Ауыл

Қос ауылдың қуанышы — ауызсу

Тәуелсіздік күні  Ойыл ауданының Қаракемер, Ақшатау ауылдарында ауызсу желісі іске қосылды. Бұл Ойыл селолық округіне қарасты қос ауылдың көптен күткен мәселесі болатын. Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов тұрғындарды Тәуелсіздік күнімен құттықтап, қуаныштарымен бөлісті.

Екі ауылға да ауызсу құбырын тарту жұмысы биылғы көктемде басталды. Қолдануға берілу мерзімі келесі жылы болатын. Алайда мердігерлер тұрғындардың тілегі бойынша тапсырыс берушілермен мәмілеге келіп, жұмысты мейлінше шапшаң жүзеге асырып, су құбырын жыл соңына дейін іске қосып отыр. Қазіргі таңда 140 отбасы ауызсумен қамтылды. Алдымен ақшатаулықтардың қуанышына ортақ болған облыс әкімінің бірінші орынбасары облыс бойынша Тәуелсіздік мерекесі күні 12 ауылдың тұрғындары осындай қуанышқа кенеліп отырғанын айтты. Жалпы, биылғы жылы облыс бойынша 20 ауылға орталықтандырылған ауызсу құбыры жүргізілген. Оның төртеуі — Ойыл ауданының еншісінде.

Ақшатауда ауыл тұрғындары атынан Мінсізбай Жайлыбаев 72 шаңырақта төрт жүздің үстінде тұрғыны бар шағын ауылдың шаруасын шешіп берген облыс әкіміне алғысын жеткізді. Ауызсу құрылысын жүргізген «Ақпан» ЖШС-ның басшылығы ауылдағы тұрмысы төмен және көпбалалы отбасына су ысыту құрылғысын сыйға тартты. Ауызсу құбыры «Аймақты дамыту» бағдарламасы арқылы 327 миллион теңгеге жүргізілді. Су құбыры ауылдан 14 шақырым жердегі алдын ала зерттелген жерасты су қорынан тартылып отыр.

Қаракемерлік тұрғын Гүлзипа Иманчиева ауылға ауызсудың тез келгеніне ризашылығын білдірді. Көпбалалы отбасына облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің арнаулы сыйлығы табысталды. Мұнда да екі отбасына мердігер «Актам – Инжиниринг» ЖШС су ысытқыш құрылғы әперді. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасымен келген ауызсудың құны — 280 миллион теңге.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов «Көкжар» коммуналдық шаруашылық кәсіпорнына авариялық қызметтер көрсететін су жаңа автокөліктің кілтін тапсырды.

Ойыл ауданы үшін биыл төрт ауылға ауызсу құбырының тартылуы аудандағы таза су тұтынып отырған тұрғындардың санын тоқсан пайызға жеткізді.

 Серікбай ҚОЙБАҒАРОВ,

Ойыл селосы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button