АуылБасты жаңалықтар

Көшесі көрікті, баласы көлікті

Бұдан 15-20 жыл бұрын ауылдың көрінісі  көңілге қаяу түсіретін. Жайсыз жол, қараңғы көше, құлағалы тұрған үйлер қаладан келген қонақтардың көзіне жадағай болып көрінді. Жұмысы жоқ жерде ешкімнің де қалғысы келмей, жастар кетіп қалды. Мал ұстағанымен оның да құны арзанға бағаланатын. Ал қазір ше? Ауылдың ажары кіріп, қоныстанушылар көбейді. Керісінше, қаладан көшіп келушілер де бар. Өйткені табыстың көкесі — ауылда.

Ауқатты тұрмыстың арнасы

Сондай шалғай ауылдардың бірі — Ойыл ауданындағы Сарыбие ауылдық округі. Аудан орталығынан 65 шақырым жерде орналасқан. Жеңіл көлікпен бір сағаттық жер.  Оның үстіне биылдан бастап жол жасалып жатыр. Сарыбиеліктердің де басты проблемасы осы болатын. Ауылда 1215 адам тұрады. Жол ақысы — 800-1000 теңге. Екі үй сайын жеңіл көліктен бар.

Қарап отырсаң, ешқандай жолмен байланыспайтын, өндірісі де жоқ бір бүйірде жатқан ауылдың ауқатты тұратынына кейде таңғаласың. Бәрі бірдей емес, әрине. Бірақ көбінің қалтасынан ақша үзілмейді. Себебі оның бәрі малдың арқасы. Төрт түліктің төлін көбейтіп, жылдық табысын содан еселеп отырған ауылда мал ұстамайтын адам жоқ. 5 мыңнан астам ірі қара, 2500 жылқы, 23 мыңдай қой бар. Егер осыны әр үйге емес, тұрғын санына шақсақ та бір адамға 5 сиыр, 2 жылқы, 100 қойдан келеді. Бұл орташа есеппен алғанда. Негізінде, әр үйдің ауласынан оннан астам сиыр, 150-200 қой-ешкі өреді. Даладағы жылқы малын айтпағанда, осы екі түліктің өнімі бір отбасына еркін жететіні анық. Өйткені қазір кез келген мал құнын түсірмей тұр. Экологиясы таза жердің жусанына жайылған семіз әрі дәмді Сарыбие малының етіне тапсырыс берушілер көп. Оның үстіне соғым науқаны жақындап келе жатқан сайын ауыл тұрғындары пұлды малдарын ыңғайлап, табысын таразы басынан санап алуға дайындалып отыр.

Сарыбиенің құрамына Қаракөл елді мекені кіреді. Онда қазір 17 түтін бар. Жалғыз бастауыш мектеп қана ауылдың жабылып қалмауына сеп болып отыр. Бірақ  алдарындағы малының арқасында балаларын жоғары оқу орнына оқытып,  қаладан үй алып беруді әдетке айналдырған ауылдың көштен қалып жатқаны байқалмайды. Күйлі ауылдың тұрмысын астарына мінген көліктерінен-ақ аңғаруға болады. Округ әкімінің айтуынша, қазір малды атпен бақпайды. Ауылдағы 100-ден аса мотоцикл мініс көлігіне айналғалы қашан!?

Өріс те өз ауылыңнан басталады

Әрине, малы көп ауылда айқай-шу да аз болмаса керек. Шаруа қожалықтарының жеріне тұрғындардың жеке малының түсуі бұл жақта да жоқ емес. Сонымен қатар, газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде жазғанымыздай, көп малдың тұяғы ауыл ішін тақырлап тастаған. Бірақ сайланғанына алты ай болған ауыл әкімі Дәурен Бисебаев мұның алдын алып, дер кезінде әрекет ете білген. Бұрын қараусыз жайылатын сиыр малына екі бағытқа күту ұйымдастырылып, бақташы тапты. Бақташы тауып қана қоймай, ауылдың да ажарын ұмытпады. «Күнде бес үйдің өзінен мыңға тарта қой-ешкі шығады» деген ауыл әкімі  жақсы тәсіл тауыпты. Сарыбиенің айналасында ағып жатқан су не бұлақ жоқ. Тұрғындардың малы түсте су ішуге ауылға келеді. Сондықтан ұңғыма құдық қаздырып, оның басына астау қойды. Құны 450 мың теңге тұратын су сорғыш қондырғы апарды. Сол жерді малшыларға тапсырды.

