Мәдениет

Ассалаумағалейкүм, «Ассалаумағалейкүм» фестивалі!

Дүйсенбі күні «Алақай» қуыршақ театрында осымен екінші рет «Ассалаумағалейкүм» атты халықаралық қуыршақ театрлары фестивалі басталды. Бұл, әсіресе — бүлдіршіндер үшін таптырмайтын мереке.

Қырғызстаннан,  Ресейден, Тәжікстаннан және өз еліміздің қалаларынан келген әріптестерін алақайлықтар қазақтың қонақжай дәстүріне сай қарсы алды. Күрделі жөндеуден өткен театр ғимараты кірсе шыққысыз болып өзгеріпті.

Фестиваль шымылдығын «Мукраның жазасы» атты қойылыммен «Алақай» қуыршақ театры ашты. Қойылымды Вильгельм Гауфтың шығармасы бойынша орынборлық режиссер Вадим Смирнов сахналады.

Спектакльден соң фестивальдың сараптау комиссиясы мүшелері мен қаладағы БАҚ өкілдері қатысқан  баспасөз мәслихаты болып өтті. Бұл шара театрдағы мұражай ішінде болды. Оған  сараптау комиссиясының төрағасы, Ұйғыр мемлекеттік театрының көркемдік жетекшісі, Т.Жүргенов атындағы ұлттық өнер академиясының профессоры, белгілі театр сыншысы Ахмеджан Қадыров, Ресей Федерациясының Театр қайраткерлері одағының қуыршақ театрлары бойынша комиссиясының мүшесі, Израильдегі «Золотая маска» ұлттық театр сыйлығын беру жөніндегі  қазылар алқасының мүшесі, режиссер Виктор Шрайман, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері, Астанадағы орыс драма театрының режиссері Бекболат Парманов, ҚР Мәдениет министрлігіндегі театр  және кинематография бөлімінің сарапшысы Гүлнафиз Мырзашева, Ақтөбе облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова қатысты. Мәслихатты «Алақай» театрының директоры әрі бас суретшісі Әсия Құрманалина жүргізіп отырды.

Алдымен Виктор Шрайман сөз алды:

— Дағдарысқа қарамастан театр фестивальдары көбейіп  тұр, оның ішінде қуыршақ театрлары фестивальдары да көптеп ұйымдастырылуда. Бұл  өнердің мәңгілік екенін көрсетсе керек. Ал осындай кезде фестиваль өткізіп отырған Ақтөбеге алғыстан басқа не айтуға болады? Фестиваль деген бір жағынан — құндылықтарды тексеруден өткізу, сондықтан  жауапкершілігі үлкен шаруа деп есептеймін. Әр театрдың спектаклін талдап, пікір айтқан кезде  сын-ескертпелер болмай қалмайды. Оны көңілге алудың қажеті жоқ. Дәрігердің ауруды анықтап, ем жазып беретіні сияқты пайдалы дүние деп қабылдау керек. Мен Қазақстанға бірінші рет  келіп отырмын, фестиваль  қатысушыларына сәттілік тілеймін, — деді ол.

Бекболат Парманов фестиваль жайлы ойын былайша жеткізді:

— Фестиваль қуыршақ өнері мамандары үшін — үлкен мереке, түрлі театрлардың қойылымын көріп, қандай деңгейде келе жатқанымызды бағамдай аламыз. Бұрын қуыршақ театрлары көп еді, содан қалғаны — 7 театр. Мұндай фестивальдардың өткізілуі бұрынғы дәстүрдің жалғасқанын, жоғалтқанымызды тапқанымызды көрсетеді.

Мәдениет министрлігінің өкілі Гүлнафиз Мырзашева:

— Қазақстандағы қуыршақ өнерін дамытуда «Алақай» театрының орны бөлек. «Алақай» театрының  қазіргідей уақытта екінші рет  осындай шараны қорықпай мойындарына алып, өткізіп жатқанына ризамыз. Фестиваль ұйымдастыру оңай шаруа емес. Республикада  50-ден астам театр бар, драма театрлар фестивалі өткізіліп тұрады. Келесі жылы  қуыршақ театрларының «Ортеке» фестивалін  өткізуді жоспарлап отырмыз. Жан-жақтағы әріптестерінің бастарын қосып, қуыршақ өнерінің кең қанат жаюына үлес қосып отырған «Алақай» театрына рақмет, — деді.

Ахмеджан Қадыров:

— Ақтөбе — театр өнерін құрметтейтін қала. «Алақай» театры ұжымымен, оның шығармашылығымен бұрыннан таныспын, осы өнер ордасының  мен де бір мүшесі тәріздімін. Жүрген жерімде осы театр туралы айтып, таныстырып жүремін, мақалалар жазамын. Өйткені мұнда да, облыстық драма театрында да Жүргенов атындағы академияның түлектері, өзімнің шәкірттерім жұмыс жасайды. Олардың өнердегі жолын әрдайым   қадағалап, жақсы қадамдарына қуанып отырамын, бағыт-бағдар сілтейміз. Ұлттық драматургияның жұтаңдығына қарамастан, бұл  ұжым тығырықтан шығар жол тауып отыр. Аударма пьесаларды сахналап жүр, — деді.

