиялық әдіспен ота жасап,  екінші рет өмір сыйлап жүр.

Орталыққа — алты жыл

Жалпы, ел медицинасында балалар кардиохирургиясы кенже дамыған сала.  Соңғы он жылдықта ғана осы бағыттағы жұмыстарға көңіл бөліне бастады. Ақтөбе медициналық орталығы балалар стационарындағы кардиохирургия бөлімшесінің құрылғанына биыл алты жыл. Орталық еліміздің батыс аймағына қызмет көрсетеді.

Бұған дейін балалар кардиохирургиясы бөлімшесі қала сыртындағы онкологиялық аурухананың ішінде орналасты. Ол жерде тек бір жастан асқан балаларға ғана ота жасалды. Ересектерге арналған аурухана болғандықтан балалар маманы тапшы болды. Педиатр, нефролог мамандарға зәру болдық. Кейін бұл салада диагностика жақсара бастады. Жаңа туған нәрестелерге де ота жасау мүмкіндігі туды. Бөлімше осы балалар стационарының ішінен қайта ашылды. Бұндай орталық елімізде санаулы ғана. Нұр-Сұлтан және Шымкент қалаларында ғана бар, — дейді кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі, кардиохирург Әнуар Досмағанбетов.

Бұл жердегі мамандардың көмегіне  тек батыс аймақ қана емес, еліміздің барлық өңірінің тұрғындары  жүгінеді.

Аналар қуанышы

Балалар стационарының іші жарық әрі кең. Кардиохирургия бөлімшесінде балалар үшін барлық жағдай жасалған. Қатаң  санитарлық талапты сақтап, бөлімшедегі аналармен сөйлестік. Алға қаласынан келген жас ана  Алтынгүл Қазиханованың бес айлық сәбиіне ота жасалыпты. Сәби өмірге туабітті жүрек ақауымен келген. Ал анасы бұны бес айдан кейін ғана білген. Сәби ауруханаға өте ауыр жағдайда түседі.  Әнуар Досмағанбетовтың айтуынша, бұндай ақаумен келетін балалардың  95 пайызы көз жұмады. Себебі жүрек ақауының ішіндегі ең күрделісі — осы. Егер дер кезінде ота жасалмаса, өліп кетеді. Тіпті операциядан кейін де көз жұмуы мүмкін. Мәселен, жүректің оң жақ бөлігінен шығатын тамыр өкпеге жалғанады. Осылайша өкпе оттегімен қамтамасыз етіледі. Ал бұл сәбиде ауа жеткізуші тамыр жоқ. Өкпеге ауа бармағандықтан бала еркін демала алмайды, денесі көгеріп кетеді.  Алтынгүл  тұңғышы болғандықтан, алғашқы кезде сәбиінің  денсаулығында кінәрат бар екенін байқамаған.

— Балам жиі мазасызданады, жылайды. Соңғы уақытта денесі түгел көгеріп кетті. Дәрігерге қаралған кезде осы емдеу мекемесіне жолдама берді. Кардиохирургтер баламды жан-жақты тексеріп, ота жасады. Аллаға шүкір, қазір баламның жағдайы жақсы, ұйқысы тыныш. Алда әлі екі ота күтіп тұр. Ол кезеңнен де сәтті өтетінімізге сенемін, — деді Алтынгүл.

Кереуетте жатқан кішкентай  бөпе бізге қарап қояды. Осындай сәбидің денесін тіліп, ота жасау кез келгеннің қолынан келмес еді. Ал Әнуар Досмағанбетов бастаған кардиохирургтер жылына жүзден аса сәбиге ота жасап, оларға екінші рет өмір сыйлап жүр.

Жалпы, туабітті жүрек ақауына шалдыққан нәрестелерге  ота тек ашық әдіспен жасалады.

Ақтөбе қаласының тұрғыны Лена Мұхамедова осыдан бір ай бұрын егіз ұлдарды өмірге әкелді.

