Экономика

Кәсіпкерлер тариф мәселесін көтерді

Талқы

«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәжіліс залында бизнестегілер үшін өзекті проблема — коммуналдық қызмет тарифтеріне қатысты  мәселе талқыланды.

Қазақстан Республикасы Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитеті Ақтөбе облысы бойынша департаментінің басшысы Нұрлан Болатбаев, өңірлік кәсіпкерлер кеңесінің төрағасы Асхат Айтжанов, облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Анар Даржанова, сондай-ақ коммуналдық мекемелердің өкілдері қатысқан жиында Алға ауданындағы бірқатар кәсіпкер көтерген тариф мәселесі сөз болды.

Алға ауданына барып, тұрғындармен кездескенімізде, кәсіпкерлер тариф мәселесін көтерген болатын. Олар  тұтынған электр қуаты мен газға ай сайынғы төлемақының қымбаттығын алға тартқан еді. Сондықтан бұл жиынға алғалық кәсіпкерлерді де шақырғанды жөн санадық, — деді А.Айтжанов.

Облыстық кәсіпкерлер палатасы директорының құқықтық мәселелер бойынша орынбасары Руслан Күйшіновтің айтуынша, бүгінгі күні бұл мәселе өте өзекті. Себебі шағын және орта бизнестегі кәсіпкерлер коммуналдық қызмет тарифіне қатысты қолдау күтетіні рас.

Қазіргі күні бұл мәселені Алға ауданының кәсіпкерлері көтеріп отыр. Себебі өз шаруашылығында құс өсіруге арналған жеке қосалқы шаруашылықтары бар шағын және микробизнес субъектілері үшін, яғни кәсіпкерлерге бүгінгі күні қандай да бір көмек пен қолдау қажет. Сондықтан олар «Энергосистема» кәсіпорнының тұтынған жарыққа есептейтін  тарифтік саясатымен  келіспейді. Өйткені жеке кәсіпкерлікпен айналысатындар заңды тұлға ретінде теңестірілген. Шынында да олар қазіргі күні өз ісін өндіруге қаржы салуда. Сондықтан шағын және орта бизнестегілерге жоғары мөлшерде есептелетін электр қуаты үшін коммуналдық төлемдерді төлеу мәселесі бұл істе қиындық тудырып отыр, — деді Р.Күйшінов.

Жиын барысында бір топ алғалық кәсіпкер тариф мәселесіне қатысты шағымдарын айтып, құзырлы орган өкілдерінің бұл мәселеге нақты жауап беруін сұрады.

Нұрлан Болатбаевтың айтуынша, егер жеке кәсіпкерлікпен айналысатын адам өз үйінен дүкен ашып, сауда жасайтын болса, онда екі есептегіш қондырғысын орнатуға тиіс. Оның бірі — тұрмыстық тұтынуға, екінші есептеу қондырғысы басқа мақсатта тұтыну құралы саналады.

Жеке тұлғаның заңды тұлға емес екені түсінікті. Бірақ, біздің саралауымыз бойынша, тариф мәселесінде мұндай ұғым жоқ. Яғни бізде тариф екі топ бойынша белгіленген. Қазіргі күні үшінші топ — бюжеттік мекемелер пайда болды. Бірінші топқа электр қуатын тұрмыстық тұтынушылар жатады. Екіншісі — бірінші топқа жатпайтын басқа да тұтынушылар. Бұл орайда тұрмыстық тұтынушылар санатына жатпайтындардың барлығы коммуналдық қызметті екінші топта тұтынушылар қатарына жатқызылады. Тіпті коммуналдық қызметтерді тұрмыстық тұтыну үшін тұтынатын заңды тұлғалар да бар. Олар кімдер? Заңды тұлғаларға тиесілі тұрғын үйлер, жатақханалар болады. Онда тұрақты тұратын азаматтар тұрмыстық тұтынушылар санатына жатқызылады. Тарифті мұндай саралау жүйесі кеңестік дәуірден бері жүзеге асырылып келеді. Оны ешкім өзгерткен жоқ. Сондықтан бұл мәселенің бізге қатысы жоқ,  Үкіметтік деңгейде шешкен абзал, — деді Н.Болатбаев.

Жиын барысында кәсіпкерлер тек тұтынған жарық емес, көгілдір отын, қазандық мәселесіне қатысты да бірқатар проблемаларды көтерді. Конференцияны қорытындылаған Асхат Айтжанов алғалық кәсіпкерлер көтерген мәселелер бойынша арнайы хат әзірленіп, Үкіметке жолданатынын айтты.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button