Мәдениет

Аманғали ахун

Өткенімізге үңілгенде, тұла бойында тағылымы мен тәлімі тұнып тұрған адамдар ерекше көрініп тұрады. Сондай жандардың бірі Аманғали ахун Итесұлы 1884 жылы Қызылорда облысы Арал ауданының Құланды елді мекеніне таяу тұста Жантақты деген жерде дүниеге келген. Әкесі Итес діни сауатты, тақуа адам болған деседі. Ертеректе Ноғай елінен шыққан Қазақай ұрпағы Төремұрат ахун Құланды мен Аяққұм аралығындағы Хан деген жерде мешіт салдырған. Сол мешітті салу барысында құбыласын жұлдызға қарап белгілеп шығарып берген осы Итес молда деген сөз бар.

Итес өзінің баласы Аманғалиды жергілікті мұсылман мектебінде оқытады да, дін жолына бейім екенін аңғарып, ары қарай білімін шыңдау үшін Хорезмге жібереді. Зерек ұлан Бұхара, Хорезм, Хиуа сияқты үлкен қалалардың әйгілі медреселерінде жиырма жылдан астам білім алып, діни ғылымның алуан салаларын меңгерген. Оқуды бітірген соң сол өзі жүрген өңірлерде үш-төрт жыл ұстаздық етеді, тұрғылықты халыққа, шәкірттеріне ұнаған оған барлық жағдай туғызылады және түпкілікті жұмыс істеуі жөнінде өтініш жасалады. Ахун бұл ұсыныстарды сабырмен тыңдап, туған еліне қайтуға бел байлағанын, ары қарай атамекенде жұмыс істегісі келгенін айтады. Отанына бет алғанда әріптес ғұламалар жарты жолға дейін шығарып салып тұрып: «Сіз еліңізге өзіңізбен бірге Бұхара, Хорезм, Хиуа өңіріндегі діни ғылымның жартысын алып бара жатырсыз, халқыңызға қалтқысыз қызмет етуіңізге тілегімізді қабыл алыңыз», – деп қимай қоштасыпты.

1915 жылы аман-сау оралғасын әкесі Итес бас болып, ата қоныс Жантақтыда мешіт салып, бала оқытады. Сол мешіттің орны, қабырғасы әлі күнге дейін бар. Аманғали ахун Хиуаға барып, өз деңгейіндегі ғұламалармен пікір таластырады. Нәтижесінде діни сауаттылығымен көзге түсіп, «Ұстаз, Шатырхан ахун» деген ғылыми атақ алып қайтады. Мұндай жоғары дәрежеге жету – дін саласында ғылымның бірнеше бағыттарынан жан-жақты хабардарлығынан және араб, парсы, түрік тілдерінде еркін оқып, аудара білгендігінен, жетік сөйлейтіндігінен.

Тарихқа үңілсек, 1920 жылы аймақтық діни басқармалар құрылып, көптеген елді мекендерде шағын мешіттер өз қызметін тоқтатқан. Орта Азия республикалары мен Қазақстанда діни ағымға басшылық жасау орталығы Ташкент қаласында орналасты. Мешіттердің жабылуы салдарынан көптеген діни қызметшілер жұмыссыз қалады.

Ташкенттегі мұсылмандардың діни басқармасының өкілдерінен, Қазан, Уфа қалаларынан арнайы келген оқымыстылардан құрылған комиссия ишан, ахун, молла дәрежесі бар адамдар арасында араб, парсы, түрік тілдерінде бақылау-сынақ жүргізеді. Көптеген адам бұл сыннан өте алмай қалады. Аманғали ахун терең білімділігі арқасында «өте жоғары» деген баға алып, Шалқар аймақтық діни басқармасына бас мүфти болып тағайындалады.

Кеңес Одағының саясаты діни адамдарды қуғынға ұшыратқаны мәлім. 1920-1930 жылдар аралығында Аманғали ахун осындай қатал көзқарасқа душар болады, тумысынан киелі жанды бірнеше рет ұстап, түрмеге салғанымен, қолдануға белгіленген жаза жүзеге аспайды. Ақырында, ахун Өзбекстанға өтіп кетеді. Естуімізше, 1936 жылы Китап деген стансада өзіне қаралуға келген ауыр сырқатқа ем жасап отырған жерінде әлгінің сырқаты өзіне ауысып, бақи дүниеге жөнеліп кетеді.

Аманғали ахуннан Шаһабаддин, Кашабаддин деген екі ұл, Рашида, Зият деген екі қыз туған. Осылардан көзі тірісі жалғыз Рашида Қарақалпақстан Республикасында тұрады, Зият пен Кашабаддин Шалқар қаласында тұрған жерінде қайтыс болды, Шаһабаддин ұзақ жылдар Қарақалпақстанда тұрып, таяу уақытта елге көшіп келді, 2005 жылы Алға қаласында дүние салды.

Ахунның қосағы Салхаш әжеміз – Жанқылыш руынан Дүйсеннің қызы. Баласы Кашабаддиннің әйелі Мәркен – Тілеу руының Есіркеміс аталығынан, Жұмағали деген елге мәлім ақсақалдың қызы. Бес қыз тәрбиелеп өсірді: үлкені Задаш – Шалқар қаласының №1 орта мектебінде байырғы ұстаздардың бірі, Әлпен – Мұғалжар аудандық білім бөлімінде жауапты қызметте, Күлпан – теміржол саласында инженер, Жаңылсын ауданаралық газ шаруашылығы мекемесінде қызмет етеді, Тоғжан – Ақтөбе қаласындағы жеке кәсіпкерлік құрылымда.

