Жаңалықтар

 «Бизнестің жол картасы-2025»: 100 жобаны жүзеге асырады

Ақтөбе қалалық мәслихат депутаттығына үміткер Абай Сақтағанов, Жанна Омарова, Әлібек Дүйсенов, Азамат Базар, Гүлмайрам Габдушева, Гүлмира Тәңірбергенова, Мирлан Сатыбалдин «Көктас-Ақтөбе» ЖШС еңбек ұжымымен кездесті. Zoom платформасында өткен жиында Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасын насихаттап, партияның барлық саланы қамтамасыз ететінін айтып өтті.

«Бізді ортақ мақсат біріктіреді» деген Мирлан Сатыбалдин қалалық сайлауалды бағдарламаның негізгі жеті басмыдылығымен таныстырды.

— Ақтөбе қаласын дамыту үшін 7 басым бағыттарын Nur Otan партиясы

өзінің сайлауалды бағдарламасына енгізді. Осы басымдылықтар арқылы көптеген жетістіктерге қол жеткіземіз. Жол дұрысталады. Автобус мәселесі шешіледі. Үйлер салынады. Жастар жұмысқа орналасады. Жұмыс орындары құрылады. Кәсіп бастауға мүмкіндік сыйлайды. Міне, осылардың басты мақсаты — халықтың өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын үнемі жақсарту үшін жағдай жасау болып табылады. Осы ретте жеті басымдылықта көрсетілген кәсіпкерлік саласын ерекше атап өткім келеді. Шағын және орта бизнес өңір экономикасы өсуінің негізгі резервтерінің біріне айналуға тиіс. Қалада кәсіпкерлік көрсеткіштерінің оң динамикасы байқалады. Дегенмен, барлығымызға мәлім, COVID-19-дың таралуы бизнестің экономикалық белсенділігіне айтарлықтай әсер етті. Кәсіпкерлерге шығын әкелгені рас. Енді біздің бағдарламада көрсетілгендей, бұл секторды қысқа мерзімде жандандыруымыз керек, — деді ол.

Сонымен қатар партия неғұрлым зардап шеккен бизнес субъектілерінің қызметін қалпына келтіру үшін ғана емес, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП-мен мемлекеттік қолдау мен ынтымақтастықтың қолданыстағы құралдарын белсенді пайдалану арқылы жаңаларын құру үшін де жағдай жасайтын болады.

Кездесу барысында Nur Otan партиясы шағын және орта бизнесті дамытуға үлесін қосатыны туралы қалалық мәслихат депутаттығына үміткер  Әлібек Дүйсенов айтты.

— Қаламызда кәсіп бастайтын жандар көп. Сондықтан болар, осы

кәсіпкерлік саласы сұранысқа ие болып тұр. Жастар да осы туралы көп сұрайды. Бағдарлама аясында «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы шеңберінде несие беру тетіктерін пайдалана отырып, жылына кемінде 100 жобаға қолдау танытатын болады. Оның ішінде субсидиялау — 40 жоба, кепілдік беру-кредиттер бойынша  60 жоба тұр. 2025 жылға дейін экономиканың басым секторларында жаңа бизнес идеяларды іске асыруға жылына кемінде 25 грант бөлінетін болады. Сонымен қатар «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы бойынша жаңа бизнес идеяларды іске асыруға кемінде 300 грант бөлінеді және 150 қатысушыға микрокредит береді. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жыл сайын 10 кәсіпкерден кем емес жеңілдетілген несие береді, — деді ол.

Айта кетейік, кәсіпкерлер үшін жыл сайын кәсіп ашу және бизнес жүргізу бойынша оқу курстары, семинарлар мен тренингтер ұйымдастырылатын болады. Нәтижесінде 2025 жылға қарай 20 мыңнан астам жұмыс орны құрылады. Кездесу соңында кандидаттар «Ақтөбе-Көктас» ЖШС ұжымының жұмыстарына сәттілік тілеп, оларды сайлауға шақырды.

(Nur Otan партиясы Ақтөбе облысы Ақтөбе  қаласының Сайлау қорының қаражатынан төленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button