Жаңалықтар

Карантин тәртібін бұзғандар жазаға тартылады

Облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің төрағалығымен өткен аппарат жиналысында санитарлық-эпидемиологиялық жағдайға қатысты мәселелер қаралды. Жиынға облыс әкімінің орынбасарлары, басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы мен аудан әкімдері бейнебайланыс арқылы қатысты.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов өңірдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін жеткізді.
«Бүгін өңірде коронавирус індетінің екі жағдайы тіркелді. Жалпы, науқастарды «Жайсаң» мен «Әлімбет» көлік бекеті арқылы шетелден келгендерден анықтап жатырмыз. 6 қазаннан бері 53 мыңнан астам адам келді, олардың ішінде 5 мың адамның ПТР нәтижесі жоқ, сондықтан карантиндік стационарларға жатқызылды. 47 адамнан коронавирус анықталды», — деді Нұржауған Қалауов.
Коронавирус індетінің болуы мүмкін толқынына дайындық мақсатында барлық шаралар қабылданды: қажет болған жағдайда кереует орындарының саны 445-тен 3603-ке дейін көбейетін болады, орындардың 57,1%-ы оттегімен қамтылып, 21 стационарлық рентген аппараты орнатылды, өкпені жасанды желдететін 382 аппарат, 450 оттегі концентраты, 626 оттегі баллоны, 787 Бобров аппараты мен 424 оттегі жастығы бар.
Жедел жәрдем бекеті мен емдеу мекемелерінің автопарктері 41 санитарлық машинамен толықты, алты мобильді диагностикалық кешен сатып алынды, дәрілік заттар мен жеке қорғаныс заттарының екі айлық қоры жасақталды.
Бүгінде 47 бақылау тобы 25720 нысанға 8433 тексеріс жүргізіп, 1790-нан астам заңбұзушылық анықталды, 1770 адам әкімшілік жазаға тартылды, 170,2 миллион теңгеге айыппұл салынды.
Нұржауған Қалауов бақылау топтарының өз жұмыстарын жандандырғанын, нәтижесінде сотқа карантин тәртібін бұзған 13 көңіл көтеру орнының қызметін тоқтату туралы материалдардың жіберілгенін атап өтті.
Облыс әкімі: «Мереке күндері қала мен аудандардың тіршілігіне жауапты барлық қызметтер кесте бойынша жұмыс жасаулары тиіс. Бұл мәселені қатаң бақылауда ұстау керек. Кәсіпкерлік субъектілерінің ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейту қажет. Бақылау топтары тексерісті жалғастырулары тиіс, әсіресе Ақтөбе қаласында бұған көбірек мән берген жөн», — деп тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button