Жаңалықтар

2025 жылға дейін облыста 104 ауыл газбен қамтылады

Облыстық мәслихат депутаттығына үміткер Сұлупан Шынтасова мен Тақталифум Есенғұлов «Автопарк» ЖШС қызметкерлерімен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасын түсіндірді.

Кездесу барысында Сұлупан Шынтасова биылғы пандемия кезінде партия тарапынан көрсетілген қолдаулар туралы айтып, Nur Otan партиясы қиын кезеңдерде халыққа әрдайым көмек көрсететінін жеткізді.

Биыл төтенше жағдайға байланысты өңірде карантиндік шаралардың енгізілуіне байланысты бірқатар азаматтарға әлеуметтік көмек көрсетілді. Атап айтсақ, олардың қатарында мәжбүрлі демалыстағы қызметкерлер, аз қамтылған отбасылар бар. Партия тарапынан «Biz birgemiz» акциясы аясында 50 мыңнан астам отбасына азық-түлік себеттері жеткізіліп, 50 000 теңгеден 50 мың адамға көмек берілді. Бұдан бөлек 30-дан астам жаңа бизнес-жоба құру үшін кәсіпкерлерге гранттар бөлініп, жұмыспен қамтудың жол картасы аясындағы жобаларға 46,3 миллиард теңге қаржы қарастырылды. Бұл алдағы уақытта 12 мыңға жуық жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, — деген Сұлупан Шынтасова партияның сайлауалды бағдарламасындағы негізгі бағыттарға жеке-жеке тоқталды.

Өз сөзінде үміткер қоғамдық көлік мәселесіне де тоқталып өтті. Оның айтуынша, алдағы бес жылда облыста қоғамдық көлік қозғалысын дамыту үшін партия тарапынан бірқатар жобалар мен бастамалар жүзеге асырылмақ. Сондай-ақ автожолдардың сапасын кезең-кезеңмен жақсарту үшін арнайы жоспар құрылмақ. Осылардың нәтижесінде 2025 жылға қарай облыста сапалы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 56%-дан 85%-ға дейін артады.

Тақталифум Есенғұловтың айтуынша, алдағы бес жылда Nur Otan партиясы облыс халқын сапалы ауызсумен және көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесін толығымен шешеді. Сондай-ақ 200-ден астам тұрғыны бар ауылдарда орталықтандырылған су құбырлары салынып, қалғандарына кешенді су тазарту модульдері орнатылады.

2021-2023 жылдары өңірдегі 64 ауылда сумен жабдықтау нысандары салынады және қайта жаңарту жұмыстары жүргізіледі. Атап айтсақ, Әйтеке би ауданында — 10, Алға ауданында – 6, Байғанин ауданында – 9, Қарғалы ауданында – 1, Мұғалжар ауданында – 10, Темір ауданында – 7, Ойыл ауданында – 5, Қобда ауданында – 4, Мәртөк ауданында -1, Хромтау ауданында – 3, Ырғыз ауданында – 6, Шалқар ауданында 2 елді мекенге ауызсу құбыры жүргізіледі. Ал 2025 жылға дейін 104 ауыл газбен жабдықталады. Осылайша алдағы бес жылда партияның бастамасымен облыстың 880 мың тұрғыны сапалы ауызсуға қол жеткізеді, бұл ретте тұрғындарды ауызсумен қамтамасыз ету көрсеткіші 100 пайызды құрайды. Сондай-ақ газбен облыстың 800 мың тұрғыны немесе ауылдардың 68,9 пайызы қамтамасыз етіледі, — деді кандидат.

Кездесуде кандидаттар «Автопарк» ЖШС қызметкерлерін алдағы сайлауда Nur Otan партиясына дауыс беруге шақырды.

Басқосу соңында серіктестік қызметкерлері өздерінің ұсыныс-пікірлерін айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі.

Данагүл ҚАЗИХАН,

(Қаржы Nur Otan партиясы Ақтөбе облыстық сайлау қорынан төленді).

Басқа жаңалықтар

Back to top button