БілімБасты жаңалықтар

Жаңа оқу тоқсанында сабақ қалай өткізіледі?

Брифинг

«ІІІ оқу тоқсанында оқу процесін ұйымдастыру». Кеше өңірлік коммуникациялар қызметінде осындай тақырыпта брифинг өтті. Шараға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева қатысты.

Облыста  413 мектеп бар. Оның 10-ы — жекеменшік мектеп. Бұл білім шаңырақтарында  159 643 оқушы білім алып жатыр. 2-тоқсаннан  бастап контингенті 300 оқушыға дейінгі 226 мектеп (54,7 пайыз) штаттық режимде білім беруде. 187 мектеп (45,3 пайыз) қашықтан білім беріп жатыр. 1-4 сыныптарда ата-аналардың өтініштері бойынша 3442 кезекші сыныпта  44 517  оқушы білім алады. 5-сыныптардың оқушылары үшін 185 кезекші сынып жұмыс жасауда. Ондағы оқушылардың үлесі — 2243 бала.

Ведомствоаралық комиссияның шешімі бойынша 3-тоқсаннан бастап 9 және 11-сынып оқушылары аралас форматта оқитын болады.  Бұл сыныптарда математика, қазақ тілі, орыс тілі, шет тілі, физика, химия, биология, алгебра, геометрия, тарих және тағы басқа пәндер мектепте оқытылады. Яғни барлық пәннің 70 пайызы штаттық форматта өткізіледі. Мектептерде икемді сабақ кестелері жасалып, сабақтар арасындағы үзілістер әр сынып үшін әртүрлі уақытта ұйымдастырылады. Сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау үшін ауысымдар саны көбейтіліп, пәндердің 30 пайызы қашықтан оқытылады. Мұндай шешім ата-аналар мен көпшіліктің пікірін ескере отырып қабылданды, — деді Ләззат Оразбаева.

Оның айтуынша,  жаңа оқу тоқсанынан бастап біздің облыста 13 682 оқушы штаттық форматта оқиды. Оның 8165-і — 9-сынып, 5517-сі — 11-сынып оқушысы.

Консультациялық сабақтарды өткізу үшін 5 адамға дейінгі топтар құрылатын болады.

Қабылданған шешім міндетті түрде 5 адамнан тұратын топ құрылып, мектеп оқушыларына консультация жүргізілуі керек дегенді білдірмейді. Бұл қашықтан білім беру бойынша жасалған мониторинг нәтижелеріне негізделген ұсыныстар. Сондықтан бұл мәселелер бойынша мектеп ұжымы өзара ақылдаса отырып, шешім қабылдауы керек. Мектеп директорлары консультациялық сабақтарды жүргізуге тыйым салмауы немесе мәжбүрлемеуі тиіс, — деді басқарма басшысы.

30 желтоқсаннан бастап мектеп оқушылары  қысқы демалысқа шығады. 10 қаңтар күні 3-оқу тоқсаны басталады. Балалардың қысқы демалысы Білім және ғылым министрлігінің ұсынысы негізінде  «Қазақстан балалары —  қысқы ғажайып!» тақырыбында өткізіледі. Демалыстың әр күні  іс-шаралар ұйымдастырылады.

Айта кету керек, бүгінде жоспарланған компьютерлік техника толықтай жеткізіліп, білім беру мекемелерінде білім алып жатқан мұқтаж оқушыларға таратылған.

Облыс бойынша  433 балабақшада кезекші топтар ата-аналардың өтініштері негізінде ашылыпты. 1644 кезекші топқа 22 717 бала (53,7 пайыз) барып жүр.

Облыста 43 колледж бар (25  мемлекеттік және 18 жекеменшік). Колледждерде  20 559 оқушы білім алуда. Оның 14 419-ы мемлекеттік тапсырыс бойынша  оқиды.

Қазіргі уақытта облыс бойынша 3 оқушыда  «полимеразды тізбекті әсер ету» (ПЦР) сынамасының «оң нәтижесі» анықталған. Бұған дейін бұл ауруға шалдыққан 29 науқас (14 педагог, 4 техникалық қызметкер, 7 оқушы, 4 балабақша тәрбиеленушісі) емделіп шыққан.

Облыста​ шектеу шараларына байланысты Жаңажылдық шырша мерекесі өткізілмейді. Дегенмен әкімдік тарапынан үздік оқушыларға, жетім балаларға, көпбалалы, аз қамтылған отбасы балаларына тәтті сыйлықтар ​ тарту етіледі.​

P.S.

Ауа райы қолайсыз болған жағдайда мектеп пен колледж оқушыларына оқу процесі қашықтан ұйымдастырылады. -25 0С және жел жылдамдығы 5 м/с  болғанда мектепалды даярлық және бастауыш сыныптарда, – 27 0С  болғанда 1-9 сыныптарда, – 30 0С және одан жоғары болғанда 1-11 сыныптарда, техникалық және кәсіптік білім беретін оқу орындарында 1,2- курс оқушылары алдын ала ескертусіз-ақ білім беру мекемелеріне бармай-ақ қоюларына болады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button