Спорт

Шәкірті көп палуан

Мерей

Ойылдық спортшылардың Құнанбай Дәулетқалиевке құрметі ерекше.  Қағілез болғанымен қимылы шалт, алдына келгенді алып та, шалып та жығатын палуан талайдың таңдайын қақтырған.

Спорт әліппесін еркін күрестен бастаған Құнанбай кейін күрестің басқа да түрлерін тез меңгерді. Талай тойларда қазақ күресінен өзінен салмағы әлдеқайда басым палуандарды жығып, топ жарды…

Бүгінде алпыстың асқарына шыққан Құнанбай қазір шәкірттерін өзінің сүйікті спортына баулып жүр. Еңбегі де жеміссіз емес, үміт ақталып жатыр. Облыстың намысын қорғап, ауданның атын оздырғандар  көп-ақ.

Ойылдықтар сүйікті  бапкерінің мерейтойын салтанатты түрде атап өтті. Аудан әкімінің орынбасары Мұратбай Айдарбаев мерейтой иесінің иығына шапан жауып, аудан әкімінің Алғыс хаты мен сыйлығын табыстады. Ақтөбе облысы еркін күрес федерациясының вице-президенті Дәурен Жабасов федерация атынан сый-сияпаттарын ұсынды. Еркін күрестен бірнеше дүркін әлем чемпионы, ардагерлерге арналған күрес бөлімі жаттықтырушысы, қазақ спорты және  туризм академиясының құрметті профессоры Қуаныш Мырза мен Құнанбайдың бапкері спорт ардагері, ересектер арасында самбо, еркін, қазақ күрестерінен облыстық спартакиаданың, біріншіліктердің бірнеше дүркін жеңімпазы Ерболат Есниязов шәкіртінің қуанышына арнайы келіп, өздерінің ізгі лебізін білдірді.

Бір кездері спортқа баулып, күрес өнерінің қыр-сырын үйреткен бапкеріне  Сәкен, Меңдіхан, Бақберген бастаған шәкірттері ақ боз ат мінгізді.

С.ЖҰБАНҒАЗИН. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button