Экономика

Мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қандай?

Біздің облыста ауыз судың сапасы жақсарып келеді. Газдандыру да жаман емес: халықтың 60 пайызы қамтылған. Мемлекеттік бағдарлама аясында екі жылда 1002,0 мың шаршы метр пәтер салынып, пайдалануға берілуі керек-тін. Жоспар артық орындалды. Шағын қалалардың да жоғы түгенделіп, шаруасы дөңгеленіп келеді. Бұл жөнінде облыстық мәслихаттың өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының кезекті отырысында айтылды.

Ауыз су. Газ. Тұрғын үй

2002-2009 жылдарға арналған «Ауыз су» бағдарламасы бойынша 71 елді мекенде  (130 мың адам)  ауыз су проблемасы шешілді. Облыстық энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармасының бастығы Баянет Шарапиевтің айтуынша, дәл  қазір облыстағы 6 ауылда ауыз су мүлде жоқ. Олар суды жақын маңдағы елді мекендерден тасып ішеді.

Халықты ауыз сумен қамту мәселесінде біз, ең алдымен, тұрғындардың санын ескереміз. Яғни, бірінші кезекте халық саны көбірек ауылдардың (500-ден астам) су құбырларын жөндеп, сумен жабдықтау нысандарын қалпына келтіреміз.  Ал ауыз су мүлде жоқ 6 ауылда адам саны аз, — дейді Баянет Күшікбайұлы. Ол жобаны дайындау үшін қаржының көп бөлінуі керектігін айтады. Бұл — бір. Екіншіден,  су көзін табу қажет. Және су көзі 25 жылға дейін сарқылмайтындығы дәлелденуі тиіс.

Биыл бағдарлама бойынша облыстағы 24 сумен жабдықтау  нысандарын қалпына келтіру үшін 2,5 млрд. теңге бөлініпті. Оның 21-і республикалық, қалғаны жергілікті бюджеттен қаржыландырылған. Нәтижесінде, 265,5 шақырым су құбыры желілері жөнделіп, 51,5 мыңнан астам тұрғыны бар елді мекендер сапалы ауыз сумен қамтылды. Бұдан бөлек, биыл 11 жобаны (жалпы құны — 1,2 млрд. теңге) жүзеге асыру жоспарланған. Оның 8-і республикалық бюджеттен қаржыландырылыпты. Олардың арасында Алға (Тамды, Богословка, Бестамақ) мен Қарғалы (Мамыт, Ш.Қалдаяқов, Петропавловка) аудандарындағы 6 елді мекен  бар. Және Ембі қаласы мен Мәртөк ауданындағы Хлебодаровка ауылының да  су құбырларын жөндеу биыл аяқталуы тиіс. Сонымен қатар, 1,3 миллиард теңгеге бағаланған 13 нысанды 2011-2012 жылдары жөндеу жоспарланып отыр.

Баянет Шарапиевтің айтуынша, бағдарлама аясында жүзеге асырылмаған жобалар 2011-2020 жылдарға арналған республикалық «Ақбұлақ» және облыстың  2011-2015 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасында қолға алынады.

Біздің  облыс республика бойынша газ қоры жөнінен төртінші орында. Облыс аумағында «Бұхара-Орал» және «Жаңажол-Ақтөбе» газ желілері өтеді. Осы желілер арқылы облыс халқының 60 пайызы газбен қамтылған.

2006-2010 жылдары елді мекендерді газдандыруға арналған өңірлік бағдарлама бойынша біраз жұмыстар атқарылды. Мысалы, Жарқамыс (Байғанин ауданы), Мәртөк ауылдары газбен қамтылды. 2007 жылы облыстық әкімшілік пен Энергетика және минералды ресурстар министрлігі 2008-2011 жылдары Алға ауданының Тамды, Павловка, Қайнар ауылдарына және Байғанин, Қобда аудандарына газ жүргізу туралы бірлескен шешім қабылдады.

Былтыр республикалық бюджеттен Байғанин ауданының орталығы Қарауылкелдіге, Қобда ауылына, Алға ауданындағы Тамды, Қайнар, Павловка ауылдарын газбен қамту жұмыстарын  жалғастыру үшін 210 млн. теңге бөлінген.

