Денсаулық

169,7 миллион теңгеге  көмек көрсетілген

Биылғы жылдың 10 айында облыс халқына 169,7 миллион теңге сомасында жоғары технологиялық медициналық қызметтің 82 түрі  көрсетілген.  Бұл көмек медициналық сақтандыру жүйесі бойынша жүзеге асқан.  Қаржының басым бөлігі  жүрек-қантамыр жүйесі мен нейрохирургиялық және гинекологиялық аурулары бар науқастарға жұмсалыпты.

Медициналық сақтандыру қорының баспасөз қызметінің мәліметінше, жоғары технологиялық медициналық қызметтің 78 түріне қала мен аудан тұрғындарының барлығы бірдей  қол жеткізе алады. Ең бастысы, сақтандыру мәртебесі болуы керек. Мәселен, науқасқа қажетті ем облыстық немесе республикалық клиникада жүргізілетін болса, сақтандыру мәртебесі бар адамдар осы көмекті ала алады.

— Егер адам өзін жайсыз сезінсе учаскелік терапевтке баруы керек. Дәрігер оған диагноз қойып, одан әрі тексеру үшін мамандандырылған маманның кеңесіне жібереді. Ол  жоғары технологиялық медициналық көмектің  қажет немесе қажет емес екенін айтады.  Егер көмек керек  болса, онда пациентті жоспарлы ем алуға дайындайды. Емхана мамандары  «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына қояды, – дейді «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»  облыстық филиалының директоры Батырбек Нұрғалиев.

Тағы бір айта кететін жәйт, науқас  жоғары технологиялық көмекті қай емдеу мекемесінен алатынын өзі таңдауға құқылы және әлеуметтік медициналық сақтандыру қаражаты есебінен операциядан кейін оңалтудан да өте алады.

Егер маман пациентке медициналық көмек көрсетуден бас тартса немесе оңалту қағидаларына қатысты сұрақтар туындаса, науқас 1406 байланыс орталығына хабарласуы керек немесе Qoldau24\7 мобильдік қосымшасында өтініш қалдыра алады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button