Басты жаңалықтарДенсаулық

Сынақтың сабағы

Биыл халқымыз түрлі ауыртпалықты басынан өткерді. Әсіресе, жазғытұрғы уақытты еске алудың өзі қиын. Індет жас-кәріге қарамады. Осындай кезде «көрінбейтін майданның» ортасында  дәрігерлер, полиция қызметкерлері және еріктілер жүрді.

Қатер мен қамқорлық

Көктемде облыс халқы жаппай ауырды. Әсіресе, Ақтөбе қаласында ауруханаға адам сыймай жатты. Әркім өз басымен қайғы болды. Жұртшылық туысының үйіне баруға қорықты. Осындай кезде өз бастарын қатерге тіккендердің бір легі — еріктілер.

Коронавирус өршіген тұста «Шаңырақ» қоғамдық қорының еріктілері ерекше жұмыс жасады. Қордың құрамындағы Еділ Аймағанбетов сол уақыттағы еріктілердің ерлігі туралы былай дейді:

Жыл сайын желтоқсан айында саяжайда тұратын, яғни от жағатын отбасыларға тегін көмір таратамыз. Осы шаруаны аяқтап бола бергенде пандемия басталды. Облыста қатаң карантин режимі енгізілді.

Індет өршіген тұста дәрігерлерге салмақ түсті. Осы кезде ақ халаттыларға қолдау көрсетіп, олардың жұмысқа деген ынтасын арттырып, көңіл күйін көтергіміз келді. Ақтөбе медициналық орталығының және туберкулез диспансерінің бас дәрігерлерімен келісім жасадық. Сөйтіп, күніне екі мезгіл, яғни жүз дәрігерге тамақ тасыдық. Үш аптада 4200 порция ас апардық. Бізден кейін қаладағы өзге де ерікті топтар осындай көмек көрсете бастады. Сондықтан біз бұл істі тоқтаттық. Сөйтіп жүргенде қордың құрамындағы еріктілердің өздері ауырды. Ауруханаға жатып шықты. Инфекциялық стационарда емделген  бір ерікті дәрі тамызғышты орнатып қоятын қысқыш темірдің жоқ екенін айтты. Себебі ауруханаға науқастар шамадан тыс көп түсіп жатқандықтан құрал тапшы. Дәрі тамызғышты қабырғаға жапсырмамен бекітіп қояды екен. Осы мәселені облыс әкімінің орынбасары Руслан Хамбаровқа жеткіздік. Егер демеуші болса, бекіткіш құралды өзіміз жасайтынымызды айттық. Біздің ұсынысымызды басшылық бірден қолдап, демеуші тауып берді. Бөлінген қаражатқа пластик таяқшалар сатып алдық. Қордың құрамындағы еріктілер өз қолдарымен 550 бекіткіш жасап шығарды. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен «Шаңырақ» қоғамдық қорының арасында келісім жасалып, олар бекіткішті қабылдап алды. Ал біз облыс әкімдігіне деумеуші қаржысы қайда жұмсалғаны туралы есеп бердік, — дейді Еділ Аймағанбетов.

Қорға  мұқтаж отбасылардың тізімін қала әкімдігі, жұмыспен қамту, білім басқармалары береді және өздері хабарласатындар бар. Еріктілер тізімге алынған отбасылардың үйіне барып, шынымен жағдайы ауыр ма, соны біледі. Себебі тексере келгенде көпшілігінің жағдайы айтарлықтай қиын болмай шығады.

Қордың негізгі демеушілері — қарапайым тұрғындар мен кәсіпкерлер. Індет кезінде кейбір кәсіпкерлік нысандары өз жұмысын тоқтатты. Жұртшылық 42 500 теңге жәрдемақы алды. Алайда бұл көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасылардың кем-кетігін толтыра алмады. Тіпті азық-түлікке ақша таба алмай отырған отбасылар кездесті.

