Экономика

Желтоқсан: түйінді істер кезеңі

Жылжабар желтоқсан айы да аяқталып, өз міндетінен құтылғандай сыңай танытуда.

Сонымен, 2020 жыл да тарих қойнауына енбекші.

Бұл айды Тұңғыш Президент күнімен бастап, одан кейін Тәуелсіздігіміздің тұғырын бекіткен қасиетті де қастерлі күндерді атап өттік.

Жалпы желтоқсан айында көп шаруалар қорытындыланды, кім, кім де болса биылғы жылдың белгіленген тірлігін келер кезеңге қалдырғысы келмей, алдағы күндерге қарызсыз шығуды көздейтіні анық.

Сонымен, бұл айда не бітірдік…

 Ырғыздағы ырысты істер

Жаныс би ауылына газ құбыры тартылып, Аманкөл  ауылдық округінің орталығы — Құтикөлде жаңа көпір пайдалануға берілді. Жарма ауылы көптен күткен ауызсумен қамтылды. Аудан орталығында 5 тұрғын үй пайдалануға берілді.

Облыс әкімі Оңдасын Оразалин Жаныс би ауылында барған сапарында ел тұрғыны Жұбан Әбеновтің шаңырағында болып, көгілдір газ игілігін көре бастаған отбасы қуанышына ортақтасты.

Қазіргі уақытта аудан тұрғындарының 40 пайызы газбен қамтылған.  2021 жылы 10 елді мекенге газ жеткізіледі.

Байланыс желісі жақсара түсті

Уақыт талабына сай интернет пен байланыс желісіне сұраныс арта түскені мәлім.

Жақында Ойыл ауданының Көптоғай селолық округіне қарасты Амангелді елді мекені «Актив» ұялы байланыс желісіне қосылды. Енді тұрғындар интернетке қосылып, әлеуметтік желілерге еркін кіре алады. «KSELL» акционерлік қоғамы қондырып берген ұялы байланыс торабының құны — 10 миллион теңге.

Әйтеке би ауданындағы Аққұм ауылына Kcell ұялы байланыс жүйесі орнатылды. Толыбай ауылы да интернетке қосылып, ұялы байланыс қызметін пайдалануға қол жеткізді.

Шалқар ауданындағы Жылтыр ауылында «Цифрлық Қазақстан» жобасы аясында «Картел» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Билайн» байланыс жүйесін орнатты.

Жол сапасы жақсарады

2020 жылы облыстың республикалық жолдар желісін дамыту аясында 303 шақырымға жөндеу жұмыстарын жүргізу  үшін 17,7 миллиард теңге бөлінді.

Республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Атырау-РФ шекарасы (Астрахань)» автожолының 214 шақырымы қайта жаңғыртудан өтуде. Жалпы құны 46,8 миллиард теңгеге жүзеге асырылып жатқан бұл күрделі  жоба алдағы 2021 жылы толық аяқталуға тиіс.

Ал жергілікті маңызы бар автомобиль жолдарын жөндеуге бюджеттен 40,4 миллиард теңге бөлініп, 196 жоба іске асырылды.

Жолаушылар тасымалы және автомобиль жолдары басқармасы «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Ақтөбе облысы бойынша филиалымен бірге жол сапасына қатысты 650 сынама жүргізген. Нәтижесінде соның 235-інің сапасыз екендігі анықталған. Жол жұмыстарын сапасыз жүргізген мердігерлер кемшіліктерін өз есептерінен түзейтін болады.

«HALYQ SAÝDA» — халық үшін!

«HALYQ SAÝDA» сауда желісі облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің бағасын тұрақтандыру бағытында нақты жұмыстар жүргізуде.  

Мерекелік жеңілдіктер әлеуметтік маңызды азық-түлік өнімдерінің 9 аталымы бойынша қарастырылды. Оның ішінде тұрғындар осы желіге қарасты сауда орындарынан күнбағыс майы, құмшекер, қарақұмық, ас тұзы, күріш, сұрыпты ұннан жасалған макарон өнімдері және басқаларын арзан бағаға ала алады.

Бұл әлеуметтік жобаның мақсаты — халықты жергілікті тауар өндірушілердің бағасы қолжетімді өнімдерімен қамтамасыз ету.

Экоферма туристерді шақырады

Қобда ауданы бойынша тарихи маңызы бар төрт туристік маршрут белгіленген. Осы өңірге ат басын бұрған қонақтар Абат-Байтақ кесенесі, Қобыланды батыр мемориалдық кешені, ұлт-азаттық  көтерілісінің қолбасшысы Исатай Тайманұлының кесенесі және «Әлия» патриоттық тәрбие беру облыстық орталығы секілді көрнекті орындарда бола алады.

Соңғы екі жылда ғана ауданға 30 мыңнан астам саяхатшы келген. Ресей, Қытай, Германия, Канада, Шотландия, Франция сияқты елдер тұрғындары тарапынан осы өңірге қызығушылық байқалады.

Алдағы уақытта туристерге қолайлы жағдай жасау шаралары кең ауқымда жүзеге асырылмақшы. Мәселен, Абат-Байтақ кесенесі бағытына салынатын жолдың жобалық-сметалық құжаттары дайындалды. Саяхатшылар үшін интернет мәселесі де оң шешімін табады.          

Алдағы уақытта Қобдада экофермалар жұмыс істемекші. Экофермаға келген турист нағыз қазақы ауылдың бейнесін көре алады. Экоферма жұмысын бастау үшін «Тамбай» шаруа қожалығына  5 миллион теңге көлемінде грант бөлінген.

«Өз газетіңізге жазылыңыз!»

«Ақтөбе Медиа» ЖШС 2020 жылғы 1 қазаннан бастап облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттеріне жазылушылар арасында осындай тақырыпта марафон ұйымдастырған еді. Оған газет оқырмандары белсене қатысты.

Биылғы 25 желтоқсанда «Aqtóbe» телернасында сарапшылардың қатысуымен өткен тікелей эфирде жеңімпаздар белгілі болды және олардың есімдері көпшілікке хабарланды.

Келер жылдың газеттеріне жазылу облыстың Ойыл, Ырғыз,  Шалқар және Мұғалжар аудандарында ұйымшылдықпен жүргізілді.

Ал аталған марафонда мұғалжарлықтардың бағы жанды. Көптеген бағалы сыйлықтар Жаңа жыл қарсаңында осы өңірге қарай жол тартты.

* * *

Сонымен, сан түрлі сынағын ала келген тышқан жылы да тарихқа енді.

Алдағы сиыр жылы елге тыныш, халыққа жайлы болады деген үміттеміз.

Жақсы күндеріміз көп болсын, ағайын!

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button