Спорт

Спорт — өмірінің арқауы

Біздің сұхбат

Ол спорт десе, ішер асын жерге қоятын. Солай жан-тәнімен беріліп өсті. Сол құмарлық, арман кәсіби спортшылық мамандыққа алып келді. Осы саланың Алматыдағы жоғарғы білім беретін алтын ұясында оқып жүріп-ақ, белдескенін жығатын палуан атанды. Сексенінші жылдардың басында Қазақ КСР-інің спорт шебері атағын алды. Туған ауданына оралып, ауыл спортын дамытудың бастауында тұрды. Байғанин аудандық спорт бөлімінің алғашқы басшысы болды. Кейін еліміздің жамбасы жерге тимейтін палуандар қатарын көбейткен аудандық спорт мектебін қолымен құрды. Жаңа мектеп салып, шалғай ауданда спортты дамытуға өлшеусіз үлес қосты. Ширек ғасырдан бері осы білігі мен тәжірибесін облыс орталығындағы спорт мектептерінде жалғастырып келеді. Еліміздің үздік спорт қызметкері Ғабиден Тәшенбаев соңғы үш жарым жылдан бері олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжінің директоры. Жақында осындай азаматпен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

Орындалған өтініш

— Ұзақ жылдардан бері журналистік қызметте болып, іс-сапарларға шығып ел аралап жүргесін, өңірлердегі  біраз азаматтарды танисың, хабардар боласың. Әлгінде шаруа қожалығын басқаратын үлкен ағаң туралы айтқаныңда, ол кісі туралы, оның ұшқан ұясы жайында газетке мақала жазғаным есіме түсе кетті. Қазір өзің де айтып отырғаныңдай, сен ұшқан ұя — Байғанин өңіріндегі өскен, өнген әулеттің бірі. Әкеңіз — Ұлықпан Жұмабаев соғыста болып, Сталинград майданына қатысып, елге оралғаннан кейін, бар ғұмырын кеңес саудасын нығайтуға, жас шәкірттер тәрбиелеуге арнаған. Шешеңіз — Ұлбибі Төлегенова — 11 құрсақ көтеріп, соның тоғызын тәрбиелеп өсірген ардақты ана. Сондай жапырағы жайылған әулеттен шыққан Ғабиден Ұлықпанұлының басқа балалары сияқты Жұмабаев болмай, Тәшенбаев деп жазылуы қалай?

— Мұның себебі, әкемнің туған інісі Тәшенбай соғыстан оралмаған. Бір үйдің орны жоғалмасын деп, әкем мені сол кісінің атына жазған.

— Еңбек өтіліңіз бойынша спорт саласында 41 жыл жұмыс істеп келесіз. Кеңес заманында шалғай аудандардың жастары мамандық таңдағанда көбіне мал мен егіншілікке қатысты, өзге де ауыл тіршілігіне  бейімдеу мамандықтарды қалайтын. Ұстаздықты армандағандар да аз болған жоқ. Бірақ спорт саласына баратындар сиректеу кездесетін-ді. Сенің тура осы жолды таңдауыңа қандай орта себеп болды?

— Байғанин ауданының ауылдарының соншалықты шалғай жататыны рас. Бірақ мен ондай алыс ауылдарда емес, 1959 жылы 1 қаңтарда аудан орталығы Қарауылкелдіде дүниеге келгенмін. Балалық шағым осы жерде өтті. Комсомолдың 30 жылдығы атындағы орта мектепке бірінші сыныпқа бардым. 1975 жылы осы мектепті бітіріп, сол жылы Ақтөбе педагогикалық институтының денешынықтыру факультетіне түстім. Басқаға бұрылмай, осы мамандықты қалауымның сыры — спортқа, оның ішінде мектеп қабырғасында жүріп-ақ күреске  құмартуымнан болса керек.

Институтты бітіргеннен соң  бір-екі жыл өзім оқыған Қарауылкелді орта мектебінде мұғалім болып, дене тәрбиесінен сабақ бердім. Сөйтіп жүргенде Аудандық атқару комитетінің жанындағы спорт бөлімінің басшылығына шақырды. Арада екі жыл өткенде аудандық балалар спорт мектебіне директор болдым. Бірақ ол жылдары ешқандай жағдай болмады, спорт мектебі деген аты ғана еді. Орта мектептің бір бөлмесінде отырдық. Облыстан келген басшылар жағдайымызды көріп кетіп жүрді. Дұрыс адам келсе көрсетелік деп, бір жолы Мәскеу қаласынан спорт мектебінің жаңа үлгісін алдыртқанмын. 1986 жылы Ақтөбеден жұмыс сапарымен біздің ауданға Облыстық  атқару комитеті төрағасының орынбасары Ян Тампаев келді. Адамның сауалына сергек қарайтын, мейірімді кісі екен. Бұрынғы келген басшыларға көрсетіп жүрген мәскеулік жобамды оған да ұсындым. Басын шайқап тұрды да, уақытын белгілеп, өзіне Ақтөбеге шақырды. Айтқан уақытта барып жолығып, сол азаматтың көмегімен, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының, жобалау институты басшысының алдынан өтіп, толып жатқан кедергілерді жеңіп, құжаттарыма қол қойдырып қайттым. Жарты жылдай жаңа құрылыстың жобасы жасалды. Сөйтіп жүргенде ауданда ауыс-түйіс болып, бірінші хатшы Сматолла Беркімбаев басқа қызметке кетіп, оның орнына Мәжит Тәжіғұлов болып, Аудандық атқару комитеті төрағалығына өзге ауданнан Ғарифолла Мұхамбетжанов келді. Дегенмен жаңа басшы біздің ұсынысымызды қабыл алып, жыл аяғында үнемделген қаржыдан «Қарауылкелді» кеңшарына ақша аударып, спорт мектебін салуға мүмкіндік туды. Қолға қаржы тигеннен кейін, құрылыс жұмысын өзім ұйымдастырып, қашан біткенше басы-қасында жүрдім. 1987 жылы 3 ақпан күні ашылды мектеп.

