Құқық

Жеке сот орындаушысының қызметі қанша тұрады?

Атқарушылық іс жүргізу шеңберінде істің санатына байланысты төленетін жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу ҚР-ның «Атқарушылық іс жүргізу құжаты және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Заңының 118-бабы бойынша мынадай тәртіппен белгіленеді:

1) мүліктік (ақшалай) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін: 60 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін болса — өндіріп алу сомасының 25 пайызы мөлшерінде; 60 АЕК-тен 300 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 20 пайызы мөлшерінде; 300 АЕК-тен 1000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 15 пайызы мөлшерінде; 1 000 АЕК-тен 5 000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 10 пайызы мөлшерінде; 5 000 АЕК-тен 10 000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 8 пайызы мөлшерінде; 10 000 АЕК-тен 20 000 АЕК-ке дейін болса — өндіріп алу сомасының 5 пайызы мөлшерінде; 20 000 АЕК-тен жоғары болса — өндіріп алу сомасының 3 пайызы мөлшерінде;

2) мүліктік емес (ақшалай емес) сипаттағы атқарушылық құжаттар үшін: жеке тұлғалардан 50 АЕК, заңды тұлғалардан 100 АЕК; талап қоюды қамтамасыз ету, мүлікті тыйым салудан босату және өзге атқарушылық құжаттар бойынша — жеке тұлғалардан 10 АЕК, заңды тұлғалардан 20 АЕК;

баламен қарым-қатынас жасау тәртібі туралы – жеке тұлғалардан ай сайын 20 АЕК мөлшерінде;

3) мерзімді төлемдерді өндіріп алу туралы атқарушылық құжаттар үшін: алименттерді өндіріп алу және жарақаттанудан немесе денсаулықты өзге де зақымдаудан келтірілген зиянды өтеу туралы, өндіріп алу сомасының 1 АЕК мөлшерінде тоқсан сайын.

Ескертпе: өндіріп алу сомасы — атқарушылық құжатта көрсетілген ақшалай талаптың не өндіріп алушы мәжбүрлеп орындатуға ұсынған ақшалай талаптың бір бөлігінің мөлшері.

Жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтініш жасаған тараптан өндіріп алынады. Талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша жеке сот орындаушысының қызметіне ақы төлеу қамтамасыз ету шараларын қолдану туралы өтінішті мәлімдеген және талап қоюдан бас тартылған тұлғадан өндіріп алынады. Талап қанағаттандырылған жағдайда жеке сот орындаушысының талап қоюды қамтамасыз етудің күшін жою туралы атқарушылық құжат бойынша қызметіне ақы төлеу өзіне қатысты қамтамасыз ету шаралары қабылданған тұлғадан өндіріп алынады.

Сәуле ДАБЫЛОВА,

Ақтөбе облысы жеке сот орындаушыларының өңірлік палатасының жеке сот орындаушысы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button