Экономика

Шығыс Өріктаудағы алғашқы ұңғымалар пайдалануға берілді

«Жұма күні Шығыс Өріктау кен орнындағы екі ұңғыма тәжірибелік пайдалануға берілді. Салтанатты шараға облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев, «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасының барлау және өндіру жөніндегі орынбасары Жақып Марабаев және «Өріктау Оперейтинг» ЖШС бас директоры Амангелді Таспихов қатысты», — деп хабарлайды облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Кен орнына барған делегация мүшелері вахталық қалашықты, Шығыс Өріктау-1 ұңғымасын және сығымдау сорғы стансасын аралап шықты. 2020 жылдың мамыр айында «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ  инвестициялық комитетінің шешімімен Өріктау жобасының бірінші кезеңінің жүзеге асырылуы мақұлданған болатын. Осы кезеңді іске асыру аясында Шығыс Өріктау кен орнындағы екі ұңғыманы және 2021 жылдың желтоқсанында Орталық Өріктау кен орнындағы бес ұңғыманы іске қосу жоспарланып отыр. Бірінші кезең табысты аяқталып, қолайлы экономикалық ахуал қалыптасқан жағдайда екінші кезеңді іске асыру мүмкіндігі қаралатын болады. Ол Өріктау кен орны тобының 58 ұңғымасын пайдалануды және бірқатар өндірістік нысанның құрылысын көздейді.

— Жоба табысты жүзеге асырылған жағдайда жоспарлы өндіріс көлемі жылына 1,5 миллиард текше метр газ бен 500 мың тонна мұнайды құрауы мүмкін. Кен орнындағы алынатын қордың көлемі шамамен 12 миллион тонна мұнай және 40 миллиардтан астам текше метр газды құрайтынын ескерсек, алдағы уақытта «Өріктау» жобасы «ҚазМұнайГаздың» қоржынындағы лайықты кеніштің біріне айналатынына сенімдімін, – деді «ҚазМұнайГаз» ҰК АҚ басқарма төрағасы Алик Айдарбаев.

Өріктау кен орны тобы — Ақтөбе облысының Мұғалжар ауданында орналасқан. Оның құрамына Орталық Өріктау, Шығыс Өріктау және Оңтүстік Өріктау кен орындары кіреді. Ал «ҚазМұнайГаз» — «Өріктау Оперейтинг» ЖШС-ның құрылтайшысы және жалғыз қатысушысы болып табылады.

Басқа жаңалықтар

Back to top button