Директор әрі жаттықтырушы

— Мен іссапарда болған кезде ол мектепті көрдім. Шынында да, жобасының өзгешелігі, қазіргі кезге дейін талғамнан қалмағаны байқалады. Тағы бір аңдағаным, байғаниндік жастар күреске бейім келеді екен. Аудан орталығы өз алдына, тіпті алыс ауылдардағы спорт мектептерінде де спорт шеберлері көп екен?

— Сол өзім салған жаңа мектепте директор әрі күрестен жаттықтырушы болдым. 1982 жылы Қазақ КСР-інің спорт шебері атағын алғанмын. Күрес спортының бар шеберлігін шәкірттерге үйретіп, болашаққа негіз қаладық қой. Аудандық спорт мектебіне басшы болып барған жылы бүкіл кеңшарларда филиалын аштым. Ол ауданда күреспейтін бала жоқ. Сабақтан шыққаннан кейін балалар күресіп жатады.

— Сондай ауданнан не себепті кеттіңіз?

— 1993 жылға қарай жағдай қиындай түсті. Спортқа мән берілмейтін болды. Айтқан бір-екі ұсыныстарым өтпеді. Қоныс өзгерткенді мақұл көрдім. Жолдасым Әлия екеуміз төрт баланың да жағдайын, болашағын ойладық. Содан Ақтөбенің іргесіндегі ауылға көшіп келіп, мектепте екі жылдай мұғалім болдым. Қалаға ауысып, спортшы жігіттер бірігіп «Жарылқасын» спорт клубын аштық.  Ол жол апатынан қайтыс болған атақты жаттықтырушы еді. Осы клубта 2006 жылы олимпиада резервінің бокс мектебіне директорлыққа тағайындалғанша, 10 жылдай жаттықтырушы болдым.Үш жарым жылдан кейін бокс мектебінің басшылығынан қаладағы №2 балалар спорт мектебіне директорлыққа ауысып, 2017 жылы 3 сәуірде қазіргі өзім басшы болып отырған олимпиада резервінің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжіне тағайындағанша, жұмыс істедім. Мен келген кезде бұрынғы полиция мектебінің орнында мектеп-интернат қана болған еді. Қызметке келердегі басшылықпен келісімім бойынша, арада алты ай өткенде колледж ашылып, қосылды.

Ауыл балаларына басымдық беріледі

— Сонда бұл — мектеп-интернат әрі колледж бе?

— Солай. 240 бала мектеп оқушысы және 60 бала колледжде оқиды. Жыл сайын спортқа бейім балаларды 7-сыныптан қабылдаймыз, олар мектепте 11-сынып бітіргенше оқиды. Сол мектеп бітірушілердің  ішінен жыл сайын 20 баланы колледжге іріктеп аламыз. Биыл 11-сыныпты 56 бала, колледжді 16 бала бітіріп шықты. Колледж бітіргендер денешынықтыру пәнінің мұғалімі мен жаттықтырушы деген мамандық алады.

Қазір біздің оқу орнымызда 300 бала білім алуда. Олар түгел жатақханаға орналастырылған. Бір бөлмеде екі баладан жатады. Бұрын бір бөлмеде 25 баладан жатқан, жөндеу жұмыстарын жүргізіп, осындай жағдайға жеткіздік. Мектеп-интернат бюджеттен қаржыландырылады, 5 мезгіл тамақ беріледі, 2 мезгіл жаттығу өтеді. Жататын орын, тамақ тегін, қосымша стипендия алады.

Мектеп пен колледжде оқитын жастар спорттың 9 түрімен айналысады. Бокс, күрестің бірнеше түрі, футбол, шаңғы спорты, стол теннисі, ауыр атлетика бар.

— Қазіргі оқып жатқандардың ішінде аудандардан келгендер көп пе?

— Ауыл балаларына басымдық беріледі. Мысалы, қазіргі 300 баланың 250-і шалғайдағы  ауылдардан, 50-і ғана қаладан.

— Әңгімеңізге қарағанда, оқу орнында бірыңғай ер балалар оқиды екен. Қыз балалар не себептен қабылданбайды? 

