Жаңалықтар

Үздіктер марапатталды

Өңірге іссапармен келген ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова мен облыс әкімі О.Оразалин облыс орталығындағы бірнеше спорт және мәдениет нысанында болды.

Алдымен министр мен өңір басшысы «Кірпішті» тұрғын үй алабындағы шаңғы-роллер трассасының ашылуына қатысты. Қысқы спорт түрлері бойынша №4 қалалық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі директоры Тұрғанбай Аймағанбеттің айтуынша, іргелес ғимараты бар шаңғы-роллер трассасының ұзындығы 11,5 шақырым. Соның ішінде 2,5 шақырымы асфальтталған.

— Бұл — еліміздегі дәл осындай бағыттағы үшінші трасса. Бұған дейін Алматыда, Шортандыда ғана салынған. Мұнда балалар 9 жастан бастап келе алады. Бүгінгі күні 330 бала шаңғы спортының қыр-сырын үйреніп жатыр. Бірнеше чемпионымыз да бар. Мәселен, Демеужан Батыржан, Бексұлтан Ернұр деген балаларымыз бірнеше мәрте ел чемпионы атанды. Енді 4-5 жылда олардың ізінен бірнеше чемпион ереді деген үміттеміз, — деді ол.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірде спорт кешендерінің құрылысы қарқынды жүргізіліп жатқанын айтты:

— Президент алдымызға бұқаралық спортты дамыту мақсатын қойды. Осы мақсатта қарқынды өсіп келе жатқан қаламыздың тұрғындарына, біздің болашағымыз — балаларымызға арнап бірнеше спорт нысаны салынып жатыр. Шаңғы-роллер трассасы — соның бірі. Бұл жерде шаңғы-роллер трассасымен бірге, теннис, күрес сынды бірнеше спорт түрін қамтитын үлкен кешен болады, — дей келе, аймақ басшысы мектеп ұжымы мен жас спортшыларға лебізін жеткізіп, спорт саласында еліміздің атын аспандататын чемпиондар шығатынына сенім білдірді.

Ақтоты Райымқұлова шаңғы-роллер трассасының іргелес ғимаратын аралап, бапкерлермен, жас спортшылармен пікірлесіп, мұндай кешеннің біздің облыс үшін үлкен жетістік екенін айтты.

— Мұндай шаңғы-роллер трассасы кез келген спорт мектебінде жоқ. Бұл, шын мәнінде өңірдегі, сайып келгенде республикалық деңгейде бұқаралық спорттың дамуына септігін тигізеді, — деді министр.

Бұдан кейін министр мен облыс әкімі физикалық мүмкіндігі шектеулі балаларды иппотерапия әдісімен оңалтуға және емдеуге арналған ат қорасы бар жабық манежге барды. Мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған спорт клубының директоры Наталья Сокольскаяның айтуынша, қазір иппотерапия арқылы ем алып жүрген 700-ге жуық бала бар. Жалпы алғанда 3600-дей баланы қамту жоспарланған.
—  Ауданы 76х36 метр болатын ат қорасы бар жабық манеж балалардың церебралды сал ауруы, Аутизм, Даун диагнозымен ауыратын балаларды оңалту үшін салынған. Әрбір балаға сабақ жеке жүргізіледі. Балалармен «иппотерапия» курсы бойынша мамандандырудан, арнайы білімі бар нұсқаушы жұмыс істейді. Бүгінде 1 психолог, 1 дәрігер реабиотолог, 11 нұсқаушы, иппотерапия және бейімделген денешынықтыру бойынша жаттықтырушы жұмыс істеп жатыр, — деді ол.

Аймақ басшысының айтуынша, қазір иппотерапия әдісі аудандарда да қолға алынып жатыр. Бүгінде Қобда, Байғанин ауданында іске асырыла бастаған.

— Болашақта мұндай орталықтарды әрбір ауданнан ашу ойымызда бар. Аудандарда ол үшін мүмкіндік жеткілікті, — деді О.Оразалин.

Ақтоты Райымқұлова кешен жұмысымен танысып, мұндай нысандардың толыққанды жұмыс істеуі үшін мемлекет тарапынан барынша қолдау көрсетілетінін айтты. Сонымен бірге мәртебелі мейман Жекпе-жек сарайының, Мұз сарайының да жұмысымен танысты.  Ақтөбе облысының денешынықтыру және спорт басқармасының басшысы Евгений Гончаровтың айтуынша, қазіргі күні облыс бойынша денешынықтыру және спортпен шұғылданатын азаматтардың қамтылу деңгейі 32%-ға жеткен.

— Облыста 31 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі жұмыс істейді, онда балалар спорттың 44 түрі, оның ішінде 24 олимпиадалық, 5 ұлттық және 15 олимпиадалық емес спорт түрі бойынша жаттығады. 160 мыңға жуық адам спорттың олимпиадалық түрімен, 25 мыңнан астам ұлттық спорт түрімен айналысады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар арасында да спортпен айналысатындар саны артып келеді. Бүгінде мыңға жуық адам спорт секцияларына барады, — деді Е.Гончаров. Аймақ басшысының айтуынша,  алдағы уақытта облыста мүмкіндігі шектеулі адамдарға үлкен денешынықтыру-сауықтыру кешені салынбақ.

