Денсаулық

Облыста 728 031 адам сақтандырылған

Брифинг

Биыл елімізде 1 қаңтардан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі іске қосылды. 1 шілдеге дейін  барлық қазақстандықтар шартты түрде сақтандырылған болып саналды және медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде медициналық қызметтерді алуға құқылы болды. Бұл мерзім ел тұрғындарының жүйеге үйреніп, мәртебесін анықтап алуы үшін берілді. Ал 1 шілдеден бастап міндетті медициналық сақтандыру пакетіне тек сақтандырылған азаматтардың ғана қолы жетті. Қазіргі күні біздің облыста  сақтандырылған азаматтардың саны — 728 031. «Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев әлеуметтік желіде өткен брифингте бір жыл бойы атқарылған жұмыстарды баяндады.

Негізгі мақсат — халықты міндетті медициналық сақтандыру жүйесімен толық қамту. Өйткені сақтандырылмаған азаматтар  міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі бойынша көрсетілетін медициналық қызметтерді ала алмайды.

Осы ретте сақтандырылмаған тұрғындардың не себепті сақтандырылмағаны анықталып, талдау жүргізілді. Қатаң карантин кезінде қазақстандықтардың бір бөлігі міндетті медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлей алмады. Жеңілдетілген санатқа кіретіндер  42 500 теңге мөлшеріндегі  біржолғы әлеуметтік төлем алу үшін бірыңғай жиынтық төлем (БЖТ) төледі. Осыған байланысты ақпараттық жүйе оларды жұмыс істейтіндердің санатына қосып, автоматты түрде оларды  БЖТ төлеушілердің санатына ауыстырды. Осылайша олар Saqtandyry мәліметтер базасындағы жеңілдік санатынан шығып қалды. Сондай-ақ жалдамалы жұмысшылар, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар төтенше жағдай кезінде төлемдерді уақытында төлемегендіктен, МӘМС жүйесінен шығып қалды. Алайда бұл мәселелердің барлығы уақытында оң шешімін тапты, — деді Батырбек Нұрғалиев.

Қазіргі күні облыс халқының саны — 888 169 адам. Оның 495 989-ы жеңілдетілген санатқа кіреді, яғни олар үшін жарнаны мемлекет төлейді. Ал  жалдамалы жұмысшылардың саны — 266 143, жеке кәсіпкерлер және азаматтық-құқықтық  келісімшарты бойынша жұмыс жасайтындар — 47 821, ал  бірыңғай жиынтық төлем төлеушілердің саны — 95 112.

Батырбек Нұрғалиевтің айтуынша, МӘМС жүйесі енгізілгеннен кейін, яғни биыл тұрғындарға амбулаториялық және емхана арқылы берілетін  ақысыз дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың көлемі өскен. Медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру шеңберінде 142 839 адам 3 815 794,76 мың теңге көлемінде ақысыз дәрі-дәрмектермен қамтылған.

Міндетті медициналық сақтандыру пакеті шеңберінде биылғы жылдан бастап, жедел көмек кезінде және ауру асқынған кезде балаларға дәрі-дәрмектер тегін беріледі. Мәселен, бала жедел респираторлық инфекциямен ауырады. Бірақ ауруханаға жатпай, емхана деңгейінде ем алса, ұлттық формулярдан  тегін дәрі-дәрмектерге рецепті жазылып беріледі, — деді Батырбек Нұрғалиев.

Сондай-ақ наурыздан қарашаға  дейінгі аралықта облыстағы карантиндік, провизорлық және инфекциялық ауруханаларда 2 090 пациент 2 380 848,6 мың теңге көлеміндегі қаржыға емделген. Наурыздан қазанға дейінгі аралықта мобильді топтар 662  рет шақыртуларға барған. Бұл үшін  3 677,3 мың теңге төленген. Сонымен бірге  31 041 ПТР тестілерін тексеруге 337 139,4 мың теңге, ауруханаларда алынған  29773 ПТР тест үшін 333 040,4 мың теңге төленіпті. Наурыз айында 1202 медицина қызметкеріне 116 451,9 мың теңге, шілдеде 3 607 медициналық қызметкерге 1 043 583,7 мың теңге көлемінде үстемеақы төленген.

Брифингте Батырбек Нұрғалиев МӘМС жүйесі бойынша облыста атқарылған жұмыстарды баяндап, тұрғындар сауалына жауап берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button