Жиында 2008-2010 жылдарға арналған мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасының орындалу  барысы да тыңдалды. Бағдарлама бойынша облыста 1002,0 мың  шаршы метр пәтер салынып, пайдалануға беру жоспарланған болатын. Жоспар артық орындалды: 1058,2 мың шаршы метр тұрғын үй салынды.

Алға, Ырғыз, Темір, Хромтау аудандарында жалпы алаңы 1,532 мың шаршы метр жалдамалы үйлер тапсырылды.  Биыл Ақтөбе қаласындағы «Болашақ» шағын ауданында мүгедектерге арналған 40 пәтерлі және 72  пәтерлі коммуналдық үйдің құрылысы басталды. Нысан келесі жылы пайдалануға  беріледі.

2008-2009 жылдары  тұрғын үйлер салынатын аудандардың инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымын дамыту үшін республикалық бюджеттен 3172 млн. теңге бөлінген. Есепті кезеңде 228,9 шақырым —  электр қуатымен,  13,6 — шақырым жылумен, 6,98 — шақырым сумен,  3,8 — шақырым кәріз жүйесімен  жабдықталды.

Инженерлік-коммуникациялық желілер тартылған аймақтардың аздығына байланысты адамдардың бәріне бірдей  тұрғын үй салуға қажетті  жер телімдерін беруге мүмкіндік жоқ. Облыс бойынша 2005 жылдан бері жел телімдерін алуға 77 769 арыз түсті.  Соның 13 625-і (17, 5 пайыз)  қанағаттандырылды, — дейді облыстық құрылыс басқармасының бастығы Қанат Нұршин.

Шағын қалалар

Комиссия отырысында қаралған мәселенің бірі — облыстағы шағын қалалардың әлеуметтік-экономикалық дамуының 2003-2010 жылдарға арналған аймақтық бағдарламасы. Бағдарлама аясында Шалқар қаласында 38 жобаны жүзеге асыру жоспарланыпты. Оның 27-сі (жалпы құны — 2789,0 млн. теңге) орындалған. Нәтижесінде, «Алай», «Көктас», «Жаңа дәуір» минералды су құю цехтары іске қосылды.  «Нұрбақыт», «Нұрай» нан өнімдерін шығаратын цехтардың ашылуының арқасында нан бағасы тұрақтаныпты. 2006 жылы тоқтап тұрған темір-бетон зауыты қайтадан пайдалануға беріліп, 106 адам жұмыспен қамтылған. Аудан әкімі Рахат Сыдықовтың айтуынша,  2003-2009 жылдары Шалқар қаласында 1417 тұрақты жұмыс орны ашылған.  Инженерлік коммуникациялық желілерді жөндеудің нәтижесінде, жылумен қамту мәселесі шешілді. Және қала тұрғындары сапалы ауыз суды үнемі пайдаланатын болды.

Бағдарлама аясында атқарылған жұмыстардың арқасында қаланың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, халықтың өмір сүру сапасы жақсарды. Халықтың облыс орталығына, басқа өңірлерге көшуі тоқтады. Соңғы жеті жылда тұрғындардың жеке қаржысының есебінен 34 299 шаршы метр тұрғын үй салынды, — дейді Рахат Сыдықов.

Алға қаласында да жағдай тұрақты. Бағдарлама аясында 57 жобаны жүзеге асыру жоспарланған болатын. Нәтижесінде, жақсы көрсеткішке қол жеткізілді. Мысалы, өндіріс көлемі 2005 жылмен салыстырғанда 2010 жылы 2,9 есеге өсті. Инженерлік коммуникацияны қайта жарақтандырудың арқасында мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындардың жағдайы түзелді. Қала сапалы ауыз сумен қамтылды. Әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жөнделді. Соған байланысты 7 жылда қала халқының саны 5573-ке өсті.

