Денсаулық

Өкпесі қабынған 61 адам емделіп жатыр

Брифинг

24 желтоқсан күні облыста коронавирус жұқтырған 11 адам тіркелді. Оның тоғызы Ақтөбе қаласынан болса, екі адам Мәртөк ауданынан тіркеліп отыр. Науқастардың алтауында ауру белгісі байқалмаған. Аурушаңдықтың өсу деңгейі – 0,3%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады, тұрғындар сауалына жауап берді.

Мұхтар Сербаев облыста эпидемиологиялық жағдайдың тұрақты екенін, алайда күн сайын вирус жұқтырғандар санының көбейіп бара жатқанын айтты. Сондықтан тұрғындар барынша қауіпсіздік шараларын сақтап жүргені дұрыс. Жаңа қаулы бойынша жаңажылдық кештерді, ертеңгіліктерді өткізуге тыйым салынады.

Тағы да қайталап айтамын, тұрғындар барынша арақашықтықты сақтап, бетперде тағып жүргені жөн. Егер сақтанбасақ, індет өршіп кетеді. Азаматтар талапқа бағынуы керек. Отбасылық басқосулар мен той-садақа секілді адам көп жиналатын шараларды тоқтата тұрған жөн, — деді Мұхтар Сербаев.

Сондай-ақ, санитарлық талапты сақтамағандарға айыппұл салынып жатқанын айтты.  Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша, заң бұзғандарға 169 592 630 теңге көлемінде  1251  айыппұл салынған. Координациялық орталықтар арқылы түскен хабарламалар негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 18 объектіге 5 028 180  теңге көлемінде айыппұл салынған. Шекара бекеттері де бақылауда. Ақпан айынан бастап Ресеймен шектесетін Мәртөк ауданында «Жайсаң» және Қарғалы ауданындағы «Әлімбет» шекара бекеттерінде санитарлық-карантиндік пункт жұмыс жасап жатыр. Алтыншы қазаннан бастап «Әлімбет» бекеті арқылы 15 730, «Жайсаң» бекеті арқылы 33 048 адам өткен. Оның ішінде 47 адамнан коронавирус анықталды. 26 адам — транзиттік көліктердің жүргізушілері. Ал 21 адам — жолаушы.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, инфекциялық стационарда коронавирус жұқтырған 112 науқас ем алып жатыр. Соңғы тәулікте өкпесі қабынған бес адам тіркелген. Облыс бойынша алпыс бір науқас пневмониямен емделуде. Ал жансақтау бөлімінде сегіз адам жатса, оның екеуі өкпені жасанды тыныс алдырту аппаратына қосылған. Қазіргі күні облыста бес зертхана жұмыс жасап тұр. Барлығы 236 мыңнан астам ПТР тест өткізілген.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3657 адам  тіркелді, оның 49,2%-ы ауру белгілерімен (1802) және 50,7%-ы симптомсыз (1855) жағдай. 3504 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2601 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 100,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 58, Мәртөк — 121, Мұғалжар — 176, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 130, Шалқар ауданында 114 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3657 науқастың 3,6%-ы сырттан келген.  536 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1026. Қазіргі таңда үй карантиніне 252 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button