Мәдениет

Ұстаздық үлгісі

Ұлағат

Әдетте ұстаздықты ұлылыққа теңеп жатады. Иә, кім де болса өзіне үлкен өмір жолына бағыт берген, келешегіне үміт артып, кемел күнге қарай жөн сілтеген бағдаршысын ұмытпайтыны анық. Ондай бағдаршы болу екінің бірінің маңдайына жазыла бермесі және белгілі.

Ал Қален Балмағанбетов — өзінің өмірдегі бақытын осы жолдан тапқан адам. Ол өзінің балаң шағынан жақсы ұстаздарға тап болғанын айтады. Солардың сабақ беру, тәлім тарату үлгісімен бірте-бірте мұғалім болсам деген балаң қиял жетегіне қалай еріп кеткенін де білмепті.

Соғыстың соңғы жылына тақап, 1944 жылы мектеп есігін ашып, білім ордасы табалдырығын аттады. Бастапқыда оқудың мәнін түсінбеді ме, әлде шешеге ғана бауыр басып кеткеннен бе, ұяң, жуас, болып, сабақтан көп қалады, дегенмен бесінші сыныптан бастап әуелі математика қызықтырады, одан кейінгі уақытта алгебра, геометрия пәндеріне ықыласты болады. Сейілхан Бұрханов ағайының сабақ үйрету әдісі жас баланы өзіне тартып, бойында өзгеше бір ынта-ықыласын оятады.

Ол сегізінші-оныншы сыныптарда химия, физика, орыс тілі мен әдебиеті, тарих пәндеріне зейін қойып оқи бастайды. Сондай пәндерге ынталануына себеп болған сабақтарын қызықты, тартымды өткізетін мұғалімдер Галина Майкутова, Сағын Садықов, Болат Ақназаров, Хамиттің Нұғыманов екенін бүгінде ерекше атап өтеді.

Ол кішкентайынан қиын кезеңнің соқпағында талай қиындықтарға арқасын тосқанымен, бір мезгіл бала болып доп, асық, ақсүйек те ойнады. Қыста сай жағалап, коньки тепті, тауға барып шаңғымен сырғанап, қатар балаларымен құлдыраңдап жарысты. Жазда сайдағы суға шомылып, жүзіп, кейде балық аулады.

1944 жылы мұның туып-өскен мекені Бершүгір маңындағы Шахта деп аталатын жерге жер аударылып, неміс, украиндар келді, кейіндеу шешендер ағыла бастады. Алғашқы жылдары ауыл балалары шеттен келген қатарластарымен топ-топ болып төбелессе де, кейін аралары жақындасып, көбісі дос болып кетті.

Бүгінде сағынышпен еске алатын сол қызықты, бал дәурен шағында білімнің негізін бойына сіңіріп, сонымен бірге денесі де шынықты, буыны да бекіді. Ой-өрісі дамып, жақсы мен жаманды, алыс пен жақынды, бар мен жоқты, ақ пен қараны, қулық пен сұмдықты, әділдік пен қиянатты, адал мен арамды ажырата бастады. Осындай деңгейде орта мектепті бітіріп, үлкен өмір жолына сапарға шықты.

Ақтөбе педагогика институтының физика-математика факультетіне оқуға түсіп, екі жылдан кейін оның жабылып қалуына байланысты Шымкент қаласында жалғастырған жас жігіт студенттік өмірін босқа өткізген жоқ.

Ақтөбеде институтта оқып жүргенде баскетболмен айналысты, республиканың баскетбол жарыстарында ол қатысқан команда алда жүрді. Институт комсомол комитетінің бюро мүшесі болды. Оқу орнының ішекті аспаптар музыкалық тобында контрабаста ойнады. Шымкент педагогикалық иснтитутында шахмат командасы құрамында республикалық сайыстарда жүлделі орындар алды. Сонымен бірге сол кезде графикалық суретші атағына ие болып, жолдасы Сәкен деген студентпен бірге салған майлы суреттері, портреттері бәйге алып, мектептерге таласа таратылып, өздері көп тапсырыстың астында қалғаны бар.

Шымкенттегі институттың еңбекке орналастыру комиссиясы оған сол оқу орнының өзінен, қалалық білім беру мекемелерінен, Түркістан педагогикалық училищесінен жұмыс беріп, үймен қамтамасыз ететін болғандығына қарамастан, әке-шешесінің қалауы бойынша елге келеді. Әрине, мұнда болашақ жары Зада да уәде бойынша күтіп отырған еді.

