Басты жаңалықтарРухани жаңғыру

Зерттеу мен зерделеу

ХХ ғасыр басындағы ұлт зиялыларының көрнекті өкілі, қазақтың кәсіби әдебиеті мен кәсіби журналистикасының негізін қаласқан тұлғалардың бірі — Жиенғали Тілепбергеновтің туғанына биыл 125 жыл толды. Осы мерейтойға орай С.Бәйішев университетінде «Жиенғали Тілепбергенов және қазақ әдебиетіндегі Алаш идеясы» тақырыбында ғылыми-практикалық конференция өтті. 

Ғалым Тұрсынбек Кәкішев Жиенғали шығармашылығын зерттеуді қолға алған тұста, сол үшін оны қудалауға ұшыратпақ болғандардан Сақтаған Бәйішев арашалап қалған. Ал жазушының биылғы мерейтойына орайластырылған үлкен жиын да сол Сақтаған Бәйішевтің есімін иеленген оқу орнының қабырғасында ұйымдастырылып отыр. Конференцияның пленарлық отырысында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Серік Негимов, әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Күләш Ахмет, С.Бәйішев университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты, жиенғалитанушы Ғайша Ниязова, М.Ақмолла атындағы Башқұрт мемлекеттік педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Зулейха Хабибуллина, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты Тілектес Тоқсанбаева сынды ғалымдар баяндама жасады. «Ұлы даланың ұлы тұлғалары» жобасы аясында алдын ала жоспарланған іс-шара пандемия жағдайындағы шектеулерге байланысты онлайн форматында өткізілді.

Жиынды университеттің әлеуметтік мәселелер және тәрбие жұмысы жөніндегі проректоры Мұхтар Миров ашып, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Жиында бірінші болып баяндама оқыған белгілі әдебиетші-ғалым Серік Негимов жазушы Жиенғали Тілепбергеновтің ұлттық әдебиет тарихындағы ірі тұлғалардың бірі екенін атап өтті.

— Ол өзінің азғантай ғана ғұмырында туған халқы, елі үшін өте көп еңбек сіңірді және ең бір күрделі, қиын істердің басы-қасында жүрді. Сондай істерінің бірі — «Ғалия» медресесі қабырғасында Бейімбет Майлинмен бірге «Садақ» журналын шығаруы, — дей келіп, ғалым Жиенғали Тілепбергеновтің осы қолжазба журнал бетінде жарық көрген бірқатар шығармаларына талдау жасады.

Серік Негимов, әсіресе, Жиенғали шығармаларының тілі өте бай, құнарлы келетініне ерекше тоқталды.

— Жиенғалидың «Таңбалылар» повесінде, драмалық шығармаларында, әңгімелері мен фельетондарында замана шындығы, ел суреттері, тағдырлар, адамдардың психологиясы, сан қилы мінездер айрықша шеберлікпен сипатталған. Оның шығармалары бейне бір даналық дәрістері секілді, астарында өте терең ой жатады. Ол, әсіресе, қазақтың бай тілін асқан ұсталықпен қолданады. Халықтың бай тілін өзіндік бояулармен, өзіндік өрнектермен құлпыртып жібереді. Бүгінде біз тіліміздің жұтаңданып бара жатқаны туралы көп айтамыз. Ал сол тілімізді қайткенде байытамыз дегенде, оны өзінің табиғи құнарлы, әдемі қалпында қолданған, төгілдіре жазған жазушыларға жүгінуіміз керек, соларды қайта-қайта оқу керек. Сондай жазушылардың бірі — Жиенғали Тілепбергенов, — деді ғалым.

Жиенғалитанудың бастауында тұрған ғалым Тұрсынбек Кәкішевтің жары, профессор Күләш Ахмет те өзінің баяндамасында Жиенғали шығармашылығына деген жанашырлығын үлкен тебіреніспен жеткізді:

— Тұрсынбек Кәкішевтің Жиенғали шығармашылығына ден қоюы 1953 жылдан басталған. Бұл — Алаш қайраткерлері түгіл, Сәкен, Бейімбет, Ілиястардың да ақталмаған кезі. Тұрсынбекке «Садақ» қолжазба журналы, онда жарияланған Жиенғали мен Бейімбеттің шығармалары жөнінде алғаш айтқан адам — ақын Жақан Сыздықов еді. Жан-жағына сақтана қарап, үркектеп, сыбырлап қана айтқан екен. «Бірақ маған оның үрейінен гөрі, «Садақ» журналы туралы айтқан сөздері қаттырақ әсер етті. Қайткенде сол журналды тауып, оқысам деп құмарттым», — деп еске алды кейін өзі. Сөйтіп, Алматыдағы Пушкин атындағы кітапханадан журналдың 20, 21, 22-сандарын тауып, оқыған. Тұрсынбек Кәкішев, міне, сол 1953 жылдан бастап, өзі өмірден өткенге дейін Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығының үлкен жанашыры, іздеушісі, зерттеушісі болды. Ақтөбелік жас ғалымдардың арасынан жиенғалитануды қолға алатын шәкірт тәрбиелеуді мақсат тұтты, ол шәкірті — Ғайша Ниязова еді. Ғайша сонау 90-жылдардың ортасынан бері осы бағытта көп ізденді, Жиенғали шығармашылығы бойынша кандидаттық диссертация қорғады, көптеген еңбектер жазды. Енді өзі де шәкірттер тәрбиелеп, жиенғалитанудың одан әрі тереңдей түсуіне ұйытқы болса деймін. Тұрсекеңнің арманы, аманаты осы еді. Ол: «Жиенғали ұмытылмауы тиіс, ол ұмытылса, үлкен трагедия болады» — дейтін, — деді профессор Күләш Ахмет.

