Саясат

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт

Иран Әміров:

Сыбайлас жемқорлық — мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт

Жуырда «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Ақтөбе облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасының жүзеге  асырылуы және партияның 2011-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа бағдарламасының жобасына ұсыныстар» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілген еді. Біз ҚР Парламенті Сенатының депутаты Иран Әміровтің осы жиында сөйлеген сөзінің ықшамдалған нұсқасын оқырмандар назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Өркениетті, өзін-өзі құрметтейтін кез келген мемлекет қоғамдық құқық тәртібін орнатуға, ішкі қауіпсіздікті, елдің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуге түбегейлі мүдделі. Бұл арада ең алдымен қылмысқа қарсы күрес басты назарда ұсталады.

Өкінішке орай, орын алып отырған криминогендік бірқатар елеулі факторлар республикадағы қоғамдық құқық тәртібінің жай-күйіне теріс ықпалын тигізіп келеді.

2009 жылғы бүкілхалықтық санаққа сәйкес республика халқының саны — 15 879 201 адам. Ал қылмыстың орташа республикалық деңгейі 2009 жылдың көрсеткіші бойынша 10 мың адамға шаққанда 81 оқиғадан келсе, биылғы 9 айдағы жағдай бойынша 77 қылмыстық  оқиғадан келеді екен.

Қазақстан бас бостандығынан айыру орындарында отырған адамдардың саны жөнінен әлемде 16-17 орынды иеленеді.

Жүргізуі аяқталған қылмыстық істер бойынша үстіміздегі жылғы анықталған материалдық зиянның мөлшері тіптен өрескел деуге болады – бұл 3 млрд. 106 млн. 728 мың теңгені құрайды. Мұның 1 млрд. 969 млн. 739 теңгесі қайтарылды.

Бұл тек қана анықталған қылмыстар бойынша зиян мөлшері, ал із-түзсіз, құрдымға кетіп, ашылмай қалғандары қаншама?!.

Өткен жылдың 9 айында қаржы полициясы органдары республика бойынша 1 685 сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмысты, үстіміздегі жылдың 9 айында – 1 670 (немесе 0,9 пайызға кем) осындай қылмыстық оқиғаны тіркеген.

Ақтөбе облысы бойынша алсақ, тиісінше 2009 жылдың 9 айында 42 қылмыс, ал биылғы кезең ішінде – 74 қылмыс ашылып отыр, яғни көрсеткіш өткен жылғыдан 76,2 пайызға өскен.

Ақтөбе облысы бойынша ғана мемлекетке келтірілген материалдық зиян мөлшері 22 млн. 972 мың теңгені құрап, оның 3 млн. 270 мың теңгесі қайтарылған.

Егер  әкімшілік жауапқа (Әкімшілік құқықбұзушылық Кодексінің 532-537 баптары) тартылған сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектілері туралы айтатын болсақ, ресми мәліметтерге сәйкес 2004 жылдан 2010 жылды қоса алғандағы кезең ішінде орын алған қылмыстық жауапкершіліктің сипаты мынандай:

Шығыс Қазақстан облысында жауапқа тартылғандар саны өте көп — 587 адам, Алматы облысында – 360, Алматы қаласында – 476 адам.

Ақтөбе облысы бойынша – 329 адам, соның ішінде Ішкі істер департаментінің – 24, әділет департаментінің – 15, Төтенше жағдайлар департаментінің – 14, ауыл шаруашылығы департаментінің – 13, қылмыстық атқару жүйесі комитетінің 12 қызметкерінің аты-жөні  тіркелген.

Мемлекет басшысының «Қазақстан Республикасындағы құқық қорғау қызметінің  және сот жүйесінің тиімділігін арттыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығы — уақыт талабына жауап беретін маңызды құжат.

Бұл реформаның негізгі айқындаушы принципі құқық қорғау органдарын оңтайландыру принципі болып табылады, бұл мұның алдындағы жүргізілген реформалардан бергі мезгілде болған елеулі өзгерістерді де, басқарудың тиімсіз жүйесіне, олардың қайталаушылық  пен өздеріне тән емес функцияларды атқарушылық сипаты  ескеріле келе, енгізіліп отыр.

Айталық, сыбайлас жемқорлық және экономикалық қылмыстарды анықтау мен тергеу құқығы қаржы полициясына ғана берілген.

Сыбайлас жемқорлық – қазіргі заманғы мемлекеттердің өмірінде орын алып, ауқымы жылдан-жылға құлаш жайып келе жатқан кесел. Қай елді алмаңыз, әрбір саяси партияның саяси бағдарламасының бір тармағы сыбайлас жемқорлықпен күрес мәселесіне арналған.