Осындай жолдармен жүріп, 1960 жылы дипломмен өзі білім алған Шахта орта мектебіне физика пәнінің мұғалімі болып орналасты. Бұрынғы шәкірт, ендігі ұстаз бәріне жаңаша қарады. Бұл аңғарған бір жайт, мектептің базасында физика және еңбек кабинеттерінде көптеген оқу-тәжірибе құралдары қордаланып, пайдаланылмай шаң басып қалыпты. Мүмкін бұрын мамандар болмағандықтан болар, физика құралдары қораптарынан ашылмастан, еңбек кабинетінде станоктар іске қосылмастан жатыр екен. Жас маман ертеңнен кешке дейін осы құралдарды құрып, тәжірибе жасап, сабақта пайдаланып, оқушыларды қызықтырып, балаларды айналасына шоғырландыра түсті. Мектепте техникалық, фото үйірмелерін ұйымдастырып, аудандық, облыстық жас техниктер жарысына қатысып, мектеп оқушылары бірінші, екінші орындарға ие болды.

Физика, еңбек-тәжірибе, фото кабинеттері жабдықталды, мектепте алғашқы стенділер, көрмелер ұйымдастырылды. Шахта орта мектебі аудандық жас техниктер көрмесінде бірінші орын, облыстық байқауда екінші орынға ие болып, көзге түсе бастады.

Бір ерекшелігі, жас ұстаздың «Сұйықтардың беттік кернеуіндегі ерекшеліктер» тақырыбындағы ғылыми-еңбек тәжірибесі Мәскеуден шығатын «Физика в школе» журналына шығып, ерекше маңызды ғылыми тұжырымы талайды тәнті етті.

Сол алғашқы ұстаздық-ғылыми ізденісі ол үшін қызықты болып, әрі қарай талап қылуға жетеледі. Бірақ ауылдық жердің алысқа жібермейтін күнделікті күйбең тіршілігі мұның да аяғын тұсады.

Қален Қуанұлы 1973 жылдан бастап әуелі Қайыр орталау, сосын орта мектебінде, 1983 жылдан бастап 1988 жылға дейінгі аралықта Айшуақ қазақ-орыс орта мектебінде, одан кейін төрт жылдай Шалқар мектеп-интернатында директорлық қызмет атқарды.

Аудан өмірінің қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, қай істе де жанашырлық танытып жүретін Қалекең 1992 жылы облыстық мемлекеттік архивтің Шалқар филиалына директор болып тағайындалды. Ендігі қызметі Шалқар, Ырғыз, Мұғалжар аудандарынан жинақталған тарихи, өндірістік, мәдени деректермен жұмыс жасап, сол құжаттардың қорын жасап, тазалығын, қажеттілігін сақтап, одан әрі толықтыру жұмыстарымен шұғылдануға қатысты еді. Бұл кезеңде кеңестік дәуір ыдырауға жақындап, республикалар егемендік ала бастаған шық болатын. Үкіметтің бюджеттік қаражаты құлдырап, халық қоры азайған шақта архив жұмысы да тоқтауға жақындады. Осындай қиыншылықтарға қарамастан жергілікті архив қызметкерлері өз қаржыларымен аталған үш ауданның мекемелеріне жолсапарға шығып, құжаттар жинақтап, деректерді жүйелеп, жұмыс жүргізе берді. Архив үйін, жылу жүйесін, құлап жатқан аула қоршауын жөндеп, ақтау, майлау, сырлау жұмыстарын жүргізді. Қалекең онымен де тоқталмай, қандай заман, қандай кезеңде де архивтің маңызы, қажеттілігі жөнінде жанайқайын салып, жергілікті басылымдарға үндеу көтерді. Сондай-ақ қолда бар тарихи деректерге сүйеніп, Есет Көтібарұлы туралы, басқа да танымдық тақырыптарда  мақалалар жазды.

Адам өмірінде небір түрлі жағдайлар кездеседі ғой. Ол кісінің: «Мен көлік апатына ұшырап, миым шайқалып, бетімді бұзып, өлімнен қалдым, өкпем, жүрегім ауырып, асқазаным, ішектерім сыр беріп, үш рет операцияға түсіп, екі дүние ортасынан оралғандай күй кешкенім және бар. Суға кетіп қала жаздағаным, электр тогына түсіп, одан аман қалғаным өзінше бір әңгіме. Алланың көмегімен, Заданың бағуымен бүгінгі күнге келіп отырмын» деген әңгімесін естігенде тағдырдың талайлы жолдары өз пендесін қай қиырға жетелейтінін ойлап, жүрегің өрекпиді.