Тұрсынбек Кәкішевтің өз зерттеулерінде Бейімбет пен Жиенғалиға Уфадағы «Ғалия» медресесі қабырғасында оқи жүріп, «Садақ» қолжазба журналын шығарудың оңайға түспегенін де айтып кеткенін баяндамашы тағы бір еске түсірді.

Медреседе оқитын татар, башқұрт, черкес жастарының түрлі атпен қолжазба журналдар шығарып жүргенін көріп, Бейімбет пен Жиенғали да қазақ жастарын осындай іске тартуды көздейді. Сөйтіп, қазақтың тұңғыш қолжазба журналы — «Садақ» дүниеге келеді. «Садақ» 1915 жылдан бастап шыққан. Бірақ татар, башқұрт жастары журналдың қазақ тілінде шығуына қарсы болып, екі арада кикілжің туады. «Садақтың» шығарушылары, жалпы, медреседегі қазақ жастары осы мәселеге байланысты оқу орнының басшысына шағымданады. Ақыры, бұл мәселе жиналыста талқыға түсіпті. Жиында белгілі татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимов қазақ жастарын жақтап сөйлеп, екі жақты келісімге шақырады. Оның жиналыста сөйлеген сөзі кейіннен «Садақ» журналының 1916 жылғы сандарының біріне басылып шыққан. ХХ ғасыр басында Уфада оқыған қазақ жастары өз туған тілін осылай қорғаған.

«Садақ» журналының жоғарыда айтылған үш нөмірін 30-жылдардың басында Жиенғали Тілепбергеновтің өзі жазушылардың КазАПП ұйымына табыстап, содан сақталып қалған екен.

Конференцияда жасаған баяндамасында Ғайша Ниязова әр кезеңдерде жиенғалитануға үлес қосқан зерттеушілер еңбектеріне тоқталды. Оның айтуынша, Жиенғали шығармалары — 1932 жылы Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Әмина Мәметованың құрастыруымен шыққан 6-класқа арналған әдебиет оқулығына, 1940 жылы Диқан Әбілов пен Жұмағали Саин құрастырған 10-класқа арналған әдебиет оқулығына енген. Ғалым Тұрсынбек Кәкішевпен қатар, Темірбек Қожакеев, Қайыржан Бекхожиндердің де жиенғалитануға үлкен үлес қосқанын атап өтті.

Тұрсынбек Кәкішевтің «Садақ» роман-эссесі, жазушы, жерлесіміз Табыл Құлиястың «Аңыздың ізімен» романы Жиенғали Тілепбергеновтің өміріне арналған.

Сондай-ақ Жиенғали Тілепбергенов шығармашылығының Қызылорда облыстық «Сыр бойы» газетіндегі кезеңін зерттеуге ғалым Серікқали Байменшиннің қосқан үлесі зор. Бейімбеттанушы С.Байменшин «Сыр бойы» газетінің Мәскеу архивінде сақталған сандарынан Жиенғалидың зерттеушілерге белгісіз болып келген шығармаларын тапқан.

— Жиенғали тұлғасының зерттеусіз жатқан бір қыры — оның аудармашылық өнері, — дейді Ғайша Ниязова.

Конференцияда уфалық ғалым Зулейха Хабибуллина 1915-1918 жылдары Жиенғали Тілепбергенов оқыған «Ғалия» медресесінің тарихы туралы баяндама жасады, ал филолог ғалым Тілектес Тоқсанбаева жазушының драматургиялық шығармаларын кеңінен талдады. Зулейха Хабибуллина өз баяндамасында «Ғалия» медресесі тарихын зерттеушілердің «Садақ» қолжазба журналына жоғары баға беретінін атап өтті.

Сөз соңында конференцияның ұйымдастырушылары — С.Бәйішев университетінің Білім берудің жоғары мектебі және қазақ тілі мен әдебиеті кафедрасы екенін атап өткіміз келеді. Ұйымдастырушылар жиында айтылған пікірлерді есепке ала отырып, «Жиенғалитану» курсын университеттің оқу бағдарламасына элективті пән ретінде енгізу жөнінде ұсыныс әзірлемек, сондай-ақ облыстық білім басқармасына да «Жиенғалитану» курсын мектептерде факультативтік сабақ ретінде өткізу жөнінде ұсыныс жолданатын болады.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button