Ауыл

Амангелді ауылына «Актив» келді

Көптоғай селолық округіне қарасты Амангелді елді мекенінде ұялы байланыс желісі жоқ болатын. Округ орталығынан 12 шақырым жерде орналасқан ауыл бұған дейін «Beeline» байланыс желісімен амалдап келді. Өйткені округ орталығындағы ұялы байланыс желісіне қашық болғандықтан ауылдықтар биік, үйдің төбесі, белгілі бір нүктелерде болмаса кез келген жерден сөйлесе алмайтын.

Жақында амангелділіктер «Актив» ұялы байланыс желісіне қосылды. Бұдан былай тұрғындар интернетке қосылып, әлеуметтік желілерге еркін кіре алады. Бұл, әсіресе, қазіргі онлайн режимінде оқып жатқан оқушылар мен студенттерге тиімді болды.

«KSELL» акционерлік қоғамы қондырып берген ұялы байланыс торабының құны — 10 миллион теңге. Байланыс толқыны 3 шақырымнан асады. Ауыл маңындағы қыстақтарды да қамтып отыр.

— Жоспар бойынша ұялы байланыс желісін келер жылы күткен болатынбыз. Бірақ интернетке ертерек қол жеткіздік. Ауылдың ортасына биіктігі 14 метр мұнара орнаттық. Бұған 1 миллион 500 мың теңге жұмсалды. Желіден ешқандай кідіріс жоқ. Жүктеулер тез ашылып тұр. Округке қарайтын үш елді мекеннің бірі — Амангелді. Енді Шұбарши мен Қарасу елді мекендеріне ұялы байланыс желісі орнатылады. Сөйтіп округ  интернетпен 100 пайыз қамтылатын болады, — дейді округ әкімі Ерлан Асылбаев.

Бүгінгі күні Амангелдіде 105 үй бар. Жыл сайын 2-3 отбасыдан қосылып отыратын ауылдың тұрғыны 850-ге жетті.

Рамазан ТАҢАТОВ,

Ойыл ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button