Экономика

Ақтөбе рейтинг бойынша бірінші орында

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы:

Ақтөбе рейтинг бойынша бірінші орында

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы (ҮИИД) аясында қолға алынған «Индустриаландыру картасына» кірген инвестициялық жобалардың саны бойынша біздің облыс бірінші орында. Бұл — облысымыздың мүмкіндігінің мол екендігінің тағы бір дәлелі. Біздің облыста санмен қоса сапа да жоғары деңгейде. 9 айдың қорытындысы жасалған рейтингте  біздің өңір республикада бірінші орында тұр.

Бесжылдық бағдарламаның бірінші жылы аяқталуға жақын. Жоспарға сәйкес, биыл елімізде 144 инвестициялық жоба тапсырылуы керек. Оның 72-сінің (жалпы құны — 459 миллиард теңге) тұсауын маусымның 28-і күні  «Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірде Елбасының өзі кескен болатын. Қалған 72 жобаны жыл аяғына дейін тапсыру міндеттелген еді. Қуаныштысы, бұдан бөлек 8 ірі жобаны биыл аяқтауға ел мүмкіндігі жетеді. Бұл жөнінде қазанның 19-ында Премьер-Министр Кәрім Мәсімовтің төрағалығымен өтекен селекторлық кеңесте айтылды. Барлығы 80 жобаны Мемлекет басшысы желтоқсанның 20-сында он-лайн режимінде іске қосады. Нәтижесінде, елімізде 24 мың жұмыс орны ашылады.

Стратегиялық маңызы зор бағдарламада көрсетілген міндет — экономиканың басым секторларын дамытудың әлеуметтік тиімділігін күшейту және инвестициялық жобаларды іске асыруда Ақтөбенің қарқыны жоғары.  Республикалық басқару орталығының мониторингінде біздің өңірдің 33 жобасы (жалпы құны — 444,5 млрд. теңге) тұр. Олардың 12-сі республикалық, 21-і өңірлік картаға енген. Жоба толық қуатында жұмыс істегенде 7600 жаңа жұмыс орны ашылады.

Рейтинг және Ақтөбе

Еске сала кетейік, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жыл басында Ақордада өткен Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаны дамыту мәселелері бойынша арнайы кеңесте: «Индустрияландыру бағдарламасы табысты жүзеге асқан жағдайда бір жылда 25 мың тұрақты жұмыс орны ашылады, 5 жылдың ішінде экономикамыз 30 пайызға өседі. Сондықтан әріңізді бұл іске аянбай атсалысуға шақырамын» деген болатын. Және Мемлекет басшысы Президент Әкімшілігіне бірінші тоқсанынан бастап индустриялық жобалар бойынша облыс әкімдерінің жұмысына рейтингтік бақылауды тапсырды.

Бүгінде көп дүние әкімдердің, әсіресе, қала мен аудандардың әкімдерінің жұмысына байланысты. Сондықтан да оларға қойылатын талап күшейтілуі тиіс. Президент Әкімшілігіне ағымдағы жылдың бірінші тоқсанынан бастап индустриялық жобалар бойынша әрбір әкімнің жұмысына рейтингтік бақылауды енгізуді тапсырамын. Бағдарлама аясында жобаларды жүзеге асыруға бөлінген қаржының тиімді пайдаланылуына қатаң бақылауды қамтамасыз ету қажет, – деді жиында Елбасы.

Мемлекет басшысы қазанның 19-ы күні аймақтардағы үйлестіру кеңесіне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биыл тапсырылуы тиіс жобалар жыл аяғына дейін толық қуатында іске қосылу керектігін  қадап айтты.

Президент тапсырмасы біздің облыста жоғары деңгейде орындалып жатыр. Бұл жөнінде облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы, инвестиция және кәсіпкерлікті қаржымен несиелік қолдау бөлімінің бастығы Жеңісбек Ақбергенов былай дейді:

Жақында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының Ақтөбе облысында орындалу барысын қадағалау  мақсатында Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Марат Анарқұлов келіп кетті. Астаналық мейман бірқатар жұмыс нысандарын аралады, үлкен жиын өткізді. Марат Анарқұлов сапар қорытындысында біздің облыста бесжылдық бағдарламаны жүзеге асыруда атқарылып жатқан істерге жоғары баға берді.

Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын іске асыруда 9 айдың қорытындысы жасалған рейтингте біздің өңір республика бойынша бірінші орында екенін мақтанышпен айтамыз.

Елбасы Жолдауында тұтас алғанда республика бойынша ішкі жалпы өнімдегі өңдеу өнеркәсібінің үлесі 2015 жылға 12,5 пайыздан кем емес, ал 2020 жылға 13,0 пайыз болуы керектігі нақты айтылған. Жаңа жоғары технологиялық өндірісті іске қосу арқасында біздің облыста 2015 жылы жалпы ішкі өнімдегі өңдеу саласының үлесі 13 пайызға, ал 2020 жылға 15 пайызға дейін өседі.

Биылғы жылдың жемісі —  43 жоба

Республикалық басқару орталығының мониторингінде тұрған жобалардың  33-і (жалпы құны — 444,5 млрд. теңге) Ақтөбенің еншісінде. Мұның 12-сі республикалық картаға кірген. Қалғаны — өңірлік картада. Жоба толық жүзеге асырылғанда 7600 жаңа жұмыс орны ашылады.

Биылдың өзінде біздің өңірде 43 инвестициялық жоба (жалпы құны — 140,1 млдр. теңге) жүзеге асырылады. Оның 24-і ірі жобалар. Қарашаның 1-інде дейін 14 ірі жоба пайдалануға берілді. Бірқатар жобалардың негізгі жұмысы аяқталған. Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұхановтың айтуынша, қалған 10 жоба жыл аяғына дейін іске қосылады.

— «Рамазан» ЖШС құс фабрикасы, «АМФ Групп» АҚ қуаттылығы 110 МВт  газтурбиналық электрстанциясы, «Синойл» ЖШС АФ мұнай базасы белгіленген мерзімде толық қуатында  пайдалануға беріледі, — дейді Марат Нүренұлы.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директорының орынбасары Жеңіс Сейітпағамбетов аталған кәсіпорынның жасаған жұмысы туралы былай дейді:

Мұнай-газ секторының дамуына «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның қосар үлес зор. Біздің кәсіпорын үш жобаны жүзеге асыруды қолға алып отыр. Олар: мұнай дайындайтын №4 зауыт (бірінші кезеңі), Жаңажол кен орнындағы тазартылмаған газды айдайтын станция, Жаңажол газ өңдеу зауытына Солтүстік Трува кен орнынан газды сепарациялау және айдау станциясы. Қазір бұл бағыттағы жұмыстар аяқталуға жақын. Жобалар желтоқсанның 20-сына дейін іске қосылады.

Жаңажол газ өңдеу зауытына Солтүстік Трува кен орнынан газды сепарациялау және айдау станциясы — республикалық индустрияландыру картасына  енгізілген жоба. Жаңажол мұнай өңдеу зауытының екінші және үшінші кезеңі іске қосылғаннан кейін өңдеу мен өндірілген ілеспе газды пайдаға асыру және әлемдік рынокқа шығу мәселесі шешіледі. Бұл кәсіпорын облыстың өнеркәсіп өндірісі мен халқын арзан газбен қамтуды жоғары деңгейде қамтамасыз етеді. Сондай-ақ мұнай өндірілетін аймақтарда әлеуметтік және экологиялық жағдай айтарлықтай жақсарады.

