Басты жаңалықтарЭкономика

Үш жылдың бюджеті қаралды

Облыстық мәслихаттың кезекті қырық жетінші сессиясының жалпы отырысы өтті. №11 Абай сайлау округінен депутат Асхат Айтжановтың төрағалығымен өткен сессия жұмысына облыс әкімі Оңдасын Оразалин, облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, сондай-ақдепутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, Ақтөбе қаласы және аудандардың мәслихат хатшылары қатысты.

Сессияның күн тәртібінде қаралған маңызды мәселелердің бірі — 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет. Бұл жайында облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева  баяндады. Оның айтуынша, 2021-2023 жылдарға арналған облыстық бюджет 845,1 млрд теңгені құрайды. Нақтырақ айтсақ, 2021 жылға — 335,6 млрд теңге, 2022 жылға — 254,2 млрд теңге, 2023 жылға — 255,3 млрд теңге. Ол өз баяндамасында әрбір саланы дамытуға қарастырылған қаражаттың қандай мақсатқа жұмсалатынына жеке-жеке тоқталып өтті. Белгілі болғандай, білім беру саласын дамытуға шамамен 142,4 млрд теңге қарастырылған. Оның 34,4 млрд теңгесі облыстық бюджеттен, сондай-ақ аудандар мен Ақтөбе қаласынан кері трансферттер 64,6 млрд теңгені құрайды. Облыс азаматтарын әлеуметтік қамтамасыз етуге және әлеуметтік көмек көрсетуге 10,3 млрд теңге қарастыру көзделген. Денешынықтыру және спорт саласын дамытуға — 7,5 млрд  теңге, денсаулық сақтау саласына — 5,9 млрд теңге, кәсіпкерлік саласын дамытуға — 5,6 млрд теңге,  ауыл шаруашылығы, ветеринарияны және табиғи ресурстарды дамытуға — 20,5 млрд теңге көзделсе, мәдениет саласы үшін  2,9 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылып отыр.

Сессия жұмысы кезінде аталған мәселе бойынша облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссия төрағасының орынбасары Апуажан Төлегенова қорытынды жасады. Оның айтуынша, бүгінде негізгі реформа өңірлерді дамыту шеңберінде жүзеге асырылып, ауылдық елді мекендерді қолдау жөніндегі бағдарламалар қабылданып жатыр, жаңа жұмыс орындары құрылып, әлеуметтік мәселелер шешілуде.

Бюджеттің сапалы орындалуын қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік органдар басшыларының назарын бюджет қаражатын бақылау, тиімді жоспарлау және пайдалану мәселелеріне аудару қажет. Сессияның жалпы отырысында депутаттар бірқатар өзекті мәселелерді көтерді. Оның ішінде ауылдық елді мекен тұрғындарын сапалы ауызсумен қамтамасыз ету, білім беру жүйесі, денсаулық сақтау, кадрлар даярлау, халықты жұмыспен қамту сияқты өзге де мәселелер сөз болды. Осылайша депутаттар бюджеттің шығыс бөлігіне түзетулер енгізді. Ендігі негізгі міндет — бөлінген барлық қаражаттың уақтылы әрі тиімді жұмсалуы, — деді ол.

Сондай-ақ сессия жұмысының күн тәртібінде қаралған 23 мәселенің бірі —

облыстық мәслихаттың 2019 жылғы 11 желтоқсандағы №473 «2020-2022 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы» шешіміне өзгерістер енгізу туралы» болды.  Бұл орайда Г.Сүйінтаева облыстық бюджеттің нақтылануына ұсынылған шығындар тізімін ұсынды.

Сол сияқты сессия барысында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мәлімбет Ибрашов облыстың 2021-2023 жылдары субсидиялауға жататын әлеуметтік маңызы бар облысішілік қатынастар тізбесін айқындау туралы мәселені көтерді. Ақтөбе-Маржанбұлақ, Ақтөбе-Алға, Ақтөбе-Комсомол, Ақтөбе-Байғанин, Ақтөбе-Ырғыз, Ақтөбе-Қобда, Ақтөбе-Сарыжар, Ақтөбе-Родниковка, Ақтөбе-Мәртөк, Ақтөбе-Хромтау бағыттары — аталған мерзімде субсидиялауға жататын әлеуметтік мәні бар облысішілік автомобиль қатынастар тізбесіне енді.

Сондай-ақ сессияда облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының есептері қаралып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларына өзгерістер енгізіліп, міндеттемелер қабылданды. Сонымен қатар облыстық мәслихаттың кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізіліп, басқа да мәселелер қаралды.

Облыстық мәслихаттың кезекті қырық жетінші  сессиясының жалпы отырысында қаралған барлық мәселелер бойынша депутаттар тиісті шешімдер қабылдады.

Бәрі де салыстырмалы түрде анықталады. Былтырғы жылдың мәслихат сессияларының жыл аяқталар сәтіндегі жағдай мен биылғы жылды  салыстырғанда, ерекшелік аспан мен жердей. Өздеріңіз биыл көптеген қиыншылықтарға түсіністікпен қарадыңыздар. Бір жылдың ішінде қандай өзгерістер, жағдайлардың болғаны көз алдарыңызда. Дегенмен жыл бойы осындай жағдайларға түсіністік танытып, қолдау көрсеттіңіздер. Пандемияға байланысты көптеген шектеулер болып, экономикаға әсері тисе де, осындай қиыншылықтарға қарамастан,  Мемлекет басшысы берген тапсырмаларға сай, жыл бойы Үкімет тарапынан көрсетілген көмектің арқасында біздер алдымызға қойған жоспарлардың біразын орындадық. Соның бір мысалы — тек «Жұмыспен қамтудың жол картасы» мемлекеттік бағдарламасы арқылы біздің облысқа бөлінген 45 миллиард теңге қаражаттың өзі аймақтағы көптеген мәселелердің оң шешім табуына ықпал етті. Әрине, бұл жұмыстардың барлығы сіздердің қолдауларыңыздың арқасында жүзеге асырылды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлерге мейлінше көмек көрсетілді. Сол сияқты, қаланың, қашықтағы ауылдардың инфрақұрылымын жақсарту бағытындағы шаралар да оң нәтижесін берді. Мұның барлығы — бәріміздің осындай бірлескен жұмысымыздың нәтижесі деп білемін. Алдағы үш жылдың бюджетіне қолдау көрсетіп жатырсыздар. Өздеріңіз де байқап отырғандай, өндірістің ауыл шаруашылығы саласындағы кәсіпкерлердің арқасында салық базасы нығайып, келешекке үлкен үмітпен қарайтын жағдай жасалып отыр. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасымен, түрлі мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, тағы басқа іс-шаралар алдағы жылдары өз жалғасын табатын болады. Бұл өз кезегінде  көптеген өзекті мәселелерді шешуге, оның ішінде тұрақты жұмыс орындарын ашуға, әлеуметтік саладағы құрылыстарды жүргізуге мүмкіншілік туғызып отыр. Осындай үлкен жоспарларымызға қолдау көрсеткендеріңіз үшін ризашылығымды білдеремін,  — деп, облыс әкімі Оңдасын Оразалин сессия жұмысын қорытындылады.

Арайлым НҰРБАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button