АуылБасты жаңалықтар

Төрт түлігі тең өрген округ

Қойнауы кенге бай Мұғалжар тауының етегі қайыңға толы. Сондықтан болар, бастауын таудан алып жатқан өзен де, осы маңдағы ауыл да Қайыңды деп аталады.  Бұл ауылдық округ — аудандағы әлеуметтік ахуалы тәуір өңір. Елімізге алтынымен белгілі Алтынды ауылы да осы округке қарайды.

Облыс орталығынан — 264 шақырым, аудан орталығынан 174 шақырым қашықта орналасқан ауылдық округтің тыныс-тіршілігі тәл-тәуір.

Өңі кірген өңір

400 мыңнан артық гектар жерді алып жатқан округ қарамағына Қайыңды мен Алтынды ауылдары кіреді. Округте барлығы 280 түтін бар.

Ауылдағы мың жарымға жетпейтін тұрғын бюджеттік мекемелерден басқа «Интергаз Орталық Азия» АҚ қарасты өртке қарсы бөлімшеде, күзетте, байланыс мекемелерінде, «AltynEx Company» акционерлік қоғамына және «КазГеоРуд» ЖШС секілді ірі өндіріс орындарында жұмыс жасайды.

— Округ толығымен орталықтандырылған газбен және сумен жабдықталған. Үш жыл бұрын «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы аясында  Алтынды ауылының ауызсу жүйесі толығымен жаңартылды. Қайыңдының 7 көшесі, Алтындының 9 көшесі толығымен жарықтандырылды. Биыл наурыз айында «Өңірлерді дамыту» бағдарламасы бойынша Алтынды ауылындағы барлық көшеге ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қайыңды мен Алтынды ауылының арасы — 32 шақырым, осы аралықтағы жол күрделі жөндеуді қажет етіп тұр, шалғай жатқан ауылдар қатынасы әсіресе қары мол, боранды қыста қиындық келтіреді. Бұл жолға ауылымыздағы ірі өндіріс орны «AltynEx» компаниясы ағымдағы жөндеу жүргізді, — дейді округ әкімі Ғалым Дәрімбетов жолдың жайын тілге тиек етіп.

Екі округке бір амбулатория

Округ әкімі Ғалым Дәрімбетовтің айтуынша, ауылдың демографиялық жағдайы жоғары, округте жылына 40-45 нәресте дүниеге келеді.

«Округ орталығында орналасқан дәрігерлік амбулатория Қайыңды, Алтынды, сондай-ақ көрші Егіндібұлақ округінің тұрғындарына да қызмет көрсетеді. Әлемді әбігерге салған пандемия кезеңінде де ауыл халқы етін жеп, ағарғанын ішіп, иммунитеттерін әлсіретпеді.  Тұрғындар арасында коронавирус індетінен сақтану амалдары айтылып отырды. Амбулаторияның бас дәрігері Ғайни Қуандықұлы он жылдан бері ауылдастарын емдеп, медициналық қызмет көрсетіп келеді. Қарамағында тәжірибелі бес медбике бар», — дейді Ғ.Дәрімбетов.

Округ әкімі амбулатория ғимаратының да ескі екендігін, алдағы уақытта жаңа ғимарат салу жоспарда тұрғанын жеткізді.

Мал өнімі — табыс көзі

Қайыңды — төрт түлігі тең өрген округтің бірі. Олай дейтініміз, ауылдағы 26 шаруа қожалықтың бәрі де мал шаруашылығымен айналысады.  Тек қожалық  иелерінен ғана емес, ауылда малдың түрі әр қорадан табылады.  Табылып қана қоймайды, ауыл тұрғындары арасында мал өнімдерін кәдімгі табыс көзіне айналдырып отырғандар көп. Бұл туралы бізге округ әкімі әңгімелеп берді.

— Біздің округте шынымен де мал өнімдерін облыс, аудан орталықтарына, Ембі қаласына апарып сатып келетіндер бар.  Шалғайда болса да, осы жазда қайыңдылықтардың қымызына, басқа да сүт өнімдеріне ерекше сұраныс артқан. Атап айтсам, көктемде басталған пандемия кезеңінде  «Нұрдәулет» шаруа қожалығының қожайыны Ахмет Боққарин 10 бие байлап, ауылдастары мен ауыл қонағына саумал ұсынды. Сол уақытта өкпесі қабынғандар қымыз , қала берді ағарған ішуге тырысты. Енді бірі ауырмаудың жолын іздеп, табиғи сусын ішті. Бабаларымыздың «Биенің сүті — сары бал, қымыздан асқан дәм бар ма?»дейтіні содан екен.  Сол уақытта өзім де ауырып тұрдым.  Ахметтің саумал қымызын өзім де іштім, тәуір болдым. Қымыздың литрі 800 теңгеден болды. Көп адамның дертіне шипа, деніне саулық болған сусынды ұсынғанға дейін қаншама бейнеті бар десеңізші. Алайда Ахмет көп адамның алғысын алды. Мен де оған рақмет айтамын, — дейді округ әкімі Ғалым Дәрімбетов.

Сонымен қатар әкім ауылдағы атсүйер тұрғындардың Мұғалжар жылқы зауытының ізімен мұғалжар, көшім жылқыларының тұқымын ұстап, өсіріп отырғанын да айтты. Округ бойынша шаруашылығын тәуір жүргізіп, мал басын көбейтіп отырған «Береке», «Бірлік-У», «Жантемір», «Мергенбай», «Аяжан-С», «Рахман» шаруа қожалықтарын ерекше атап өтті.