Перзентханадан шыққаннан кейін бір аптадан соң үйге педиатр шақырттым. Дәрігер ұлдарымды қарап, бірінің билирубині көп екенін айтып, қалалық емханаға баруға кеңес берді. Емхана дәрігері жүрегінде ақау болуы мүмкін екендігін айтты. УЗД аппаратына тексерілгенде ақау бар екені анықталды. Бірден жедел жәрдем көлігімен осы ауруханаға келдік. Қазір ұлым жансақтау бөлімінде жатыр. Бір рет кіріп, баламның жағдайын көзіммен көрдім. Шүкір, жақсы. Жүрегімдегі қорқыныш сейілді.  Әнуар Сағидоллаұлы, Достан Әлібиұлы, Нұрбек Тоқтыбайұлы секілді білікті мамандар ұлыма екінші өмір сыйлады. Шынымды айтсам, біздің қалада осындай мамандардың бар екеніне іштей риза болдым. Дәрігерлердің қарым-қатынасы өте жақсы. Медбикелер тіпті асты-үстімізге түсіп жүр. Қасында ата-анасы жоқ балаларға да ерекше қарайды. Оларға аналарының жоқтығын білдіртпеуге тырысады. Мамандардың осындай кәсібилігіне қарап сүйсіндім. Олардың жылы сөзі көңілі жабырқаулы аналарға қуат береді. Мамандарға ризашылығым шексіз. Күніне төрт мезгіл тамақ беріледі. Күн сайын бірнеше рет бөлмелер тазартылып, жуылады. Сондықтан алғыстан басқа айтарым жоқ, — дейді Лена ағынан жарылып.

Бөлімшенің ішіне шырша құрылыпты. Түрлі жылтырақ ойыншықтар ілінген. Қабырғадағы суреттер де сырттан келген адамға жылылық сыйлайды. Әнуар Сағидоллаұлы: «Балаларға арналған жер қашанда олардың көңілін көтеретіндей әдемі болуы керек, тіпті ол аурухана болса да», — дейді.

Батыс аймаққа қызмет көрсетеді

Балалар стационарының мамандары тек батыс аймақтың ғана емес, еліміздің өзге өңірлерінен келетін науқас балаларға да ота жасайды. Мәселен, он бір айда өзге облыстың 198 баласы емделген. Оның ішінде Батыс Қазақстан облысынан 31 бала болса, Маңғыстау — 36, Атырау — 64, Қызылорда — 20,  Жамбыл — 5, Қостанай — 4, Қарағанды — 5, Түркістаннан 4 және  Алматы қаласынан 25  бала осы стационарда ем алған. Оның  ішінде кардиохирургия орталығында ота жасалған балалар бар. Ал бөлімшенің жансақтау бөлімінде үш-ақ кереует бар. Бұл аздық етеді. Себебі жыл сайын туабітті жүрек ақауына шалдыққан сәбилер саны көбейіп барады. Қазір жансақтау бөлімінде бір нәресте жатыр. Отадан кейін баланың бүйрегі әлсірегендіктен гемодиализге қосылған. Ішек құрылысы да аппарат арқылы жұмыс жасап тұр. Кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі, кардиореанимотолог Нұрия Суханованың айтуынша, алғашқы күндегідей емес, қазір баланың жағдайы қалыпқа түскен.

Перзентханадан сәбилер көп келсе, жансақтау бөлімінде орын жетпей қалады. Кереует саны көбейсе дейміз. Ал өзге құрал-жабдықтар жеткілікті. Мамандардың барлығының біліктілігі жоғары, — дейді кардиореаниматолог.

Нұрия Талипқызы Елордадағы ұлттық медицина орталығының балалар кардиореанимация бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарған. Сол жерде ұзақ жыл тәжірибе жинақтап, осыдан үш жыл бұрын туған жеріне қайта оралады.

— Осы салада жүргеніме жиырма жылға жуық уақыт болыпты. Мен алғашқы еңбек жолымды бастаған кезде елордада кардиохирургия саласы енді қолға алынып жатты. «Болашақ» бағдарламасы  басталып,  жастар шетелге оқуға аттанды. Құрал-жабдықтар сатып алынды. Біртіндеп күрделі оталар  жасала бастады. Ұлттық медицина орталығы  мамандарды дамыған мемлекеттерде оқытуды жолға қойды. Мен Израильге барып білімімді жетілдірдім. Алайда сырт елге маман жіберу үлкен қаржыны талап етеді. Сондықтан басшылық білікті дәрігерлерді елімізге шақыртты, олардан  көп нәрсені үйрендік. Ал қазір білгенімді осы орталықта жүзеге асырып жатырмын, — дейді Нұрия Суханова.