Ендігі жылы ұңғыма құдықтарды көбейтемін. Бұрын қойдың кезегін баққан адам түсте әкелетін. Мұны тоқтатуымыз керек. Түсте мал өрістегі құдық басында жатады да ауылға кешке бір-ақ кіреді. Жалпы, ауылда тек сауын сиырларды ғана қалдыруға болады. Бойдақ малдың бәрі қырға кетсе, ауыл айналасы тазарып, шаң жұтпаймыз. Мемлекеттік бағдарламалармен көптеген жұмыстар онсыз да атқарылып жатыр.  Бірақ жұмысты да малдың ыңғайына, шаруашылықтың ретіне қарай жүргізуге тиіспіз. Келесі жылдан бастап ауылға бірде-бір бейсеует мал кірмейді. Қазір мал егетін арнайы орын дайындап жатырмыз. Бағусыз жүрген малдар да сол жерге қамалып, айыптұрағына айналады. Бұған тұрғындар да түсіністікпен қарауы керек. Өйткені тазалық —бәрімізге ортақ шаруа, — дейді округ әкімі Дәурен Бейсебаев.

Ауыл әкімінің мойнына жүктелер жұмыс көп. Ең ақыры әр үйдің айналасы шашылып жатса да таяқтың бір ұшы әкімге тиеді. Сондықтан ауыл әкімі Дәурен Қаржауұлы тұрғындармен жеке-жеке сөйлесіп, ортақ тіл табысып, бұл мәселенің шешімін тапқан. Қазір ауыл көшелері тап-таза. Бұл сол ауылға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің де назарынан тыс қалмапты.

Сәні кіріп, жинақылығы бірден көзге ұрған ауылдың келбетіне облыс басшысы риза болып, Сарыбие тұрғындарына алғысын білдіріп кетті.

Ең төменгі табыс — 100 мың теңге

Ауыл әкімі бір бақташысына мініс атын немесе қой сатып алуға 505 мың теңгенің грантын алып берді. Мал басына қойылатын бағаны да екі тараптың жағдайына қарай шешіпті. Тұрғындардың қалтасына салмақ түсірмеуді ойлап, бақташымен де ымыраға келіп, бір сиырды бағу айына 500 теңге болып бекітілді. Бұл облыстағы ең төмен — «ставка». Айта кетсек, облыс бойынша бақташылардың орташа бағасы — 800-1000 теңге.

Тұрмысыңды түзеу үшін жақсы жалақы аламын деп табақтай дипломның иесі болу шарт емес. Төрт түлігі өрген өңірде ерінбеген адамға сұраныс көп. Үкіметтен берілетін қолдау да бар.

Асылхан Сұлтанов екі бірдей жоғары оқу орнын тәмамдап, қалада жұмыс істесе де, мал өсіруге ынтасы ауған. Оған себеп болған — Үкіметтің жеңілдетілген несиесі мен субсидиясы, жергілікті әкімшіліктің кәсіпкерлерге деген қолдауы. Осыны білген ол «Жиембет-Назерке» өндірістік кооперативін құрды.  2017 жылы  «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан» 10 миллион теңге алып, техникаларын жаңартты. Атакәсіпті жандандыруға 26 жасында кіріскен Асылханның алдында міндет көп. Мал басын асылдандырып, шаруашылығын одан әрі кеңейтуді көздеп отыр. Асылханның айтуынша, қазір 100 мың теңгеге малшы табу қиын. Демек, ең төменгі табыс осы болып, оған адам шықпаса, онда ауылдың жайы жақсы.

Күні кешегіге дейін ауылда шаштараз жоқ болатын. Тұрғындар шашын алдыру үшін аудан орталығына арнайы баратын. Қазір бұл мәселе шешімін тапты. Нұрсезім Артықбаева аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы 3 ай шаштаразшы мамандығын тегін оқып алды. Ауылдан шағын  шаштараз ашуды бұрыннан ойлап жүргенімен, қолдың қысқалығы күрмеуге келмей жүрген-ді.  Сөйтіп жүргенде үкіметтің қолдауы бұл мақсатын іске асырды. 505 мың теңгенің грантын ұтып алған ол сол қаражатқа құрал-жабдықтар сатып алды. Ауыл әкімі Дәурен Қаржауұлы әкімшілік үйінің бір бөлмесін берді. Қазір Нұрсезімнің «клиенттері» көп. «Мен бұл шағын шаштаразды табысым ретінде әрі ауылда кәсіпкерлікті дамытуға тамшыдай болса да үлес қоссам деген ниетпен аштым», — дейді Нұрсезім Артықбаева.