Біздің өңірдегі жобалар негізінен тау-кен металлургия кешені, құрылыс индустриясы, ауылшаруашылық, тамақ өнеркәсібі, электр және көлік инфрақұрылымы салаларында жүзеге асырылады. Мысалы, тау-кен металлургия кешені бойынша Хромтау ауданында «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС-ның мыс және мыс-мырыш кенін шығаратын №2 кен байыту фабрикасы мен «Восход» жерасты кеніш-шахтасы(«Восход-Ориел» ЖШС) ел игілігі үшін жұмыс жасайды. Ал құрылыс инустриясы бойынша вибросығымдалған бұйымдарын шығаратын зауыт («СпецТранс-СтройКомпани» ЖШС), кірпіш зауыты («Ақтөбестроймонтаж» ЖШС), қиыршықтас зауыты («Теміржол Құрылыс Атырау» ЖШС), қыш бұйымдарын шығаратын зауыттар («Ситал-2» ЖШС) қажеттілікті өтейді.

Телекөпір және жобалар

Желтоқсанның 20-сы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен елімізде 80 жоба он-лайн режимінде іске қосылады. Біздің облыста  Шилісай фосфорит кен орнынан күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін химия комбинаты немесе «Izeet Green House» жылыжай кешені телекөпір арқылы пайдалануға берілуі мүмкін.

Шилісай фосфорит кен орнынан күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін химия комбинаты — еліміздің индустрияландыру картасына енгізілген ірі жоба. Мұнда диаммоний және моноаммоний фосфат тыңайт­қыштары шығарылады. Кен орнындағы шикізат көлемі — 800 млн. тонна. Мамандардың айтуынша, кен қоры елу жылға жетеді. Комбинат екі кезекте пайдалануға беріледі. Толық қуатында жұмыс істеген­де кәсіпорын жылына 1,7 млн. тонна минералды тыңайтқыш өндіреді. Осын­да өндірілген фосфор ми­нералды  тыңайтқыштарының 60 пайызы Украинаға, Ресейге, Қытайға және Үндістанға экс­портқа шығарылады деп жоспарланып отыр.  Комбинат іске қосылғанда 2 мың жұмыс орны ашылады.

Телекөпір арқылы пайдалануға берілуі мүмкін жобаның бірі — «Izeet Green House» жылыжай кешені. Облыстың азық-түлік белдеуін құру мақсатында қолға алынған бұл жоба өңірлік индустриаландыру картасына кірген. Облыстағы ірі  құрылыстың бірі саналатын жылыжайда (жалпы көлемі — 3 гектар) голланд технологиясы бойынша қызанақ өсіру жоспарланып отыр. Өндірісте голландық “Dalsem” фирмасының құрал-жабдығы пайдаланылады. Кешен іске қосылса, жылына 1500 тонна көкөніс өндіріледі. Кешен құрылысы “Қазагроқаржы” АҚ қолдауымен жүзеге асырылып жатыр. Жобалық-сметалық құны — 1230,0 млн. теңге. Жобаны жүзеге асыруда “Қазагроқаржы” АҚ арқылы 994,9 млн. теңге бөлінген.

Сонымен, экономиканы әртараптандыру және оның бәсекеге қабілеттігін арттыру арқылы орнықты және теңгерімді өсуін қамтамасыз ету мақсатында қолға алынған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасын жүзеге асыруда да Ақтөбе облысы өзге облыстарға үлгі болып отыр. Бұл,  әрине, облыс әкімі Елеусін Сағындықов бастаған билік өкілдерінің еңбегінің жемісі.

Біздің дерек

***

«Индустрияландыру картасына» енгізілген 240 жоба бар. Соның 101- і (жалпы құны — 6,8 триллион теңге) республикалық картаға топтастырылған. Бұл мақсаттағы шаруаны жүзеге асыру кезінде 130 мың уақытша жұмыс орны ашылса, жоба толық іске қосылғаннан кейін 90 мың қа­зақ­стандық тұрақты жұмыс орнымен қам­тылады.

***

Ал еліміз бойынша өңірлік карталарға жалпы құны 580,4 миллиард теңгеге бағаланған 139 жоба енгізілген. Бұл бағыттағы үлкен істі жүзеге асыру барысында 13,3 мың адам уақытша жұмыспен қам­тылады. Ал жоба жүзеге асқанда 18,5 мың адам тұрақты жұмысқа орналасады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button