Жаңалықтар

Нақты істер атқарылады

Біз Nur Otan партиясы Шалқар  аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары, партияның сайлауалды штабының басшысы Жарылғасын Шамбалаевпен сұхбаттасып, атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтып беруді сұраған едік.

— Сайлауалды үгіт-насихат жұмысы толыққанды жүргізілуде. Штабтың құрамында 13 адам бар. Қоғамдық қабылдау бөлімі, қаржы секторы және материалдық-техникалық қамтамасыз ету бөлімі, ұйымдастыру бөлімі, қоғамдық саяси жұмыс бөлімі өз қызметтерін атқаруда, — деді Жарылғасын Талмырзаұлы. — Сайлау науқаны кезінде 232 шара өткізу жоспарланса, ол өз кезегімен онлайнмен де, офлайнмен де жүзеге асып жатыр.

Аудан бойынша сенімді өкілдер саны 114 адам болса, бақылаушылар саны — 76 адам. Ал үгіт-насихат материалдарын тарататын еріктілер саны 76 адам болып отыр.

Nur Otan партиясы Шалқар ауданының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімге Шалқар аумақтық сайлау комиссиясына тіркелген 26 үміткер жеке жұмыс жоспарлары бойынша тұрғындармен кездесіп, сайлауалды бағдарламаларын насихаттауда.

Nur Otan партиясы экономиканы дамытудың тұрақтылығын қамтамасыз ету, жұмыспен қамтуды сақтау және жаңа жұмыс орындарын құру үшін көптеген жұмыстар атқаруда.

Бүгінде аудан халқының 39 пайызы ауылдық жерлерде тұрады. Ауданда инвестицияларды тиімді салу, өндірісті заманауи жабдықтармен жарақтандыру, жаңа технологияларды енгізу есебінен жоғары технологиялық агроөнеркәсіптік кешенді құру бойынша жұмыс жалғасады. Бес инвестициялық жоба жүзеге асырылады.  2022 жылы 140 жаңа жұмыс орнымен 20 мың басқа арналған ұсақ малды бордақылау және өсіру бойынша шаруашылық ашу; 2024 жылы Шалқар қаласында сыйымдылығы 1,5 мың тоннаны құрайтын көкөніс сақтау қоймасының құрылысын салу, «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында жыл сайын ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін және өңдейтін кемінде 10 жобаны жүзеге асыру көзделуде. Төрт түлік малды түгелдей көбейту бағыты ұсталынуда.

Азаматтарымыздың өмір сүру сапасын жан-жақты арттыру, әркімнің таза суға, таза ауаға және сапалы инфрақұрылымға қол жеткізуі маңызды. Жол және көлік инфрақұрылымын, тұрғын үй-коммуналдық саласын жаңғыртуға, сондай-ақ қолайлы экологиялық жағдайды сақтауға бағытталған «Құтты мекен», «Ауыл — ел бесігі» жобалары іске асыруға жәрдемдесу — басты парыз.

Отбасы институтын нығайту, олардың материалдық тұрақтылығын қамтамасыз ету, тұрғын үй алу үшін мүмкіндіктер жасау жөнінде кешенді шаралар алынуы қажет. Бүгінгі күні ауданда тұрғын үй алу кезегінде 503 адам тұр. Тұрғын үй жағдайын жақсарту бағытында 98 адамды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшін жалпы ауданы 600 шаршы метр болатын көппәтерлі жалдамалы коммуналдық тұрғын үй құрылысын салу, халықтың әлеуметтік осал топтарына жыл сайын кемінде 20 пәтер беру жоспарымыз бар.

Шалқар қаласынан кемінде 2 көп қабатты тұрғын үйді жаңғырту жұмыстарын жүргізуді; Шалқар қаласынан 2 балалар алаңын салуды; халықты көл суымен қамтамасыз ету мақсатында Шалқар көлінің табанын тазарту үшін суару объектілерін орнатуды, тиісті су тазарту құрылғыларына күрделі жөндеу жүргізуді; 2025 жылға қарай ірі ауылдарда қоқысты бөлек жинау үшін кемінде 50 контейнер орнатуды Nur Otan партиясы өз қамқорлығына алмақшы.

Бұл жұмыстар атқарылса, нәтижесінде ауданның 900-ге жуық тұрғыны тұрғын үймен қамтамасыз етіледі, абаттандыру шараларымен 2 мыңға жуық адам қамтылады.

Тұрғындар үшін барлық ауылдарда сапалы жолдар мен жақсы инфрақұрылымы болуы тиіс. Бүгінгі күні аудандық маңызы бар жолдардың ұзындығы 125,8 км құрайды, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайда 99,4 км немесе 79%. Ауылішілік және қалаішілік жолдардың ұзындығы 101 км құрайды, оның ішінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайда 26,7 км немесе 36,4%.

Автожолдардың сапасын кезең-кезеңімен жақсарту үшін алдағы 5 жылға жұмыстар жүргізу жоспарланады.

Аталған шаралар жүзеге асуы нәтижесінде 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңыздағы жолдардың үлесін 55,1%-дан 61%-ға дейін көтеруге мүмкіндік береді.

Өңірде 32 ауылдық елді мекеннің  25-і немесе 78,1%-ы жылдамдатылған интернет желісіне қосылуға мүмкіндігі бар. Пандемия кезеңі және қызметтің әдеттегі салаларының онлайн форматқа жаппай көшуі цифрландыру саласындағы әлсіз жерлерді көрсетті және бірінші кезекте, олар ауылдарда интернеттің болмауына байланысты болып отыр.

Алдағы кезеңде Nur Otan партиясы негізгі басымдықтардың бірі ретінде барлық елді мекендерді интернет желісіне кең ауқымда қосу міндетін қойып отыр. Ол үшін алдағы бес жылда 7 елді мекеннің шамамен 6,0 мың тұрғынын кең жолақты интернет желісімен қамтамасыз ету (Бозой, Алабас, Қаратоғай, Жылтыр, Бегімбет, Талдықұм, Тұмалыкөл, Қопасор); байланыс операторларымен және жергілікті кәсіпкерлермен бірлесіп, 250 адамнан аз тұрғыны бар ауылдарда 3G мұнараларын орнату мәселесін қарастыру; жыл сайын тұрғындарды компьютерлік және цифрлық сауаттылыққа оқыту жоспарлануда.

Бұл жұмыстар атқарылса, нәтижесінде қабылданған шаралармен 25,0 мыңнан астам тұрғындар қамтылатын болады.

Қыдырәлі ӘЛИН.

(Қаржы Nur Otan партиясы Шалқар аудандық филиалының сайлау қорынан төленді).   

Басқа жаңалықтар

Back to top button