Рухани жаңғыру

Алтын Орданың тарихи тағылымы

Ә.ӘУЕЛБАЕВ,

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

Ұлы даланың жеті қыры

Биыл  желтоқсан айының басында Алматы қаласында Алтын Орданың 750 жылдығы және Ер Едігеге арналған «Ер Едігенің Алтын Орда тарихындағы орны» тақырыбында  республикалық ғылыми-практикалық конференция өтті. Ұйымдастырушылар — әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті мен  «Тілеу-Қабақ» қоры. Конференцияда Алтын Орда дәуіріндегі тарихи тұлғалар  және Ер Едіге, заманауи зерттеулердегі Алтын Орда тарихының өзекті мәселелері, халық ауыз әдебиетіндегі Ер Едігенің тарихи болмысы және басқа да  тақырыптар төңірегінде белгілі ғалымдар мен қоғам қайраткерлері сөз қозғаған болатын. Аталған конференция тақырыбына байланысты біз де үн қосқанды жөн көрдік.   

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президент-Елбасы Н.Назарбаев: «…Егер біз мемлекет болғымыз келсе, өзіміздің мемлекеттігімізді ұзақ уақыт құрғымыз келсе, онда халық руханиятының бастауларын түсінгеніміз жөн. Оған барар жол халық даналығының негізінде жатыр», — деп, мемлекеттіліктің берік негізі ретінде халықтың рухани мұраларын анықтап, халық даналығын жаңғыртып, оны бүгінгі ұрпақтың да, болашақтың да игілігіне жаратудың маңызын көрсеткен болатын.

Тарихи құжаттар мен көне жәдігерлерге сүйеніп, халқымыздың өткені мен бүгіні, болашағы үшін ақиқат мәнін айқындауға болады. Түркілер Шығыс Еуропа мен Дунайдан бастап Орта Азияны, Азов теңізі жағалауын, Қырымды, Солтүстік Кавказды, Мысырды, Қытай қорғанына дейінгі аумақты билеп, әлемдік өркениет пен мәдениетке, тарихқа үлесін қосқан аса қуатты мемлекеттердің бірегейі болғандығын түркі жұртшылығына аса танымал құмықтың тарихшы ғалымы Мурад Аджидің ғылыми-танымдық еңбегі нақтылай түседі. (Аджи М. Полынь Половецкого поля. М.Новости, 2000 ж.).

Қазақ халқының тарихи қалыптасуының шарайнасы есептелетін Орхон-Енисей жазбасындағы осынау Жер деп аталатын алып планетада он екі қанат үйдің керегесіндей құлашын кең жайып, ұлы қағанат құрған Тәңірі тектес Елтеріс (Бумын) қағанның тасқа қашалып жазылып, бізге жеткен ұлы өсиетінде: «Биікте Көк Тәңірі, төменде Қара Жер жаралғанда, екеуінің арасында адам баласы үстінде жаралған, ататегім Бумын қаған, Істемі қаған отырған, Отырып, түркі халқының ел- жұртын қалыптастырған, иелік еткен», — деген асқақта өрлі де рухы мол сөз еске түседі. (Йолытегін. Күлтегін. Байырғы түркі тілінен аударған және алғы сөзін жазған М.Жолдасбеков.А.,1986 41-44 беттер.)

Түркілер саяси үстемдік жасап қана қойған жоқ, өздерінің ата-салты мен ділін, дінін, тілін дәріптейтін үлкен рухани-мәдени ошақтар қалыптастырды. Бұл мәдени ошақта түркі халықтарының этникалық менталитеті мен дүниетанымы, этностық тілі мен этностық санасы, этникалық моралі мен салт-дәстүрі, әдебиеті мен өнері ерекше қарқында дамыды. Әсіресе, Алтын Орда мемлекеті тұсында қуаты арта түсті. Ұлы дала  —  кең-байтақ жерде Алтын Орда атты мемлекет Шыңғысханның баласы Жошының ұлысында құрылып, қанатын кеңге жайды. Осындай алтын ғасырдың жалғасы —  Алтын Орданың тарихы қазақ халқының даңқты ерлерінің тарихи жолы деп білеміз. Халқымыздың төл тарихын зерделегенде, әділет пен теңдік, батырлық пен шешендік, ерлік пен жаужүректілік жолында күрескен ерлер аз болмаған. Сонымен бірге қазақ халқының тарихындағы беттерді қайта ашып, «ақтаңдақтардың» орнын толтыру болып отыр.

