Мәдениет

Сексеннің сеңгірі

Облыстың ардагер дәрігері Альберт Катковников жақында мерейлі 80 жасқа толды. Өткен аптаның соңында еңбек ардагерін облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Қайрат Сабыр бастаған бір топ адам құттықтап, үйіне барды.

Ресейдің Курск қаласында дүниеге келген Альберт Ильич 1955 жылы Башқұрт мемлекеттік медицина институтын тәмамдағаннан соң, осы оқу ордасының психиатрия және наркология кафедрасына қызметке тұрады. Кейін ол кандидаттық диссертациясын сәтті қорғап, 1980-2000 жылдар аралығында қазіргі М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің психиатрия және наркология кафедрасын басқарады. Сол кездерде оның Қазақстан мен жақын шет мемлекеттерінің ғылыми-тәжірибелік журналдарында  90-ға жуық ғылыми мақаласы жарық көреді.

Оның ұзақ жылғы еңбегі ескерілмей қалған жоқ. 1996 жылы ол Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің «ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. Облыс басшылығы мен бірнеше мәрте облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан алған марапаттары да бар.

Облыстың бас дәрігері Қайрат Сабыр сексеннің сеңгіріне шыққан ақсақалды құттықтап, иығына шапан жапты.

Қазір сіздің шәкірттеріңіз еліміздің әр жерінде абыройлы қызмет етіп жүр. Бір кездері біз де сізден дәріс алдық. Қазір облыста сіз секілді мамандар өте аз. Сіздің әлде де ұзақ ғұмыр кешуіңізге тілектеспіз, — деді Қайрат Қанатұлы.

Сол күні ардагер дәрігерді М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректораты мен шәкірттері құттықтады.

Арайлым ҚЫДЫРБАЙҚЫЗЫ.

Жыр тарланы — Нұрпейіс

Өткен аптаның соңында облыстық зағиптар және нашар көретін азаматтардың арнаулы кітапханасында халық ақыны Нұрпейіс Байғаниннің туғанына 150 жыл мерейтойына арналған «Жыр тарланы» атты кеш өтті.

Көру мүмкіндігі шектеулі оқырмандарға өз дәуірінің өрелі өнерпаздары, ақын-жыршылары Шернияз, Қашаған, Ығылман, Нұрым, Абыл, Сабыр, Әбубәкір-Кердерілерден тағылым-тәрбие алған халық ақыны, атақты жырау Нұрпейіс Байғаниннің өмірі мен шығармашылығын таныстыруды мақсат тұтқан кездесуге ақынның ұлы Момын Байғанин мен Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің саяси-әлеуметтік пәндер кафедрасының меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, «Нұрлы жүзді Нұрпейіс» кітабының авторы Беркін Құрманбеков қатысты.

Кездесу барысында термеші Өмірхан Жетесов ақынның қазақ әйелінің өз теңдігі үшін жасаған жан қиярлық ерлігін бейнелейтін «Нарқыз» поэмасынан үзінді орындаса, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрының әртісі Флюра Ешмұратова ақын жырлаған 9300 жолдан тұратын «Қобыланды» жырындағы ана рөлін сомдады. Сол сияқты көрермендер алдында әуесқой әнші Сайлау Төлеубаев Нұрпейіс ата шығармашылығынан «Еңбек туралы жырды» орындады. Момын атаның орындауындағы бірнеше күй де оқырман қауымның бойын сергітіп, көңілін көтерді.

Кеш соңында Нұрпейіс Байғаниннің еңбектері қойылған «Дарынды халық ақыны» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, библиографиялық шолу жасалды.

Кездесуге келген қонақтар өз тілектерін білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды.

Дәметкен ШЫНТАЕВА,

облыстық арнаулы кітапхана қызметкері.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button