Қалекеңнің өмірлік серігі Зада апа –  мінезге бай, салмақты, дауыс көтермейтін сабырлы, мейірімді жан. Сол үшін де айналасына ардақты. Ата-ене күте білген, сыйлы, өнегелі келін болған, қазір де өзі келіндеріне ақылшы, қамқоршы, басшы ене. Сонымен бірге, ол талай бүлдіршін шәкірттерге алғаш рет әріп үйреткен, қолдарына қалам ұстатқан білікті ұстаз. Зада апаның еңбегі бағаланып, бұрын «Даңқты ана» ордендерімен, «Еңбек ардагері» медалімен, «Аға мұғалім» төс белгісімен, облыстық, аудандық білім беру бөлімдерінің, салалық кәсіподақ комитеттерінің мақтау қағаздарымен мадақталса, 2010 жылы Президенттің Жарлығымен «Алтын алқаны» иеленді.

Жарасты жұптың балаларының үлкені Светлана сол кездегі заман ағымымен мектептен тура қой шаруашылығына барып, екі жыл еңбек етті. Кейін өмір ағымымен жоғары білімді ұстаз, ана-жар-әже де болды. Қазір бес баланың анасы, жолдасы Кәдірбекпен жарасымды тұрмыс кешуде.

Одан кейінгі Нұрлан, Гүлнәр, Гүлбану, Ерлан, Тұрлан, Ербол алдыңғы ізбен өнегелі болып өсіп,әке-шеше үмітін ақтады. Бәрі де өздеріне лайықты мамандықтарды игеріп, заман көшінің бел ортасынан көрінуде.

Қалекең күйеу балалары  Ғабит, Тахталифумды,  келіндері Жанна, Мейрамкүл, Айгүл, Жанатты бірінен-бірін кем көрмейді, әрқайсысын аялап, құшағына алып отырады. Олардан өрбіген немерелері бұл күнде ата-әже құшағын жылытып, мерейлерін тасытуда.

Қален ағаның қолындағы кіші немересі Мұхаммедәли атасына бүкіл айтқанын жүргізеді. Бір кездері талай ұстаздар ұжымын басқарып, ауыл-елдің айбарлы ағасы секілді көрінетін оның немереге бағынуы да заңдылық секілді көрінеді.

Бұл күнде өзі де аталық жасқа айқын енген Қалекең сонау шақтарда қарағайдай болып алдында жүрген асыл ағалары туралы сағынышпен әңгімелейді.

Шалқар өңіріне белгілі ұстаз, майдангер Қапар аға Сүлейменовтің «Заданың шұбаты-ай» деп аңқылдап келетіні әлі күнге дейін көз алдында.

Ұзақ жыл аудандық оқу бөлімін басқарған Өксікбай Тілеубергеновтің «бала, үйге көрпеңді жайдыра бер» дейтін ағалық назы енді қайта айналып келмейтін күндердің тасасында қалғаны көңілін қынжылтады.

Өзгелерден  тұлғасы ерекше көрінетін Қалекең ауызекі әзілге де бейім. Бірде қазекеңнің көпшілік бас қосқан дәмханадағы жиынының бірінде жұрт тарқар сәтте киімілгіштің алдында кезек топталып қалғаны бар. Сонда бұл кісі ешкімге қарамастан бірден ілгері тартты. Ондайды кім жақтыра қойсын, сыртқа сыр бермегенмен кейбіреудің қабақтары түйілгендерін ол да байқаған болу керек, «мұнда кезек бойға қарай болуы тиіс» деді жай ғана өңін жылытып. Бойы екі метрдің о жақ бұ жағындағы алып ағаға қарап сіресіп тұрғандар еріксіз жымиды.

Иә, біздің байқауымызда Қален аға жан-жағына осылай шуағын шашып, айналасын жарқыратып жүретін адам.

Халық ағарту ісінің үздігі Қален Балмағанбетов аға мен өнегелі ұстаз Зада Оразмағанбетқызы бүгінде алтын тойларын жасамақшы. Жарты ғасыр қол ұстасып ғұмыр кешкен жарасты жұп бүгінде ұрпақ өсіріп, егемен еліміздің келешек азаматтарын тәрбиелеуде.

Ал екеуінің еңбек жолдарын қоса есептегенде жетпіс жылдай ұстаздық етіп, алдарынан мыңдаған жас буынды өткерген Балмағанбетовтер тәлімі бүгінде қоғамымызда өз игілігін беріп жатқаны анық.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button