Сыбайлас жемқорлық, өкінішке орай, біздің өміріміздің бүгінгі ерекшелігін сипаттайтын кәдуілгі құбылысқа айналып отыр.  Бұл — қоғамдық жүйені іштен үңгіп жейтін, экономиканы ақсататын, әлемдік қоғамдастық алдында мемлекеттің беделіне нұқсан келтіретін дерт. Ең қиыны — бұл кесел билікке деген халық сенімін күйретеді, шын мәніне келгенде  биліктің еркін, демократиялық қоғам құру жолындағы  күллі шешімдерін жоққа шығарады.

Сыбайлас жемқорлық созылмалы дерт секілді, жүйелі проблемаға айналды. Біз де оған қарсы жүйелі жауап беруіміз керек. Жекелеген шаралармен сыбайлас жемқорлықтың  тамырына балта шаба алмаймыз да, деңгейін де азайта алмаймыз. Белгілі бір уақыт аралығына есептелген экономикалық, құқықтық, ұйымдастырушылық шаралар кешенін жасап күресу қажет.

Егер осы проблеманы кешенді түрде шешуге бет бұрмасақ, оны жалпыұлттық міндет — баршамыздың және жеке әрқайсымыздың міндетіміз деп қабылдамасақ, заңдар сол қалпында қағаз жүзінде қала береді. Шенеуніктер тарапынан болған сыбайлас жемқорлыққа наразылық танытқан азаматтардың өздері де осы құбылыстардың орын алуын туындатады. Біздің әрқайсымыз өз санамызды қайта жаңғыртып, өркениетті принциптерді басшылыққа алып өмір сүруді бастауымыз керек.

«Осы зұлматқа қарсы іс-қимыл жасау – Қазақстан саясатының маңызды басымдығы. Біз оны Елдің 2030 жылға дейінгі ұзақ мерзімді даму стратегиясында бейнеледік» – деп атап көрсетті Мемлекет басшысы.

Сыбайлас жемқорлық дамуды тежейтін, елдің ресурстары мен байлығын жұтатын «түпсіз шыңырау» болып табылады. Сонымен бірге, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әмбебап тәсілі бар ма деген баршаның көкейіндегі сұраққа жауап іздеуге тырысуымыз керек. Қарапайым әрі түсінікті шаралар қайсы бір елдерде айтарлықтай нәтиже берсе, ал басқа бір елдерде ешқандай нәтиже әкелмеуі қалай?

Бүгінгі күні сыбайлас жемқорлық деңгейі салыстырмалы түрде төмен көптеген елдер бар. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлықты төмендетуге бағытталған іс-қимылдар айтарлықтай жеңіске әкелген тарихи мысалдар да белгілі (Португалия, Швеция, Сингапур). Мұндай мысалдар бұл «зұлматқа» ем бар екендігін айғақтайды, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресу әдістері бар, егер принциптік және жүйелі сипатта болса, олар мейлінше тиімді болмақ.

Сыбайлас жемқорлықты жеңе алған елдер, әдетте, экономикалық табыс пен әлеуметтік тұрақтылыққа қол жеткізеді. Дәл сондықтан да бүгін сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Қазақстанның жедел дамуының маңызды факторы, біздің бәсекеге қабілеттілігіміздің міндетті шарты болып отыр.

Қазақстанда сыбайлас жемқорлық көріністері — пара алу, бюджет қаражатын ұрлау, қызметтік жағдайын асыра және жеке басының мақсаттарына пайдалану, т.б. Мұның өзіндік қоректік ортасы  – «көлеңкелі экономика» болып табылады.

Деректерге сай, сыбайлас жемқорлыққа анағұрлым көп ұрынған сала мемлекеттік сатып алу саласы болып қалып отыр.

Бюджет қаражатын ұрлау сыбайлас жемқорлық қылмыстарының неғұрлым қауіптілерінің бірі болып табылады.

Мен жоғарыда атап өткендей, мемлекетке миллиондаған сомадағы зиянды қызметтік жағдайын асыра пайдаланған лауазымды адамдар келтіреді.

Пара алу кеңінен таралған қылмыс түрі болып қалып отыр.

Үстіміздегі жылдың 9 айы ішінде республика бойынша пара беру, пара алу, делдалдық сияқты санаттар бойынша 529 факт тіркелген.

Сеніп тапсырылған бөтен мүлікті иеленіп алу немесе ысырап ету де  «алдыңғы қатардан» қалмай келеді (ҚК 176-бабының 3-бөлігі). Айталық, тек Ақтөбе облысы бойынша өткен жылдың 9 ай ішінде осындай 2 қылмыс тіркелсе, үстіміздегі жылы 20 қылмыс тіркеліп отыр.

Қызмет бабын асыра пайдаланғаны үшін  (ҚК 307-бабы) өткен жылы 16 іс, ал  үстіміздегі жылы 19 іс қозғалған.

