Жаңалықтар

700 жұмыс орны ашылып, арендалық пәтерлер салынады

Жуырда өтетін ең үлкен саяси оқиға — Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі және мәслихат депутаттарының сайлауына байланысты үгіт-насихат жұмыстары барлық деңгейде жүзеге асуда. Кеңінен өріс алып, қызу жүріп жатқан саяси науқанға Nur Otan партиясының да дайындығы басым.

Қобда аудандық мәслихаты депутаттығына үміткер Жанболат Ерғалиев Терісаққан ауылына барып ұстаздар қауымымен кездесті. Ол өз сөзінде қазіргі мұғалімдердің елдегі барлық саяси үдерістердің алдыңғы шебінен табылатынын айтып жеткізді. Партияның сайлауалды бағдарламасында мұғалімдердің әлеуметтік жағдайын көтеру мәселесі де кеңінен қамтылғанын айтты. Өз сөзінде Жанболат Ерғалиев: «Біздің міндетіміз — мұғалім кәсібінің беделін одан әрі көтеріп, ұстазға деген құрметті күшейту. Енді педагогтер жалақысы 2 есе өсетін болады. 2021 жылы Терісаққан ауылында 60 орындық білім беру нысаны салынса, апатты және үш ауысымды мектеп мәселесі шешіледі. Барлық ауылдық мектептер жылдамдығы жоғары интернетпен қамтылады. Елбасының Мемлекеттік бағдарының сабақтастығын сақтай отырып, Nur Otan қоғамда, әсіресе, жастар арасында өзара құрмет пен барша азаматтың теңдігі құндылығын дәріптеуді жалғастырады. Біздің бағдарламамызда жастарды жұмыспен қамтуға және олардың өз қабілеттерін жүзеге асыруы үшін жағдай жасауға ерекше мән берілген», — деді.

Ол сондай-ақ сұранысқа ие мамандықтар бойынша жоғары білім алуға арналған гранттар санын 50 пайызға ұлғайту жоспарланғанын айтты. Жастар ұйымдарының жобаларын және волонтерлік қозғалысты дамытуды гранттық қаржыландыру 1,5 есе ұлғайтылады. Партияның сайлауалды бағдарламасы аясында студенттердің шәкіртақысын 2 есеге, магистранттар мен докторанттардың стипендиясын — 1,5 есеге көтеру, колледждер мен университеттер жатақханаларында кемінде 50 мың жаңа орын енгізу көзделуде. Назарбаев Университетінің үлгісімен 2 өңірлік озық жоғары оқу орны ашылады. Тиімсіз білім ордалары кезең-кезеңмен жабылады. Сонымен қатар сұранысқа ие мамандықтар бойынша тегін білім алу үшін 180 колледждің материалдық-техникалық базасын жаңарту шаралары қабылданады.

Ұстаздар өз кезегінде ұсыныс-пікірлерін айтып, сауалдарына жауап алды. Жуырда өтетін кезекті сайлауда  Nur Otan-ды қолдап дауыс беретіндерін жеткізді.

Бұдан кейінгі кездесу Қобда ауылында өтті. «Есіктен есікке» акциясы барысында ауыл тұрғыны Нұрлыбек Кереймағамбетовтың үйіне барып, партияның сайлауалды бағдарламасын таныстырды. Ауыл тұрғыны Нұрлыбек Құтжанұлы үй мәселесі бойынша сұрақ қойды.

— Қобда ауданы бойынша партияның сайлауалды бағдарламасында тұрғын үй мәселесі қамтылған. Жыл сайын Қобда ауылында ауданы 1000 шаршы метрді құрайтын 16 арендалық пәтер салынады, — деп жауап берді Жанболат Ерғалиев.

А.САТЫБАЛДЫ.

(Nur Otan партиясының Қобда аудандық Сайлау қоры қаражатынан төленді). 

Басқа жаңалықтар

Back to top button