— Осы кезде кәсіпкерлерге азық-түлік қораптарын тарату туралы ұсыныс айттық. Қораптың ішінде макарон, ұн, көкөніс, яғни күнделікті тұтынуға арналған өнімдер бар. Бір қораптың құны — 25 мың теңге. Бізге облыс әкімдігі және жұмыспен қамту бөлімінен 300 отбасының тізімі берілді. Бірақ карантинге байланысты біз олардың үйін аралап, шынымен мұқтаж ба, соны тексере алмадық. Сондықтан өзіміз білетін әлеуметтік жағдайы нашар елу және  саяжайда тұратын екі жүз елу отбасыны таңдап алдық. Облыстық әкімдік бізге үш күн уақыт және отыз көлік берді. Үш күнде азық-түлік қораптарын тараттық. Қораптың салмағы ауыр. Екі адам әрең көтереді. Уақытында жеткізіп үлгердік. Сол уақытта ақтөбелік кәсіпкерлерге ерекше риза болдық. Аты-жөнін айтпай, көмек көрсеткен азаматтар  өте көп болды. Есімін айтпаған бір жігіт екі «Газель» нан әкеліп берді. «Айс» сүт зауыты жеңілдікпен сүт сатты және бір машина сүтті тегін берді. «Жаңа Әлжан» ұн комбинаты өз өнімдерін арзан бағамен берді. Бір тонна картопты тегін берген кәсіпкер болды.«Акрона» фирмасы қоймасын тегін пайдалануға рұқсат етті. Себебі кейде көп зат келсе, сақтайтын жер таппай қалатынбыз. Қарапайым адамдар да көмектен тыс қалмады. Бір апай бетперде тігіп берді. Жалпы, қиын кезеңде кәсіпкерлер мен тұрғындардың өз еріктерімен көмек көрсеткені, олардың ауызбіршілік танытқаны көңілімізге қуаныш ұялатты, жігер берді.

Әсіресе, жасанды тыныс алдыру аппараты жетпей, адамдар жан тапсырып жатқанда кәсіпкерлер көмегін аяған жоқ. Елордаға көшіп кеткен азаматтар қаржы аударды. Сөйтіп, 220 аппаратты облысқа алдырдық, — дейді Еділ.

«Шаңырақ» қоғамдық қорының жәшіктері жанармай құю бекеттері және ірі сауда орындарында тұр. Тұрғындар мүмкіндігіне қарай ақша салады. Жиналған қаржының тиынына дейін мұқтаж отбасылардың игілігіне жұмсалады. Мәселен, биыл түскен қаржының бір бөлігі көпбалалы отбасылардың балаларына жұмсалған. Отыз оқушыға оқу құралдары сатып әперілген. Мұқтаж отыз отбасының үйіне азық- түлік сатып алынған.

Қордың құрамында тұрақты түрде көмек беретін он бес ерікті  бар. Ал жалпы үлкен шараларда көмек көрсететін азаматтар көп. Ерікті болып қызмет көрсететін адам қандай жағдайға да шыдамды болуы керек. Мәселен, көмір таратқан кезде біздің жігіттер лас әрі ауыр болса да көмірді қапшықтарға салып, әр үйге таратады. Күннің ыстық-суығына қарамай, қызмет көрсетеді. Індет кезінде «вирус жұқтырып алармын» деп үйде отырған жоқ. Олар өз ісіне адалдық танытты. Соған қарамастан, үнемі алғыс ала бермейді. Мәселен, вирус өршіп тұрған кезде біздің жігіттердің бірі мұқтаж отбасының үйіне азық-түлік апарды. Сөйтсе, үйдегі апай «Әкелген нандарың көгеріп, печеньелерің сынып қалыпты, әкелсеңдер дұрыстап әкелмейсіңдер ме», —  деп ұрысып жіберген. Біз мән-жайды көзімізбен көрмек болып, әлгі үйге бардық. Қалыпқа піскен нанның түбі сәл күйіпті, ал печенье пакеттің түбіне салынғандықтан сынып қалған. Ешқандай кемшілік көрмедік. Жалпы байқағаным, үнемі тегін алып үйренген адамдар әкелген заттың сапасын салыстырып, сын айтады. Олар тек ала бергісі келеді. Тағы бір байқағаным, әлеуметтік көмекке  мұқтаж адамдардың көпшілігі туыстарымен араласпайды. Әрине, адамдардың бәрі бірдей емес. Бірде күйеуі қайтыс болған алты баласы бар әйелдің үйіне азық-түлік пакетін апардық. Әйел күйеуінің туыстары көмектестінін, ештеңеге мұқтаж емес екенін айтып, әкелген заттарымызды шынымен мұқтаж отбасыларға беруімізді өтініп, қайтарып берді, — дейді Еділ.