Журналистер тарапынан қуыршақ өнеріне қызықты сұрақтар қойылды. Әсіресе  «Сіздер сақал-самайларыңызды боз қырау шалып, егде тартқанша, қуыршақтармен айналысып жүргендеріңіз туралы бір сәт: «Осы мен не істеп жүрмін?» — деп ойланып көрдіңіздер ме?» деген тілшінің сұрағы қуыршақ өнерінің майталмандарын дүр сілкіндірді. Қалжың аралас сұраққа әбден күліп алған соң барып жауап берілді:

— Адамның жасында тұрған ештеңе жоқ, өз кәсібіңді сүйсең, оған шын жүрегіңмен беріле, ізденіп еңбек етсең, одан асқан бақыт жоқ. Ал қуыршақ өнері — баланың ойыны емес. Өте салиқалы, азабы мол кәсіп, оны жеңіл-желпі нәрсе екен деп ойлауға болмайды,— деді Виктор Шрайман.

Ал Ахмеджан Қадыров:

— Осында отырғандардың ішіндегі жасы үлкені мен екенмін, жетпіс  беске келдім. Мектепте оқып жүрген кезімнен театр өнеріне құмар болдым. Өсе келе осы саладағы ең қиын кәсіпке – театр сыншылығына бел будым. Осы жерде мақтануға тура келеді. Театр сыншысында энциклопедиялық білім болуы тиіс. Өйткені спектакльді талдау үстінде  режиссер болсын, актер болсын,  суретші болсын, әйтеуір біреуінің қойған сұрағына  мүдіріп қалуың мүмкін ғой, сондықтан әрдайым  ізденіс үстінде жүруге тиіссің. Күн демей, түн демей жұмыс жасайсың, уақытпен есептеспейсің.  Мен өзімді өз ісіне берілген адам санаймын, шәкірттеріме де: «Егер өз ісіңе жан-тәніңмен берілмесең, онда еш нәтиже шықпайды» деп айтып жүремін. «Театр сыншысында дос болмайды. Тек пікір таластырушы ғана болады» — деуден танбаймын. Жалпы сынағанды ешкім ұнатпайды, — деп жауап берді.

Тольяттидегі «Дюймовочка» қуыршақ театрының көркемдік  жетекшісі әрі бас режиссері Геннадий Гипиков жоғарыда сұраққа қатысты мынадай әңгіме айтты:

— Қуыршақ театры жолында бәрін қиюға болады. Өйткені ол — балаларға арналған өнер. Ал баланың жан-дүниесі таза, ол сәл өтіріктің өзін сезіп қояды, көңілге де қарамайды, егер қойылым ұнамаса, үлкендер секілді шыдап отыра алмайды, әдеп сақтауды білмейді. Қасындағы қыз баланың бұрымынан тартып, болмаса басқа нәрсемен айналысып кетеді. Сенің жұмысыңа олар осылай баға береді. Сондықтан оларды зеріктірмейтін, еріксіз баурап алатын тамаша қойылымдарды қою үшін аз тер төгілмейді, біздің жұмысымыз өте күрделі.  Бірде Сукониннің «Аю мен түлкі» деген пьесасын қойғанбыз. Спектакльден соң балалардан: «Сіздерге ұнады ма?» деп сұрадық. Біреуіне аю, енді бір қыз балаға түлкі ұнапты. «Түлкі деген ұрлықшы ғой, аюдың еңбектеніп тапқанын ұрлап алады. Ол несімен ұнады?» десек, бір ер бала: «Ол тура біздің үкімет сияқты, бәрін ұрлап алады» деп, күлкіге қарық қылды. Баладан ештеңені жасыру мүмкін емес. Енді бірде спектакльден соң киімілгіштің жанында көзінен жасы бұршақтап тұрған бүлдіршінді көрдім. Анасының жұбатқанына көнетін емес. Қасына барып: «Неге жылайсың?»  деп сұрадым, жылауын тоқтата қойып: «Менің тағы да көргім келіп тұрған жоқ па?» — дегені…

Бекболат Саттарұлы да өз пікірін жеткізді. Ол:

— Мен дәрігерлер отбасында өскенмін, қуыршақ өнеріне ойламаған жерден келдім.  Санкт-Петербургтегі (Ленинградтағы) мемлекеттік театр институтының актерлік бөліміне оқуға түскенмін, содан қуыршақ өнеріне деген  қызығушылығым оянып, актерлікті бітірген соң  оқуымды қуыршақ театры режиссері бөлімінде жалғастырдым. Жалпы бұл өнерде кездейсоқ адамдар жүре алмайды, бұл — өте нәзік, терең өнер. Ал адамның жасына қарап тұрған ештеңе жоқ, бәрі де кәсіби деңгейге байланысты. Мен өзім нені сахналасам да, адамдарды бірінші орынға қоямын, — деді.

Осылайша баспасөз мәслихатында қуыршақ өнері хақында мәнді әңгімелер айтылды.

Одан кейін фестивальдың ашылуына арналған салтанатты кеш болды.  Облыстық мәдениет басқармасының бастығы Нәзира Табылдинова фестиваль қатысушылары мен  қонақтарын құттықтады. Кешті «Алақайдың» актрисасы Ләззат Сүлейменова мен  мәскеулік режиссер Вячеслав Виттих  жүргізді. «Алақайдың» актерлері Сүгір термесінің әуенімен әріптестеріне екі тілде арнау айтты. Жадыра Арыстанова қырғыздың «Жаңбыр төкті»  әнін Қырғызстаннан келген қонақтарға арнады. Ал Тәжікстаннан келген қуыршақ театры ұжымына «Аққу» би  ансамблі «Аққу» биін, Татарстан елінен келгендерге «Русский сувенир» би ансамблі  татар биін  тарту етті. Шымкент пен Петропавлдан келген театр ұжымдарын шебер күйші Бақытбек Зейнелов күмбірлеген күймен қарсы алды. Орынбор облыстық  және «Пьеро» қалалық театры ұжымдарына  «Русский сувенир» би  ансамблі орыстың «Варенька» биін сый ретінде ұсынды.

Ардақ ҚОНАҚБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button