Тәуекел деп тары еккен

Қазір ресми Сарыбие деп аталатын округ бұрынғы «Жекенді» кеңшары. Батыс Қазақстан облысымен шектес «Жетікөл» кеңшарының бөлімшесі болған. Кейін «Жетікөлден» еншісін алып кеңшар орталығы болып бөлек отау тікті. Бір жағы Атырау облысымен шекаралас Сарыбие ауылдық округі үш облыстың түйіскен нүктесінде тұр. Сондықтан тек Ақтөбе қаласына ғана емес, көрші Атырау облысының Қызылқоға ауданы мен Батыс Қазақстан облысының Қаратөбе ауданымен сауда-саттық жасай алады. Мысалы, асылтұқымды мал іздеген адамға ар жағында Оралдың ақбас сиырлары тиіп тұр. Ал Қызылқоға ауданына мал азығын сатады. Өйткені ол жақта шөптің бағасы қымбаттау ал, Ақтау, Атырау қалаларынан мал сатып алуға келетін жүк көліктері Сарыбиенің семіз малдарын тиеп әкетуге құмар. Семіз әрі еті дәмді келетін бұл жақтың төрт түлігінің өрісі экологиялық таза.

Жәрмеңкелерден өнімі түспейтін тары мен талқанның алқабы осы ауылда. Тары егумен 3 шаруа қожалығы айналысады. Ал «Жақып» шаруа қожалығының тарысы Астананың сөресіне танымал.  Облыс тұрғындары да асыға күтеді.  Суармалы және қырлық жерге тары еккен диқандардың үміті жыл сайын ақтала бермейді. Қырлық тарыны көктің тамшысына тапсырғанымен ауа райының құрғақшылығы қамбаны бос қалдыруы да мүмкін. Бірақ табысын тәуекелден, табатын ауыл шаруалары тары егуді тоқтатқан емес. Егер тары бітік шықса, табыстың астында қалдым дей бер. Көрші облыстардың өзі қырман үстінен тиеп әкетеді. Ауданның бренді — тарыны шығару ауызға жеңіл болғанымен, бейнеті шаш етектен. Ең басты қиындығы, егіс еккендер бір комбайн ала алмай жүр. Бұрынғы кеңшардан қалған ескі техника лекерге жарап тұр. Жүруінен тұруы көп техникаға сенсе, егінді дер кезінде ора алмай, күйіп кету қаупі де бар. Жаңа техникаға қол жеткізу — егіс алқабы бар жандардың арманы. Бірақ арнайы техниканың құны да 30 миллион теңгеден жоғары. Дегенмен бұған дейін техникаларын жаңартқан шаруалар аз жылда жаңа комбайнды мінуі де мүмкін. Қалай болғанда да, үзіліп қалған атакәсіпті қайта жалғап, бірнеше жылдан бері тәжірибе жинап қалған Сарыбие ауылының диқандары егіс даласын бос тастамақ емес. Ал шөлейтті жерге егін салу — шалғайдағы ауылдың тәуекелі, қосымша мол табысы.

P.S. Ауыл әкімі Дәурен Бисебаевтың алға қойған мақсаты аз емес. Соның ең бастысы — алдағы жылы төрт көшені асфальттап, тротуарлар салмақ. Ал  тұрғындардың демалыс саябағын салып, балалар ойын алаңын жасақтау үшін жобалық-сметалық құжат жасалды. Онсыз да шағын стадион мен воркауттары бар селоның іші спорттық алаңдары мен саябаққа толмақ. Сарыбие тұрғындарының бір мәселесі — бұдан бірнеше жыл бұрын ауызсу тартылғанымен, ащы болып шықты. Қазіргі таңда тұщы су қоры ауылдың іргесінен табылды. Оған зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ай сайын сынама алынып тұрады. Егер бір жыл бойы су құрамы өзгермесе, сол жердің суын тұтынбақ. Бұл тез әрі арзанға шығады.

Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button