Мәдениет

Өнегелі Өтекең еді…

Жылдар өтіп жатыр. Ұлы Жеңістің 65 жылдығына дайындалғанымыз кеше ғана сияқты еді, бүгінгі күні бұл мереке де тарих қойнауына еніп барады. Бірақ Ұлы Отан соғысындағы ағаларымыз бен аталарымыздың ерлік істері мәңгі есте сақталады.

Сұрапыл жылдары қан майданның ортасында болған, бергі бейбіт кезеңде адал еңбектің көрігін қыздырған жандардың бірі Өтепберген Сағынтаев еді.

Мен Өтепберген Сағынтайұлымен ұзақ жылдар бірге еңбек еттім. Өндірісте де, қоғамдық өмірде де өте белсенді, тайсалмай ашық айтатын, нағыз жауынгер адам еді. Бір қарағанда қатал адам секілді көрінетін. Сұм соғыстың қатал заңы мен тәртібінде шыңдалған Өтекең жұрттан да адалдықты талап етті. Осынысымен де кейбір басшыларға, адамдарға жақпай қалатын.

Соғыс туралы әңгіме қозғамауға тырысатын. Сірә, тән жарасын айтпағанда, жан жарасы жүрегін сыздатса керек. Көз алдына кәдімгі әскери-хроникалық кадрлар елестейтін.

Он тоғыз жасында взвод командирінің көмекшісі болған ол Мәскеу түбінде Ржев-Калинин бағытындағы майданда 101-атқыштар бригадасының құрамында соғыста болды. Командирі М.Садықов еді.

Ауыр ұрыстар жүріп жатты. Қарашаның қара суығы өңменіңнен өтеді. Ржев түбіндегі Зайцево селосында солдаттар оқ пен оттың ортасында қалды. Жаралылар өте көп болды. Санитарлар мен медбикелер үлгере алмай жатты. Кіші лейтенант Сағынтаев бөлімше командирі Таушановтың (Жұрын ауданынан) ауыр жарақат алғанын байқап қалды. Жарқыншақ жақтан тисе керек, беттің иек тұсын опырып жіберген. Қан сорғалап ағып жатты. Көмек көрсетілгенше командир көз жұмды.

Тағы бір жерлесі темірлік Рустамовтың өлімі тіпті өкінішті болды. Соғысқа өз еркімен сұранып келген Рустамов окоптан басын шығарып қарамақ болып еді, жау мергенінің оғы маңдайдан тиді. Өмір деген бір мезеттік болды да қалды. Калинин майданындағы ұрыстардың бірінде жаны жайсаң, ақкөңіл досы Сашаның өлімі де жанына батты.

Өтепбергеннің өзі де талай ажал аузынан қалған. Құдай сақтаған. Бірнеше рет жараланады. Псков облысындағы Невель түбінде алған екінші жарақаты өте ауыр болды. Бірақ одан да жазылып шығып, қатарға қосылды. Ол кезде бұл қаланы Мәншүк Мәметова, 60 шақырым жердегі Новосокольникиде Әлия Молдағұлова ерлікпен қаза болғанын білмейтін еді.

Госпитальдан оралғанда оны «Ерлігі үшін» медалі күтіп тұрды. Бұдан кейін де екі рет ауыр жаралы болды.

1945 жылы 9 мамырда жарияланған Жеңіс күні Өтекең Батыс майданы құрамында соғысты жалғастырып жатты. Елге 1945 жылы 5 қарашада «Қызыл жұлдыз» орденімен оралды.

Соғыстан кейінгі жылдары Өтепберген Сағынтаев Қобда ауданында ұжымшар төрағасы, аудандық атқару комитеті төрағасының орынбасары, кейін Октябрьдің 40 жылдығы атындағы ұжымшардың төрағасы қызметтерін абыроймен атқарды. Қай жерде жүрсе де таза, әділ, принципшіл болды. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін аудандық ардагерлер кеңесіне басшылық жасады. Жастармен кездесулерден қалмай, өзінің соғыстағы жолдастары, достары, командирлері туралы әңгіме айтып, үлгілі болуға шақыратын. Соғыста қорыққан жоқпын деген бекер сөз деп отыратын.

Уақыт зырлап өтіп жатыр. Алапат соғыстың куәгері, майдангер Өтепберген Сағынтаевтың қайтыс болғанына да 5 жыл болыпты…

Ғалымжан БАЙДЕРБЕС,

Әлия-Мәншүк атындағы «Қос шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button