Қала гүлденіп, абаттанып келеді. Биыл Уәлиханов көшесінде 30 млн. теңгеге шағын бақ салынды. 19 млн. теңгеге қаланың бас жоспары жасалды. Бұл да бағдарламаның жемісі. «Жол картасы» бағдарламасы аясында да шағын қаланың  шаруасы жақсарды. Мысалы, кәріз жүйесі мен биотазалау ғимараты қалпына келтіріліп, жылу беру нысандарына күрделі жөндеу жүргізілді. Соттың әкімшілік ғимараты пайдалануға берілді. Қазір прокуратура салынып жатыр. Тізбелей берсек, бағдарлама аясында аяқталған, қолға алынған іс көп. Мұның бәрі халықтың тұрмысын түзеп, әл-ауқатын жақсарту мақсатында жасап жатқан билік өкілдерінің тынымсыз тірлігі. Дегенмен, шағын қаланың жағдайын жақсарта түсу үшіне әлі де тындыратын шаруа жетерлік. Бұл жөнінде аудан әкімі Қабай Сәрсенғалиев былай дейді:

Торапты су желісінің 2-інші линиясы мен көп қабатты тұрғын үйлердің автономды жылу жүйесін қалпына келтіру керек. Көшелерді жарықтандыру мен қаланың ішкі жолдарына күрделі  жөндеу жүргізу де бүгін істелуі тиіс шаруа. Қала тұрғындарының өсіп келе жатқанын ескерсек, 600 орындық мектеп пен 120 орындық балабақша салу керек. Және 320 орындық балабақшаға, емдеу-сауықтыру кешеніне, тұрғын үйлердің құрылысы мен күрделі жөндеуіне, демалыс саябағын қалпына келтіруге қосымша қаржы қажет.

Мұғалжар ауданында үш шағын қала бар: Қандыағаш, Ембі, Жем. Комиссия отырысында аталған қалаларда атқарылған істер туралы аудан әкімінің орынбасары Аққұл Нұржанның да баяндамасы тыңдалды.

Жыл басында Қандыағаш қаласының экономикалық-әлеуметтік дамуы үшін  9 жоба жасалған еді. Оның 7-еуі  жүзеге асты. Яғни орталық жылу қазандығына күрделі жөндеу жүргізіліп, жылу жүйелері толығымен алмасты. Орталық стадионға күрделі жөндеу жасалды. Коммуналдық тұрғын үйлердің құрылысы да аяқталды. Қаламызды абаттандыру мақсатында да біраз шаруа тындырылды, ─ дейді аудан әкімінің орынбасары. Оның айтуынша, Қандыағаштың бас жоспарын жасау мен қала ішіндегі жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталмаған. Қала халқының өсуіне байланысты мұнда 320 орындық балабақша мен 1500 орындық мектеп салу қажет екен. Мәдениет орталығын салу да кезек күттірмейтін мәселе.

Аталған әлеуметтік нысандар үшін  облыстық және республикалық бюджеттерден қаржы аударылса жақсы болар еді, — дейді Аққұл Нұржан.

11 406 тұрғыны бар Ембі қаласынының да жағдайы жыл өткен сайын жақсарып келеді. Биылдың өзінде қалада біраз шаруа жасалған. Мысалы, республикалық бюджеттен қаланың су жүйесіне күрделі жөндеу жүргізілді. Қала әкімшілігі жаңадан бой көтерді. «Жол картасы» бағдарламасы аясында спорт мектебіне күрделі жөндеу жасалды. Бұрынғы №4 негізгі мектепке күрделі жөндеу жүргізіліп, балабақша ретінде пайдалануға берілді. Ал поштаның ескі ғимараты толықтай жөнделіп,  онда №4 негізгі мектептің ұжымы көшірілді.

Аудан әкімі орынбасарының айтуынша, Жем қаласында шағын кәсіпкерліктің дамуы төмен. Жұмыссыздар көп. Сонымен қатар жылу, ауыз су мәселелері де жемдіктердің — «бас ауруы». Дегенмен, билік өкілдері халықтың тұрақтануы үшін қолдан келгенше жұмыс жасап жатыр. «Жаңажол-КС – 13» газ  құбырының құрылысы аяқталды. «Ембі-Жаңажол» теміржолы ел игілігі үшін пайдалануға берілді. Жем қаласындағы балабақша бүлдіршіндердің базарлы мекеніне айналды.

Сонымен, біздің облыста мемлекеттік бағдарламалардың орындалу қарқыны жоғары. Міндеттелген тапсырмалардың өз деңгейінде жүзеге асуына облыстық мәслихаттың өңірлік және салалық даму жөніндегі тұрақты комиссиясының да ықпалы зор.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button