Шахабаддин зайыбы Кәбирамен алты бала тәрбиелеп өсірді. Қыздары Дариға, Күләш, Әзиза, Бота, Әлия Шалқар, Алға, Ақтау қалаларында, Қарақалпақстан Республикасында тұрып жатыр, үйлі-баранды. Жалғыз ұлы Құрманғазы Ленинград қаласында Жоғары милиция мектебін бітірген, қазір Алға аудандық ішкі істер бөлімінде капитан шенімен қызмет етіп жүр.

Көзі ашық, діни сауаты бар, бұрын Бегімбет ауылында мешіт имамы болған Боранбайдан, бір кезде үйімізге көрші отырған Төлеу, Қасен, Жұмағұл ақсақалдардан естіп, пайымдағанымыз: Аманғали ахун діни ілімнің бір тармағы пері оқуын меңгергендіктен перінің қыздарымен бірге жүріп, дос болып, пікір алысқан деседі. Ол Хорезм, Хиуа қалаларында оқып жүргенде дәрісті бірге алып жүрген діни адаммен төсекте қатар жатады екен, сәлден соң әлгі орнында болмай шығады, бірақ ертелетіп тұрғанында досы дым болмағандай төсекте жатыр. Бұл құпияны Аманғали білмекке тырысып, әлгіден сұрайды. Ол болса ендігі сапарды бірге жасауына қарсы еместігін айтып, бөгде ортаға барғанда өзін сездірмеу, ешкімге тиіспеу қажеттігін ескертеді. Сөйтсе, досы перінің баласы болып шығады. Екеуі күндегі уақытында бірге кетіп, перінің қыздарымен қыдырады. Пері ішінде жүргенде бұл екеуін көре алмайды да, бұлар олардың іс-әрекеттерінің бәрін сезіп-көріп отырады. Бір күні перінің қызы Аманғали мен досының ортасына келеді. Араларында адам бар екенін сезгендіктен Аманғалиға сүйкеніп жүреді екен, бұл болса қыз әрекетінің ұнамсыздығын біліп, жағынан шапалақпен тартып жіберген. Сонда перінің қызы ахунның тегін жан еместігін түсінген, екеу ара достық қарым-қатынаста болған екен.

Аманғали Итесұлының оқуының тереңдігіне екінші мысал. Дінге қарсы ағыммен жендеттер маза бермеген соң олардың қуғын-сүргініне мойынсұнып, Ақтөбенің түрмесіне қамалады. Жатқан адам көп, айнала қоршау, ешкім ретсіз шыға алмайды. Сөйтсе де ахунның бірнеше рет далаға шығып, есік алдында еркін қыдырып жүргенін көріп, күзетшілер аң-таң болады. Тексерсе есік-терезелер орнында, адам шығатындай рет жоқ. Енді күзетшілердің өзінде үрей пайда бола бастайды. Түрме бастығы Аманғалиды шақырып алып:

– Сіз далаға шыққаннан кейін қайтадан ішке кіріп, өз орныңыздан табыласыз. Өз тарапымыздан қандай деңгейдегі адам екеніңізді зерттеп, тегін еместігіңізді    білдік. Тіпті, түрменің бүкіл күзетшілерін байлап тастай алатыныңызға, қашып кетуіңізге әбден болатынына шек келтірмейміз. Сөйтсе де мұны істемейсіз. Неге? – дейді.

Ахун:

– Біз – діннің әр саласын толық меңгерген адамбыз, жердегі жыбырлаған жәндікке де залал келтірмеуге ант еткенбіз. Сіз және қарауыңыздағы қызметшілер   жоғарының бұйрығын орындап, өз міндеттеріңізді атқарып жүрсіздер, ешқандай кінәларыңыз жоқ, – деп жауап қайырған екен.

Түрме бастығы Аманғалидың өз атына жасалған мөрін қайтып беріп, жазадан босатқан және діни ұстаздық қызметін жалғастыруына рұқсат берген.

Шалқар қаласында күні кешеге дейін тірлік кешкен Насырдың Әлиі де осы әңгімелерді жандандырып айтушы еді, бұл кісі милиция органдарында жұмыс істеген, бір кезде 17-20 жас аралығында Аманғалиға атқосшы болған екен.

Еліміз егемендік алғаннан кейін Шалқардан Үстіртке қарай екі жүз шақырымнан астам жердегі Бозой ауылында ашылған мешітке Аманғали ахунның есімі берілді. 1920-1935 жылдары Шалқар аймақтық діни басқармасының бас мүфтиі болып жүрген Аманғали ахунға Орта Азия республикалары мен Қазақстанның Діни басқармасы берген атаулы мөр қазіргі күнде ұрпақтарында сақтаулы. Үстіміздегі жылы ғұламаның туғанына 125 жыл толғалы тұр, осыған орай ұрпақтары мен Бозой ауылында тұратын азаматтар бірігіп, үлкен қорымда белгі қоюды қолға алды және әзірлік жұмыстарына кірісті.

Әбілахим ШАНШАРОВ,

еңбек ардагері, зейнеткер.

Шалқар қаласы.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button