— Мәселен, «Береке» шаруа қожалығы биыл  «Қарапайым заттар экономикасы» мемлекеттік бағдарламасы бойынша 18 миллион теңгеге 40 бас түйе сатып алды. Қожалық басшысы өз қаражатына шаруашылықтың басына газ жүйесін тартып алды. Сондай-ақ, үш тұрғын «Еңбек» бағдарламасы арқылы 11 миллион теңге көлемінде несие алып, мал шаруашылығын дамытуға кіріссе, кәсіпкерліктің «әліппесін» оқыған бес жас 550 000 теңге көлеміндегі грантқа ие болып, олар да мал өсіруді қолға ала бастады, — дейді округ әкімі Ғалым Дәрімбетов.

Ауыл жастары қол қусырып қарап отырмайды, бәрі де бір кәсіппен айналысуды жөн көреді. Оған дәлел, соңғы жылдары ауылда жеке кәсіпкерлер көбейіп келеді. Айталық, Қайыңды ауылдық округінде 6 азық-түлік дүкені, 4 монша, наубайхана, массаж кабинеті, дөңгелек жөндеу шеберханасы, такси қызметі бар. Осындай шағын кәсібін 16 жеке кәсіпкер тәп-тәуір жүргізіп отыр.

Округ әкімі тұрғындар арасында шаштараз, аяқ киім жөндеу шеберханасы секілді ауылға қажетті кәсіп ашу туралы түсіндірме жұмыстары жүргізіліп жатқанын да айтты.

Алтындыда мектеп салынады

Алтынды ауылындағы мектептің жағдайы мәз емес. Балалар ескі әрі тар бөлмеде оқып жүр. Спорттық және мәдени шара өткізуге арналған залдары жоқ. Бұл туралы аудан әкімінің есепті кездесуінде айтылды. Осыған байланысты мектеп салу мәселесінің басты назарда тұрғанын айтқан аудан әкімі алдағы жылы Алтынды ауылынан 60 орындық жаңа мектептің құрылысы басталатынын жеткізді.

— Қазір жаңа мектеп салу үшін қажет қаржы қарастырылып жатыр. Мектеп құрылысының жобалық-сметалық құжаттары дайын, — дейді Қайыңды ауылдық округінің әкімі Ғалым Дәрімбетов.

Биыл Алтынды ауылында балалар алаңы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді.

Демеушілер арқасы

Үш жыл ішінде «Туған жерге тағзым» акциясы аясында ірі компаниялар мен жекелей азаматтар округтің көркеюі үшін 40 млн теңгеге көмек көрсетіпті. Негізгі көмекті қай кезде де округтің бас демеушісі — «AltynEx Company» компаниясы жасайды.

Былтыр да осы компания аталған акция шеңберінде Алтынды ауылындағы «Балапан»  бөбекжай-бақшасына газ жүйесін тартып беріпті. Сонымен қатар ауылдың бес көшесіне жөндеу жұмыстарын жүргізген.

Сондай-ақ былтыр «Туған жерім — Қайыңды»  шағын сәулет нысаны бой көтерді. Қайыңды орта мектебінің түлектері Е.Қожахметов , Б.Мырзабеков және А.Әбдіхалықовтың қолдауымен оқу кабинеттеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, құрал-жабдықтар сатып алынды.

«Туған жерге тағзым» акциясы аясында Қайыңды-Алтынды ауылдары арасындағы жолдарды тегістеуге, аз қамтылған отбасыларға тегін су, газ жүйелерін жүргізуге «AltynEx Company» акционерлік қоғамы 1 600 000 теңгеге көмек берді.

Биыл да акция өз жалғасын тауып, «Балапан»  бөбекжай-бақшасының ауласы қоршалды, қоршауға демеушілер тарапынан 2 000 000 теңге тауып берілді.

— Ауылдың гүлденуі мен көркеюіне демеушілер ерекше көмектеседі. Округтің қай шаруасына да атсалысып, кем-кетігін қалауға көмек қолын созатын «AltynEx Company» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Дамир Абдуллаевқа алғыс айтамын. Әрине, мектеп түлектері мен ауылдың азаматтары да көмектерін аяп жатқан жоқ. Ауылдың көркейгеніне тұрғындар да риза, — дейді әкім.

Сондай-ақ ол әлі де өз кезегін күтіп тұрған шаруалардың жетіп артылатынын айтты.  Атап айтсақ, округ орталығы — Қайыңдының екі көшесінің жолын асфальттап, екі ауылға да көпсалалы спорт алаңдарын салуды жоспарлап отыр. Қазір бұл жұмыстардың құжаттары дайындалып жатыр. Жұмыс көктем шыға басталмақ.

Ғалым Дәрімбетов тұрғындар сұранысына орай алдағы уақытта Алтындыда орталықтандырылған кәріз жүйесін салу жоспарда тұрғанын айтты.

«Қайыңдыдағы кәріз жүйесі де қараусыз қалып отыр. Бұл жүйеге қатысты мәселені шешу үшін ең әуелі оны балансқа қою керек боп тұр», — дейді округ әкімі.

Округ әкімінің осы уақытқа дейін жасаған тірлігіне қарап, біз тұрғындардың қажеттіліктері ескеріліп, ауылда тағы біраз дүние жасалатынына сендік.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ,

Мұғалжар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button