Жаңалықтар

Жастар жайы назардан тыс қалмайды

Nur Otan партиясы Шалқар аудандық филиалында сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Партиялық тізімге енген 26 үміткер жұмыс жоспарлары бойынша қаланы, елді мекендерді аралап, сайлауалды бағдарламаларын тұрғындар арасында түсіндіруде.  Олардың толғандырып жүрген мәселелеріне құлақ түріп, шешілу жолдарын қарастыруда.

Nur Otan партиясы атынан Шалқар ауданы мәслихатының депутаттарын сайлау бойынша партиялық тізімге енген екі үміткер Сқақ Бигеев пен Ерлан Малаев С.Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ұжымымен кездесіп, партияның сайлауалды бағдарламасымен таныстырды. С.Бигеев Nur Otan партиясының сайлауалды бағдарламасындағы дамудың жеті басым бағытын атап өтті. Ал Е.Малаев жастар мәселесіне тоқталып, назардан тыс қалмайтынын жеткізді.

— Бүгінде Шалқар ауданында 12 мыңға жуық жас бар. Nur Otan партиясы және «Jas Otan» жастар қанаты жастарды жан-жақты қолдауды күшейтеді. 2025 жылға қарай мемлекеттік органдармен бірлесіп, ауыл жастарын жұмыспен қамту, жастарды ауылдық елді мекендерге тарту және тұрақтандыру, олардың шығармашылық әлеуетін, дамуын жүзеге асыруға жағдай жасау жұмыстары жүргізіледі. Алдағы бес жылда жаңа жұмыс орындарына 100 жасты орналастыру көзделді. Бұл жастар арасында жұмыссыздық деңгейін 2,5 пайыздан 2,3 пайызға дейін төмендетуге мүмкіндік бермек. Сондай-ақ көпсалалы колледж базасында жаңа заманауи қажеттілігі бар мамандықтар ашу, «Жасыл ел» еңбек жасағын ұйымдастыру арқылы жазғы кезеңге жыл сайын кемінде 200-ге жуық адамды жұмысқа орналастыру, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылдық елді мекендерге жұмысқа келген жас мамандардың сұраныстарына сәйкес жыл сайын кемінде екі маманды бюджеттік несиемен, 15 маманды көтерме жәрдемақымен қамтамасыз ету мәселелері қолға алынбақ. «Бастау-Бизнес» жобасы арқылы оқып, сертификат алған мамандарға жыл сайын кемінде 30-ға жуық грант бөлініп, сонымен қатар барлық ауылдық округтерде еріктілер клубтарын құру арқылы еріктілер қозғалысының дамуына ықпал етіледі, — деді Е.Малаев.

Сонымен бірге үміткерлер қазіргі жағдайды ескере отырып, жалпы білім беру жүйесінің басым бөлігі онлайн форматқа көшірілетінін айтты. 2025 жылға дейін ҰБТ-дан 100-ден жоғары балл жинаған түлектердің санын 10 пайызға дейін көбейтуге ықпал етілмек.

Кездесу соңында кітапханашылар атынан сөз сөйлеген аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақыткүл Жақсыбаева жалпы Nur Otan партиясының бағытын, бағдарламасын қолдайтындарын жеткізді. Себебі, халықтың әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін партия тарапынан жасалып жатқан көмектерді көріп-біліп жүргендерін айтты.

Қ.ӘЛИН.

(Қаржы Nur Otan партиясы Шалқар аудандық

филиалының сайлау қорынан төленеді).   

Басқа жаңалықтар

Back to top button