Денсаулық

Өкпесі қабынған 56 адам емделіп жатыр

Брифинг

10 желтоқсан күні облыста коронавирус жұқтырған 9 адам тіркелді. Оның сегізі Ақтөбе қаласынан болса,  бір адам Мұғалжар ауданынан тіркеліп отыр. Науқастардың бесеуінде ауру белгісі байқалмаған. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,3%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасының емдеу, алдын алу және қоғамдық денсаулық сақтау, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуді үйлестіру бөлімінің бас маманы Әсия Тржанова аймақтағы эпидемиологиялық жағдайды баяндады.

Мұхтар Сербаев облыс эпидемиологиялық жағдай бойынша жасыл белдеуде тұрғанын, бірақ алаңсыз жүруге болмайтынын айтып, тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды. Сондай-ақ санитарлық талапты сақтамағандарға айыппұл салынып жатқанын айтты. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша, заң бұзғандарға 159 966 860  теңге көлемінде 1206 айыппұл салынған. Координациялық орталықтар арқылы 26 ақпарат түскен. Осы хабарламалар негізінде жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, нәтижесінде 13 объектіге 4 264 230 теңге көлемінде айыппұл салынған. Қалған 12 объекті тексеріліп жатыр. Мұхтар Сербаев жаңа қаулыға сәйкес жексенбі және мереке  күндері бірқатар сауда нысандары жұмыс жасайтынын айтты. Ал қалған күндері бекітілген тәртіп бойынша қызмет көрсетіледі.

Әсия Тржанованың айтуынша, облыс бойынша коронавирусқа шалдыққан 104 науқас ем алып жатыр. Бірінші тамыздан бері 817 адам пневмонияға шалдыққан. Соңғы тәулікте өкпесі қабынған бес адам тіркелген. Жалпы облыста қазіргі күні 56 адам пневмониямен емделіп жатыр.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3553 адам  тіркелді, оның 49,2%-ы ауру белгілерімен (1749) және 50,7%-ы симптомсыз (1804) жағдай. 3411 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2524 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 99,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 57, Мәртөк — 100, Мұғалжар — 1775, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 127, Шалқар ауданында 114 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3553 науқастың 3,3%-ы сырттан келген.  508 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 1004. Қазіргі таңда үй карантиніне 293 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button