Қазір «Шаңырақ» қоғамдық қоры көмектің тағы бір бағытын қолға алыпты. Көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасының он баласына «Достық» оқу орталығының сертификаттарын табыс еткен. Бұл орталықта бала бір жыл ҰБТ-ға дайындалуы үшін ата-ана 400 мың теңге төлеуі керек. Ал қор еріктілері кәсіпкерлердің көмегімен сертификатты тегін сыйлап жүр. Бұл бастаманың да нәтижесі жоқ емес, былтыр бір оқушы оқуға грант бойынша түскен.

Ем мен еңбек

Індетпен күрес кезінде негізгі салмақ дәрігерлерге түсті. Олар «көрінбейтін майдан» шебінде жүрді. Ақтөбе медициналық орталығы вирусты пневмонияға шалдыққан науқастарға көмек көрсетті. Дәрігерлер күні-түні кезекпен жұмыс жасады.

Коронавирус өршіп, науқастар ауруханаға сыймай жатқан кезде жұмыс істеген орталық дәрігерінің бірі — бірінші санаттағы терапевт Жансәуле Сейітова. Медицина саласында отыз жылдық тәжірибесі бар білікті маман көктемдегі жағдайды еске алудың өзі ауыр екенін айтады.

Соғыс жағдайындағыдай жұмыс жасадық. Бір күнде жүзге жуық науқас түскен кездер болды. Орын тапшы. Науқас көп. Түнде кереует тасимыз. Мойнымызды бұруға шама жоқ. Ас ішуді ұмыттық. Арасында кезекпен барып, асығыс ішіп келеміз. Екі сағат ұйықтаған уақытым болды. Үстімізге обадан қорғайтын киім киеміз. Басқа нәрсеге алаңдауға уақыт жоқ. Науқастар бірінен соң бірі келіп жатты. Жалпы, бұндай жағдайға ешкім дайын болған жоқ. Жан сақтау бөліміне түскен науқастардың туыстары психологиялық тұрғыдан қатты қиналды. Тіпті дәрігерлерді кінәлағандар болды. Ешқандай дәрігер ауру адамға жамандық тілемейді. Бар күшін салып көмектеседі. Сондықтан науқастардың туыстарымен психолог мамандар жұмыс жасады. Біздің оларға қарауға мұршамыз жоқ. Өйткені науқастар кезек күтіп тұр. Бір үйден бірнеше адам ауруханаға жатқан жағдайлар кездесті. Мен он екі күн ауруханадан шықпай жұмыс жасадым. Сол уақытта жүрек ауыртар түрлі жағдайлар болды. Бір палатада өкпесі қабынған әкесі мен баласы жатты. Отыз жетідегі жігіт әкесіне қарайлап, соны уайымдады. Өкініштісі, жігіттің өзі көз жұмды. Енесі мен келіні бірге жатты. Енесінің қос өкпесі бірден қабынып, емге көнбеді. Көз жұмды. Осындай жағдайлар көп болды. Бір үйден бірнеше адам қайтқан кезде, жүрегіміз ауырды, — дейді Жансәуле Иванқызы.

Дәрігерлер қанша тырысқанымен қос өкпесі қабынған егде жастағы адамдарды құтқару қиын еді. Әсіресе, қосымша ауруы бар қарт адамдар вирустың пәрменіне шыдамады.

Дәрігерлердің өздері де ауырды. Бірге оқыған әріптестеріміз қайтыс болды. Еске алудың өзі ауыр. Ауруханадан үйге келгенде мен де оқшауланып жүрдім. Себебі бронхит болып ауырдым. Немерелеріме жұқтырып алудан қорықтым.

