Денсаулық

Інісі апасына бүйрегін берді

Медицина

Ақтөбе медициналық орталығында 44 жастағы Атырау облысының тұрғынына бүйрек ауыстыру отасы жасалды. 41 жастағы інісі апасына бір бүйрегін берді. Отаны ҚР Ұлттық онкология және трансплантология ғылыми орталығының органдар трансплантациясы жөніндегі үйлестірушісі, академик, профессор, медицина ғылымының докторы  Жақсылық Досқалиев бастаған ақтөбелік хирургтер жасады. Ота сәтті аяқталды.

Атырау облысынан келген науқас ұзақ жылдардан бері бүйрек ауруына шалдыққан. Дәрігерлер бүйректі ауыстыру керектігін айтады. Науқастың інісі донор болады.

Қазір реципиенттің де, донордың да денсаулығы қалыпты. Науқасқа салынған бүйрек зәр бөліп, біртіндеп жұмыс жасап жатыр. Жалпы бұндай операция биыл бірінші рет жасалып отыр. Себебі наурыз айынан бастап елімізде індет өршіді. Жоспарлы оталардың барлығы тоқтап қалды. Оның ішінде бұл аурухана коронавирусқа шалдыққандарды емдейтін стационарға айналды. Күзде аурухана іші толық дезинфекцияланып, жоспарлы оталар жасала бастады. Бұл жердегі трансплантология орталығы еліміздің батыс өңіріне қызмет көрсетеді. Барлық заманауи стандартқа сай құрал- жабдықтармен жарақталған. Дәрігерлердің жұмыс жасауына мүмкіндік мол. Бір ғана мәселе — донор тапшылығы, — деді Жақсылық Досқалиев.

Қазіргі таңда елімізде 8 мыңнан астам адам гемодиализге таңылған. Оның 3220-сына бүйрек ауыстыру отасын жасау керек. Хирургтің айтуынша, гемодиализ алатындардың барлығы бірдей бұндай отаны көтере алмайды. Сондықтан денсаулығы қалыпты, өзге ауруы жоқ науқастардың ғана бүйрегі ауыстырылады. Біздің облыста 742 адам гемодиализ алады. Оның 210-ы бүйрек ауыстыру кезегінде тұр.

Айтуға оңай болғанымен, гемодиализ алу өте қиын нәрсе. Науқастарды бұл азаптан құтқарудың бір жолы — бүйрек ауыстыру. Оның ішінде дене мүшені мәйіттен алған жөн. Себебі бұл оңай операция емес, қауіп қатар жүреді. Тіпті уақыт өте келе донордың өзі реципиенттің күйін кешуі мүмкін. Сондықтан дене мүшені мәйіттен алған дұрыс. Бұл жағдайға еліміздің азаматтары түсіністікпен қарауы керек. Отбасында бір адам ауырса, бәрінің көңілін мұң басады. Олар қуанып, күле алмайды. Науқас жақынымен бірге ұйқысыз күндерді басынан өткізеді. Олардың басында бір ғана ой тұрады. Ол — бауырымды, баламды аурудан қалай  құтқарамын, — деген  Жақсылық Досқалиев  жұртшылықты мәйіт донорлығына түсіністікпен қарауға шақырды.

Атырау облысынан келген науқас пен донор толық жазылып кеткенше дәрігерлердің бақылауында болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button