Бұдан соң мәдениет және спорт министрі қаламыздағы ірі мәдени ошақтардың жұмысымен танысты. А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжі, «Шығармашылық академиясы»,  облыстық тарихи-өлкетану музейі, Өнер орталығының жұмысымен танысып, ұжыммен пікірлесті.

Өнер орталығында өткен облыс активімен кездесу барысында Мәдениет және спорт министрі А. Райымқұлова бірнеше ақтөбелікті ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен және Құрмет грамотасымен марапаттады.

—  Күні кеше ұлтымыздың ұлық мерекесі Тәуелсіздік күнін қарсы алдық. Тарихы терең Ақтөбе өңірі қазақ елінің батыс бөлігіндегі геосаяси, стратегиялық маңызы зор, жер қойнауы бай, экономикалық әлеуеті басым өңір екенін ерекше атап өткім келеді. Біз өткен 2020 жылы алдымызға бірқатар маңызды міндеттер қойып, абыроймен орындадық.

Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру шеңберінде 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және архив ұйымдары қызметкерлерінің жалақысы республикалық деңгейде 50%-ға, өңірлерде 35%-ға дейін өсті. Жалпы, мұндай өсім республика бойынша шамамен 34 мың адамды, оның ішінде Ақтөбе облысында 1 624 адамды қамтыды. Бұл бағыттағы жұмыстар одан әрі жалғасатын  болады. Сонымен қатар әдебиет пен өнер қайраткерлерін, дарынды жастарға мемлекеттік қолдауды күшейту мақсатында Тұңғыш Президент – Елбасының мәдениет саласындағы стипендиясы 240-тан 660 айлық есептік көрскеткішке  дейін ұлғайтылды. Мәдениет және өнер саласындағы ерекше мәртебесі бар жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамы үшін лауазымдық жалақысына 1,75 коэффициенті сақталды. 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап мәдениет және спорт саласындағы мамандандырылған мектептер мен колледждер қызметкерлерінің жалақысы жыл сайын (2023 жылға дейін) 25%-ға ұлғаяды. Сонымен қатар осы салалардағы қызметкерлердің тұрғын-үй жағдайын жақсарту бойынша қарқынды жұмыстар жүзеге асырылып келеді,  — деді министр.

Сонымен бірге А.Райымқұлова  «Рухани қазына – 2020» республикалық конкурсы аясында үздік деп танылған ақтөбелік нысандарды атап өтті. Аталған конкурстың «Үздік облыстық мәдени ойын-сауық кешені» номинациясы бойынша Ақтөбе облыстық халық шығармашылығы орталығы, «Үздік мемлекеттік музей сайты» номинациясы бойынша Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі жеңімпаз болған. «Әбу Нәсір әл-Фарабидің 1150 жылдығына орай» номинациясы бойынша Сақтаған Бәйішев атындағы облыстық әмбебап-ғылыми кітапханасы үздік атанған.

Министр Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында еліміздегі мәдениет саласында жасалып жатқан жұмыстарға кеңінен тоқталды. Сонымен бірге

2020 жылы Әбу Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдық,  Абай Құнанбайұлының 175 жылдық, Алтын Орданың (Ұлық ұлыстың) 750 жылдық мерейтойлары елімізде ауқымды деңгейде өткізілгенін тілге тиек етті. Ақтөбеде де бұл бағытта бірнеше ірі шаралар өткізілгені белгілі. Мәселен, өңірде Алтын Орданың 750 жылдығы аясында демеушілердің көмегімен Ер Едігенің ескерткіші ашылып, «Ер Едігенің Алтын Орда тарихындағы рөлі» атты аймақтық конференция ұйымдастырылды. Абайдың туғанына 175 жыл толуына орай да облыста көптеген мәдени шаралар өткізілді. Мәселен, Абай даңғылы бойынан Абай ескерткіші орнатылды, облыстық тарихи-өлкетану музейінде «Жидебай-Бөрілі» Абай мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды мұражай-қорығының жылжымалы көрмесі, «Желсіз түнде жарық ай» (Art of Abai) республикалық онлайн суретшілер симпозиумы, әлеуметтік  желілер арқылы  «Абайды оқы, әлем сені танысын», «Абай мұрасы – мәңгілік мұра» атты онлайн байқаулары өткізілгені белгілі.

А.Райымқұлова ақтөбелік мәдениет саласы қызметкерлерінің осындай істерге белсене араласып отырғандарына алғыс білдіріп, үздіктерді марапаттады.

Атап айтсақ, облыстық «Алақай» қуыршақ театрының әртісі Ербол Ермағамбетов Мәдениет және спорт министрлігінің «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен, мәдениет саласының 8 қызметкері Құрмет грамотасымен марапатталды. Сонымен бірге тіл жанашырлары мен спорт саласында еңбек етіп жүрген тоғыз адам аталған министрліктің Құрмет грамотасымен марапатталды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button