Білікті маман — қоғам сұранысы

Балалар кардиохирургиясы — шығыны көп және табысты аз әкелетін сала. Сондықтан дамушы елдерде бұл бағыт кенже қалады. Ал дамыған мемлекеттерде керісінше, ең алдымен, осы салаға қаржы құйылады. Егер балалар кардиохирургиясы мықты болса, ол елдің медицинасы да мықты саналады. Сондықтан Израиль,  Германия, АҚШ секілді елдерде ең көп қаражат осы бағытқа жұмсалады, ең жоғары жалақыны да балалар кардиохирургтері алады.

Ересектер кардиохирургиясы — табысы мол және үнемі сұранысқа ие сала. Бұл бағытқа қаржы құйылып жатады. Ал балалар кардиохирургиясы мемлекеттен қолдауды қажет етеді. Біз жоғарыдан үнемі «мынадай медициналық құрал, материал керек» деп  сұраймыз да жатамыз. Себебі операция жасайтын жабдықтарға қажет материалдар уақытында ауыстырылуы керек. Оның ішінде сәбилерге қолданылатын бұйымдарға талап басқаша. Сондықтан біз сұраудан жалықпаймыз. Себебі өлім мен өмір арасында жатқан нәрестенің денесіне жан бітіп, аналардың жүзінен қуаныш лебі есіп, көз жастарының тиылғанын көргенде, бекерге жұмыс жасап жатпағанымызды түсінеміз. Жалпы, облыстық әкімдіктен, денсаулық сақтау басқармасынан қолдау болмаса, бұл саланы дамыту қиын. Ал осы бағыт жанданса, балалар арасындағы өлім-жітім саны азаяды.

Бұл жерде өз ісіне берілген, мамандығын сүйетін адамдар ғана жұмыс жасайды. Балалар кардиохирургиясына келген адам өзге салаға бара алмайды. Бұнда жасалатын оталарды хирургия, травмотологиямен салыстыруға мүлде болмайды. Бөлімшеде жеті-сегіз жылдан бері жұмыс жасайтын кардиохирургтер бар. Бірақ олар операцияны соңғы екі жылдықта ғана жасап жүр. Себебі сәбидің жүрегіне ота жасау өте нәзік дүние. Тіпті бір тәулікке созылатын оталар болады. Таңғы сағат 9.00-де операция бөлмесіне кіріп, кешке бір шыққан кезіміз болды. Балалардың барлығы өте ауыр жағдайда келеді. Кейде ота үстелінде көз жұмады. Бірақ біздің орталық еуропалық стандартқа, яғни құрал-жабдықтардың барлығы заманауи талапқа сай болғандықтан статистикалық көрсеткішіміз жақсы. Мәселен, жүз балаға ота жасайтын болсақ, оның үшеуі көз жұмуы мүмкін. Ал бұл облыс медицинасы үшін өте жоғары көрсеткіш, — дейді Әнуар Досмағанбетов.

Әнуар Сағидоллаұлының осы саладағы еңбек өтілі — 16 жыл. Австрия, Израиль, Италия, Голландия секілді дамыған елдерде оқып, білімін жетілдірген. Індет басталар алдында облыстық денсаулық сақтау басқармасының қолдауымен Израильге барып, біліктілігін арттырып қайтыпты. Бұл елде әлемнің ең үздік бес клиникасының бірі орналасқан. Әлемде бала өлімі ең аз тіркелетін де осы ел.

Жетекші клиниканың тәжірибелі кардиохирургтері өз тәжірибелерімен бөлісті. Жалпы, шетелде біліктілік арттыру үшін қыруар қаржы керек. Бірақ денсаулық сақтау басқармасы соған қарамастан бізді жіберді. Сондай қомақты қаржы жұмсауға тұрарлық білім алып қайттық, — дейді Әнуар Досмағанбетов.

Облыстың балалар кардиохирургиясына көңіл бөлінер болса, біздің орталық мамандарының бұл саланы дамытуға біліктілігі жетеді. Қазір орталықта үш кардиохирург жұмыс жасайды. Олардың барлығы өз ісінің шебері.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button