— Оқу орнының ашылғанына үш жарым  жыл ғана. Оған бірсыпыра жағдай керек. Бөлектелген бөлмелер жасақтау қажет. Оқу орны аяғынан тұрғаннан кейін қыздарға ыңғайлы спорт түрлерін ашу жоспарымызда бар.

Уақыт өткен сайын мектеп-интернат колледжіміз нығайып  келеді. Өткенде облыс әкімі Оңдасын Оразалин оқу орнының жұмысымен танысып, алдағы жылдары 50 метр бассейн салатын болдық. Бұрыннан тұрған гараждарды спорт залға айналдыру көзделуде. Жобалық-сметалық құжаттары жасалуда.

Ғимарат айналасы жақсы көгалдандырылған. Гүлді аямай егеміз. Ағашты көп отырғыздық. Биылғы көктемде стадион айналасына 1420 түп ағаш еккен едік. Қарама-қарсысына жасыл желектің және өзгеше сирек кездесетін түрлерін отырғыздық. Күні кеше ауладағы қарағай 100 түппен тағы да толықты. Шырша егу жалғасуда. Көгал алқабы мен ағаштарды өзіміз суарамыз. Ол үшін оқу орнының аумағынан 5 скважина қазылған еді, таяуда тағы қосымша скважина қазылды. «Сулы жер — нулы жер», біздің оқу орнымыздың айналасы әсем саябақ деуге болады. Жазғы маусымда түрлі  әнші құстар сайрап тұрады…

— Оқу орнының басты шұғылданатын шаруасы спортшылар даярлау болды ғой. Осы ретте қазір республикалық, халықаралық деңгейде атағы шығып жүрген қанша спортшы бар?

— Грек-рим күресінен, таэквондодан Азияның күміс жүлдегерлері бар. Еркін күрестен Қазақстан чемпионы болған оқушыларымыз баршылық. Жаңадан ашылып жатқан мектеп қой, дегенмен болашағы өте жоғары. Білімді, білікті маман спортшылар даярлау жолында ұжымда 32 мұғалім, 26 жаттықтырушы, 24 тәрбиеші  еңбек етуде. Балаларға тәрбие беруде, мақтанып айта аламыз, біздің мектеп-интернат-колледж республикада алдыңғы қатарда.

Мен мұнда,осындай үлкен оқу орнына басшы болсам, мынадай шараларды жүзеге асырар едім деп, армандап, мол дайындықпен келген адаммын. Сол арманым жүзеге асып келеді. Нұр-Сұлтандағы, Алматыдағы, Қарағандыдағы мектеп- интернаттарда болған кездерімде жаңалықтарды қарап жүремін. Біздің оқушыларымыз ақ көйлек, көк галстук, көк жакет, қар-шалбар, қара ботинка —бірыңғай киім үлгісімен жүреді. Онсыз сабаққа кірмейді. Ақындардың өлеңдерін жатқа білу талабын қоямын. Себебі спортшының жаны нәзік болу керек. Онсыз, тек қара күшпен жеңіске жете алмайды, әдіс-айла, ақыл керек. Біздің шәкіртіміз Әлімжан Сәлімжан Абайдың қарасөздерін оқудан республиканың жеңімпазы атанды. Қалада өтетін жаңажылдық шыршада біздің оқушылар ақындардың өлеңдерін оқудан дес бермейді. Сондайда қатарларымның «сен спортшы даярлайсың ба, ақын даярлайсың ба?» деп әзілдейтіні бар.

— Әңгімеңе қарағанда, оқу орнының айтатыны жоқ мықты екен. Барлық жағдай жасалған, бәрі тегін. Мұндай жерде балаларын оқытуға әркімдер-ақ қызығады. Сонда оқуға баланы қандай өлшем, талаппен қабылдайсыздар?

—Талап біреу — бізге 7-сыныпқа келген бала спорттың бір түрінен облыс чемпионы болуы керек. Баланың құжатын ашпай тұрып, мен соны сұраймын.

— Қазір солай іріктеліп алынған балалар түгел спортқа қабілетті болып жүр ме?

— 70 пайызы қабілетті, талантты. Оқып жатыр, жаттығуына, бабына, бағына қарай көреді…

— Колледжді бітірген түлектер не істейді?

— Алған мамандығы бойынша мектептерде мұғалім, не спорт мектептерінде жаттықтырушы болады. Жоғарғы оқу орнына түсіп, білімін жалғастыратындар да бар. Мысалы, бізде оқыған грек-рим күресінің палуаны, Азия чемпионы, екі мәрте республика чемпионы Дәулет Жалғасов биыл Ақтөбе университетіне түсті. Қазір университет намысын қорғап жүр.

— Сіздің ендігі арманыңыз не?

— Ендігі арманым — осы мектеп-интернат-колледжді  еліміздің батысындағы облыстарының аймақтық республикалық оқу орнына айналдыру. Мұндай интернат ол аймақтарда жоқ. Бұл мәселені көтеріп жүрмін. Болашақта жүзеге асып қалуы мүмкін.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ,

Қазақстанның құрметті журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button