Қазақта «Сақтансаң — сақтармын» деген сөз бар. Сақтансақ қана аурудың алдын аламыз. Қазір көпшілік көктемгі жағдайды ұмытып кетті. Алаңсыз жүр. Тығылып той жасап жатқандар бар. Дәрігер ретінде айтарым, егер ұрпағымыздың жағдайын ойласақ, солардың қызығын көреміз десек, тойды, отбасылық шараларды тоқтата тұру керек. Көпшілік жиналған жерде вирус тез тарайды. Кейбір келіншектер балаларын ертіп, анда-мында автобуспен оңды-солды жүреді. Әрине, шаруасы бар шығар. Бірақ әуелі балалардың денсаулығын ойлау керек. Тағы бір ескеретін нәрсе, медициналық бетпердені дұрыс тағу керек. Кейбір адамдар бетпердені аузына тағады, мұрнын жаппайды. Мұрын толық жабылуы керек. Коронавирустың қауіптілігі қандай екенін онымен ауырған және оларды емдеген дәрігерлер жақсы біледі. Қазір біздің тілегіміз — екінші толқын болмасын, — дейді дәрігер.

Бекет пен бақылау

Елордадан келетін көліктер Әйтеке би ауданы арқылы өтетіні мәлім. Індет кезінде ауданның  Әйке, Қарабұтақ ауылдарының маңына блок-бекет қойылды. Нұр-Сұлтаннан келетін барлық көліктердің жүргізушілері арнайы тексерістен өтіп, бақылауға алынды. Әйке маңына қойылған блок-бекетте аудандық патрульдік полицияның  алты инспекторы екі ай бойы үйіне бармай жұмыс істеді. Соның бірі — Азат Сағынтаев.

Патрульдік полиция тобындағы алты адамды Әйке ауылының маңындағы блок-бекетке жіберді. Бұл жерге келгеннен кейін барлық санитарлық талаптарды сақтап, үстімізге арнайы киім киіп, бірден жұмысқа кірісіп кеттік.  Елордадан келетін көліктердің жүргізушілерін тексереміз. Қызуы көтеріліп, өзін жайсыз сезінген адамдарды бірден оқшаулап, дәрігердің қарауына апарамыз. Бекет басындағы дәрігерлер медициналық тексеруден өткізіп, коронавирус анықталған жағдайда инфекциялық ауруханаға жібереді. Тек полиция қызметкерлері ғана емес, бекеттегі  әрбір маман өзіне жүктелген міндетті абыроймен атқарды, — дейді Азат Сағынтаев.

Бұндай жағдай елімізде алғаш рет болып отырғандықтан басында көп адам коронавирустың барына сенбеді. Тіпті блок-бекеттен өтерде кейбір жүргізушілер оғаш қылық көрсеткен. ПТР-тест қорытындысы жоқ кейбір азаматтар жағдайын айтып, өтіп кетуге тырысқан.

Егер біз салғырттық танытып, олардың көңіліне қарап, көліктерді жібере салсақ, жағдай тіптен ушығып кетер еді. Сондықтан бәріміз өзімізге жүктелген міндеттің қаншалықты салмақты екенін сездік. Аудан әкімдігі тарапынан бекет басындағы мамандарға барлық жағдай жасалды. Тереңсай ауылынан арнайы үй бөлді,— дейді Азат Сағынтаев.

Азаттың еңбек өтіліне биыл бес жыл болыпты. Өзі Әйтеке бидің Үшқатты ауылында туып-өскен.

Полиция қызметкерлерінің жұмысы өте ауыр. Оны індет өршіген кезде тіпті сезіне түстік. Барынша сақтанып жүрдік. Соның нәтижесі болар, бекетке барған алтауымыз да ауырған жоқпыз. Қазір де сақтық шараларын жасап жүреміз. Үйде анам және кішкентай ұлым бар. Алдымен солардың жағдайын ойлаймын. Егер біріміз ауырсақ, бәріміз де вирус жұқтыруымыз мүмкін. Сондықтан жақынымыз ауырмасын десек, алдымен өзіміз сақтанып жүргеніміз жөн, — дейді Азат.

Азаттың еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Жұмысын абыроймен аяқтап, бөлімшеге оралған кезде кіші лейтенант атағын алды.

 P.S. Әр сынақтан бір сабақ. Тосыннан келген індет біздің қалыпты тіршілігімізді  өзгертті. Бұрын бағаланбайтын құндылықтарымызға қайта орала бастадық. Көп нәрсені үйрендік. Дос, тума, ағайын арасындағы бауырмалдық артты. Денсаулықтың, бір жұтым ауаның қадірін  түсіндік. Қоғамға қандай мамандардың керек екенін білдік.

Індеттен сақтанайық!

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button