2010 жылы анықталған пара алу фактісі (ҚК 311-бабы), өткен жылмен салыстырғанда, 10 қылмыстан 18 қылмысқа дейін немесе 80 пайызға,  пара беру фактісі – 6 қылмыстан 13 қылмысқа дейін немесе 116,7 пайызға көбейген.

Сыбайлас жемқорлық қылмыстары статистикасы әлі де жоғары болып отыр, сыбайлас жемқорлық мемлекетке миллиардтаған теңге көлемінде шығын келтіруде. Мұндай жағдай бізді бей-жай қалдырмауға тиіс.

Мемлекет пен қоғамның күш-жігерін біріктіргенде ғана осы құбылысқа қарсы күресе аламыз.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Президент Нұрсұлтан Назарбаев жүргізетін мемлекеттік саясаттың аса маңызды стратегиялық басымдығы болып табылады. Бүгінгі таңда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес кешенді және жүйелі сипат алып отыр.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша Қазақстанның тәжірибесінде жинақталған үш негізгі шартты атап айтты: «Біріншіден, қатал әрі әділ заңдар қажет. Екіншіден, күшті саяси жігер қажет. Үшіншіден, барша қоғам сыбайлас жемқорлыққа қарсы тұру қажет».

Осы теріс құбылыспен күресу үшін Қазақстанда арнаулы құрылымдар  – ҚР Президенті жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі комиссия, ҚР Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі құрылды, 2006-2011 жылдарға арналған Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің мемлекеттік бағдарламасы қабылданды және ол іске асырылуда.

Қазақстан кеңестік кеңістіктен кейінгі алғашқы мемлекеттердің бірі болып «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы» Заңды қабылдады (1998 ж.).

Бұқаралық ақпарат құралдарында кең ауқымды насихат жүргізу  арқылы азаматтардың санасына сыбайлас жемқорлықтың кез келген түріне төзбеушілікті сіңіру қажет.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы  күреске жұртшылықты кеңінен тартқан жөн, халыққа сыбайлас жемқорлыққа қарсы бірлесіп және саналы түрде күресу керек екендігі түсіндірілуге тиіс.

Мысалы, біз бәріміз де Германия қалаларының көшелеріндегі тазалық пен тәртіпке таңдана да сүйсіне қараймыз. Ал осы тазалық пен тәртіпке әрбір тұрғынның жол жүру ережелерін, қоғамдық тәртіпті  бұзушылар мен басқа да осындай келеңсіз жайттар туралы хабарлауды өз борышы санағандықтан қол жеткізілген. Бұл ретте мынадай қисын басшылыққа алынады: «Бұл көшемен менің балаларым, немерелерім жүреді, мына жол ережелерін бұзушы олардың өмірі мен қауіпсіздігіне қатер төндіреді, егер оны жазаламаса, басқалар осы жол ережесін бұзушыдан үлгі алуы мүмкін, ал бұл тіптен қауіпті». Егер жамандықпен күреспейтін болсақ, онда жамандық күш алып, ақыл-ой мен даму қағидаттарына қайшы келетін өз тәртібі мен ережелерін орнықтыра бастайды.

Проблеманы шешудің сыбайлас жемқорлық сипатындағы үлгісінің  келешегі жоқ екеніне әрі мұның болашақта да тиімді болмайтынына адамдар сенімді болуы керек.

Сондықтан заңды орындайтын, сыбайлас жемқорлыққа қарсы ұстанымы бар азаматты қалыптастыру мақсатында жоғары және арнаулы білім беру жүйесіндегі (жоғары оқу орны жемқорлық сипаттағы мінез-құлық таралатын орын болмауға тиіс), жұмыспен қамту саласындағы (жұмысқа қабылданған адам қалтасын толтырудың заңсыз жолдарын іздемеуге тиіс)  сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес  басым бағыт болуы керек деп санаймын.

Мемлекеттік биліктің тиімділігін арттыру мақсатында құқық қорғау органдары мен сот билігіндегі, соның ішінде сот шешімдерін орындау сатысындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес ерекше бағыт болып табылады. Сот төрелігі саласында заңдылықты қамтамасыз ету – аса маңызды міндет.

Экономика саласында бюджет қаражатын бас пайдасына жұмсауды, Қазақстанда тауар өндірісін дамытуға және ашық, сапалы экономика құруға бағытталған заңнаманы бұзушылықты анықтау және олардың жолын кесудің маңызы зор.

Өркениетті болашаққа ұмтылған Қазақстанның таяу арада қоғамға жат осы құбылысқа қарсы күресті табыспен жүргізіп жатқан әлем елдерінің қатарына қосыларына біз сенеміз.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button