БілімБасты жаңалықтар

Қаңтарда сабаққа кімдер барады?

Жаңажылдық каникулдан кейін мектеп бітіруші сыныптардың оқушылары мен бірінші курстықтар аралас білім алуға көше алады.

Қазақстан аумағында коронавирус инфекцияның таралуына жол бермеу жөніндегі ведомстоаралық комиссияның селекторлық мәжілісінің қорытындысы бойынша 9, 11 және 12-сыныптардың оқушыларына үшінші тоқсаннан бастап мектепке баруға рұқсат берілді. Алайда сабақта тікелей болу 70%  және 30% — онлайн дәстүрлі форматы сақталуы тиіс.

— Қазіргі уақытта біз оқушыларымыз үшін қанша сынып ала алатынымыз туралы деректер жинап, талдау жасаудамыз. Желтоқсан айының соңында коллегияда түпкілікті шешім қабылданатын болады. Балалардың мектепке баруына ата-аналарының келісімі қажет. Сыныптар аз құрамды болып жасақталады, барлық санитарлық нормалар сақталады. Қазіргі уақытта кезекші сыныптарда 1-5 сынып оқушылары білім алуда, олардың саны 45 000 шамасы, олардың ішінде бесінші сыныптықтар 2 243, — деді облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Гүлназ Сүлейменова.

Облыста 433 балабақшада 1 515 кезекші топтары жұмыс істейді. Оларға 22 000-нан астам бүлдіршін барады.

Үшінші тоқсаннан бастап оқушыларға сабақтан тыс уақытта қосымша сабақтар жүргізу де жоспарлануда. Дәріс беру бес адамнан аспайтын топтарда өтеді.

Екінші семестрден бастап колледждердің бірінші курс оқушылары да сабаққа бара алады.

— Жаңа жылдан бірінші курс оқушылары үшін сабақтың 70 пайызы штаттық кестеде жүргізіледі, қалған бөлігі ғана қашықтан оқытылады. Қанша топ ашып, қанша аудитория бөлінетінін шешу үстіндеміз. Өйткені олар енді барлық санитарлық нормаларды сақтай отырып, аз жасақталған топтарда оқитын болады, — деп түсінік берді облыстық білім басқармасы техникалық, кәсіптік және орта білім беруден кейінгі бөлім жетекшісі Венера Шавкилова.

Сондай-ақ облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес оқу орындарында ертеңгіліктер мен корпоративтік кештер өткізуге тыйым салынғаны айтылды.

А.БАБЕНОВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button