Ауыл

Ауыл мен қала: «Цифрлық теңсіздік» қысқартылып жатыр

Технология

Жақында Байғанин ауданындағы 4 ауылдың халқы өркениет  игілігіне қол жеткізді.   

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасының шарапатын шалғайдағы Байғанин ауданының тұрғындары көріп мәз болуда. Цифрлық технологияларды пайдалану мен дамыту арқылы мемлекет экономикасының бәсекелестігін және халық өмірінің сапасын арттыруды басты мақсаты еткен бағдарламаның арқасында аталған ауданда  15 елді мекенді ұялы байланыс желісімен қамту жоспарланған болатын. Олар: Көкбұлақ, Қосарал, Оймауыт, Жарқамыс, Қаражар, Қораши, Ебейті, Қопа, Кемерши, Жаңатаң, Алтай батыр, Баршақұм, Миялы, Дияр, Бұлақтыкөл.

Күні кеше ғана облыс орталығы Ақтөбе мен аудан орталығы Қарауылкелдіден ең қашықта орналасқан ауылдар —  Оймауыт пен Миялыға «Кселл» операторының байланыс желісі қондырылды. Сондай-ақ Алтай батыр, Ебейті елді мекендері де кең жолақты интернет желісімен қамтылды, — дейді Байғанин ауданы әкімінің орынбасары Базарбек Боранбай. Оның айтуынша, жоспар бойынша Көкбұлақ, Қосарал, Жаңатаң ауылдары «Билайн» ұялы байланыс желісімен қамтылмақ. Жыл аяғына дейін Кемерши, Жарқамыс, Дияр, Қораши, Қаражар, Бұлақтыкөл, Баршақұм елді мекендерінің тұрғындары мемлекеттік бағдарламаның игілігін көреді. Ал келесі жылы ұялы байланыс желісінің қызығын Қопа ауылының тұрғындары да көретін болады.

«Цифрлық Қазақстан» жобасы бойынша іске асырылып жатқан бұл шараларға ауыл тұрғындары дән риза. Өйткені соның арқасында қашықтағы ауыл тұрғындары мемлекеттік қызметтер порталын пайдалана алады. Сондай-ақ кең жолақты интернет қала мен ауыл арасындағы «цифрлық теңсіздікті» қысқартуға ықпал еткен.

Жобаны іске асыру ауылдағы сауда орындарын банктермен байланыс орнатуға және банк карталарының эквайрингін бастауға мүмкіндік береді. Мұның арқасында халыққа қолайлы жағдай жасалады. Ұялы байланыс желілерін қамту аймағын ұлғайту қауіпсіздік үшін де көп көмек. Сонымен бірге шұғыл қызметтерді шақыруға  септігін тигізеді, — дейді Базарбек Боранбай.

Айта кету керек, Елбасының тапсырмасы бойынша, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында, «Қазақтелеком» компаниялар тобына кіретін «Кселл» АҚ және «Мобайл телеком-сервис» ЖШС мен «Кар-Тел» ЖШС телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 250+ жобасын іске асыруда. Жоба аясында операторлар жылдың соңына дейін еліміз бойынша саны 250 адамнан асатын 1250 ауылды ұтқыр кең жолақты интернетпен қамтуды жоспарлаған. Жоспар орындалғанда жыл соңында халықтың кең жолақты интернетпен қамтылу көрсеткіші 99,3 пайыз болмақ.

Мәліметтерге сүйенсек, жер көлемі үлкен елдермен салыстырғанда Қазақстан интернет қолданушылар саны бойынша жетекші орынды иеленеді. Мәселен, Ресейде интернет қолданушылар — 76 пайыз, АҚШ-та — 87,3 пайыз, Қытайда — 61,2 пайыз, Украинада — 62,5 пайыз, ал Қазақстанда — 84,2 пайыз! Қазір еліміздің 118 қаласы мен 4 мыңнан астам ауылында тұратын 18 милллион халық 3G және/немесе 4G байланыс желілерін қолданып отыр. Мұның бәрі, әрине, Тәуелсіздіктің жемісі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сарабдал саясатының жемісі!

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button