Басты жаңалықтарМереке

Көпбалалы отбасыларға пәтер берілді

Жаңа жыл қарсаңында Ақтөбе қаласында тұратын көпбалалы аналар баспаналы болып, «Нұр Ақтөбе» ауданында 900 орындық мектеп пайдалануға берілді. Тұрғындардың бұл қуанышын облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің өзі арнайы барып бөлісті. 

Жаңа жыл қарсаңындағы қоныстой

«Нұр Ақтөбенің» 3-шағын ауданында бой көтерген 5 қабатты 60 пәтерлі тұрғын үй баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға беріледі деп жоспарланып отыр. Шектеу шараларына байланысты солардың 15-іне сейсенбі күні салтанатты түрде облыс әкімі Оңдасын Оразалин пәтер кілттерін табыс етті.

— Өздеріңіз жақсы білесіздер, биылғы жыл  үлкен сынаққа толы болды. Әрине, пандемияның  тек біздің елімізді ғана емес, бүкіл дүниежүзін әлекке салғаны белгілі. Карантиндік шектеулерге байланысты көптеген жұмыстарды тоқтатуға тура келді. Бірақ біздің облыста әлеуметтік салада атқарылып жатқан жұмыстар еш тоқтаған жоқ. Облысымызда қолға алынған әлеуметтік нысандарды салу, қала және аудан орталықтарындағы көшелерді жөндеу, газ, су тарту, тұрғын үйге мұқтаж жандарды үймен қамтамасыз ету бағытындағы жоспарларымыз орындалып, көптеген жұмыстарымыз нәтижелі аяқталып келеді. Мәселен, 3-4 ай бұрын мына ғимарат жоқ еді. Мердігерлердің осындай аз ғана уақыт ішінде дайындап беретініне өзім де сенген жоқпын.  60 пәтерлі үйді дер кезінде салып берген мердігерлерге де алғыс білдіремін. Бүгін шектеу шараларына байланысты 15 отбасыға пәтер кілттерін тапсырып отырмыз. Қалған отбасылар да жыл соңына дейін жаңа үйлеріне қоныстанатын болады. Осы үйді алып жатқан әр отбасында 5-6, 7-8 баладан бар екен. Бала — біздің еліміздің болашағы. Барлық жұмыстар сол балалардың жарқын болашағы үшін жасалып жатыр. Бүгінгі салтанатты шара — барлығымыздың ортақ қуанышымыз, — деді облыс әкімі.  Бұдан соң облыс әкімі бірнеше пәтерді аралап, баспана иелерін қуаныштарымен құттықтады.  

Мереке қарсаңында баспаналы болғандардың бірі — Шынар Сералы. Осы уақытқа дейін  жалдамалы пәтерде тұрып келген көпбалалы ана енді өзінің жеке баспанасы болатынына қуанышты.

— Төртінші баламды дүниеге әкелген соң, тұрғын үй кезегіне барып тіркелген болатынмын. 10 жыл күттік. Үмітіміз ақталды. Міне, су жаңа баспананың кілтін қолымызға алып жатырмыз. Өте қуаныштымын. Көпбалалы аналардың тілегін, өтінішін ескеріп, осындай жағдай жасап жатқан Мемлекет басшысына, облыс басшылығына алғысым шексіз, — деді ол.

Айта кетейік, бүгінгі таңда, мемлекеттік тұрғын үй қорынан баспанаға мұқтаж жандар  есебінде 24 мыңнан астам адам кезекте тұр. Ал тұрғын үйге мұқтаж көпбалалы аналар саны — 2150. Жыл басынан бері 400-ден астам көпбалалы ана баспаналы болды.

«Нұр Ақтөбеде» жаңа мектеп ашылды

Сондай-ақ дәл осы күні облыс әкімі Оңдасын Оразалин  «Нұр Ақтөбе» ауданындағы 900 орындық жаңа мектептің ашылу салтанатына қатысты.

Әлемді жайлаған пандемия кезінде Мемлекет басшысының елімізде жүргізіп отырған сындарлы саясатының арқасында облысымызда әлеуметтік салаға арналған жұмыстар еш тоқтаған жоқ.Әрине, құрылыс материалдарын жеткізу тұрғысында өзіндік қиыншылықтар болды. Жұмысшылардың да біразы науқастанып қалып, жұмысқа шыға алмай қалған уақыттар да болды. Бірақ барлық мәселе өз кезеңімен шешілді. Бүгін, міне, «Нұр Ақтөбе» ауданында жаңа мектептің есігі айқара ашылып жатыр. Күн сайын үлкейіп, өсіп келе жатқан ауданның балаларының үш ауысымдықтың қиыншылықтарын көріп келе жатқанын білеміз. Мердігерлерге осы жағдайды айтып, мектепті сапалы әрі уақытынан тез тапсыруын сұрағанбыз. Балаларға сапалы білім беріп, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу — біздің басты міндеттіріміздің бірі. Жаңа білім ордасы құтты болсын! — деді Оңдасын Оразалин.

Салтанатты шара барысында «Нұр Ақтөбе» тұрғындарының атынан Жолмырза Бекеев сөз сөйлеп, облыс басшылығына алғысын білдірді.

Құрылысын «Интерстиль» жауапкершілігі шектеулі серіктесітігі жүргізген жаңа үлгідегі, заманауи талапқа сай салынған  №78 мектеп-гимназияның алаңы 1200 шаршы метрді құрайды. Мұнда баланың оқуына және жеке тұлғаның дамуына барлық мүмкіндік жасалған. Жаңа мектеп аптасына 5 күндік режимде жұмыс жасайтын болады. Қазіргі таңда 1000-ға жуық бала қабылданып, қашықтан және кезекші сыныптарға білім беруге дайын.

***

Бұдан соң облыс әкімі К.Нокин ауылындағы күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйіне барды.  «Стройкомсервис» ЖШС бірнеше жыл иесіз жатқан ғимаратты 6 айдың ішінде адам танымастай етіп өзгерткен. Мұнда облыс әкімі ауыл тұрғындарымен кездесіп, ақсақалдардың ұсыныстарын тыңдады. Ауыл тұрғындары облыс әкіміне алғыстарын білдіріп, Мәдениет үйінің ауласына Абайдың 175 жылдығына орай ақын ескерткішін орнату жайлы ұсыныстарын білдірді.

Сондай-ақ Оңдасын Оразалин Теміржол вокзалы ауданындағы Ж.Кереев көшесінің бойындағы үйлердің қасбеттері мен сыртындағы түнгі жарықтандыру жұмыстарымен танысты.  Жұмыс күнінің соңында Оңдасын Оразалин Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаровқа және тиісті сала басшыларына жыл аяғына дейін басталған жұмыстардың мұқият әрі сапалы орындалуын қадағалауды тапсырды.

Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button