Көрнекті жазушы, Мемлекеттік сыйлықтың   иегері Әнес Сарай тарих тылсымына үңіліп, дерек жинап, қалам тербеп еді. Жазушының қаламынан туған «Көнеліктер», «Көк түріктері», «Ноғайлы»  —  қазақ тарихының кең тынысын ашатын құнды дүниелер екені жұртшылыққа мәлім. Қандай ел болмасын оның тарихы мен сол ғасырда өмір сүрген батырлардың  ел аузындағы ақын, жыршы, жыраулардың, би-сұлтандардың елге жасаған қызметі мен батырлығының мәні ең алдымен — тарихи сабақтастықта болады. Ал тарихи сабақтастықтың бүгінгі жемісі — ол қазақ елінің тәуелсіздік алуы. Тәуелсіздікпен қатар талай ғасырлар бойы сабақтасып келе жатқан ұлттық рухтың биік шыңдарының бірі — Ер Едіге батырдың тұлғасын, тарих тағылымындағы ерлігін ұрпаққа үлгі, мұра ету болды. Осындай ұлы мұраттарды жаңғырту қажеттілігі туындады. Ал ұлттық жаңғыру — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында нақты көрсетілген. Онда: «Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды», —  делінген.

Қазақ ұлтының даңқты батырлары мен би-шешендері еліміздің шаңырағын көтеріп, уығын қадап, іргесін бекітіп, нығайту жолында ұрпаққа үлгі өнеге бола білді. Халықтың өткені мен бүгінін таразылау қажеттілігі, қалай ел болғанымызды ұрпаққа жеткізіп, түсіндіру міндеті алға шықты. Әрине, осы тұста тарихта өзінің тегеурінді тапқырлығы, қол бастаған жаужүректілігімен, кесіп айтар әділ билігімен ел жадында қалған батырлар, би-шешендер аз болмаған. Тәуелсіздік алған бергі тұста тарихымызға да тереңдей бойлап барамыз, өткенімізді, әсіресе, ұлы тұлғаларымызды білу, тану арқылы рухымыз көтерілді. Ал көнеден белгілі, рухы күшті елдің жеңбес қиындығы, алмас қамалы, орындалмас мақсаты болмақ емес. Алтын Орда мемлекеті әртүрлі этникалық топтар мен   көпконфессиялық болды. Тарихи тұлға Оразмұхамед сұлтанның кеңесшісі болған Қадырғали Жалайырдың «Жами ат-тауарихын» оқи отырып, Алтын Орда мемлекетінің   Қазақ хандығының  құрылуының алғашқы баспалдығы болды деген болжамдар да бар екендігін білеміз. Белгілі ғалым М.Ноғайбаева «Ноғайлар құрамындағы қазақ ру-тайпалары туралы» атты мақаласында: «Алтын Орда мемлекетінің негізгі халқын құраған, кейінірек ХІV-ХV ғасырларда күшті саяси беделдерге ие болған ру-тайпалар өздерінің басшыларының саяси ұстанымдары  мен саяси өмірдегі күрделі өзгерістер нәтижесінде қайтадан қоныс аударып, олардың бір-бірімен араласуы басталды. Олар Алтын Орданың орнында пайда болған мемлекеттердің негізгі халқын құраған этносаяси қауымдастықтарға бірікті», — деп жазады. (М.Ноғайбаева. Ноғайлар құрамындағы  қазақ  ру-тайпалары  туралы «Алаш»  тарихи-этнологиялық  ғылыми  журнал, №4 (19), 2008,  66-76 б.)

Осы ой-пікірдің нақты дәлелін әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы ғылыми орталықтың директоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР Ұлттық ғылым академиясының құрметті академигі Талас Омарбековтің жазбасынан табамыз.  Танымал тарихшы: «Қыпшақ даласына тығыз топтастыра түсті. Географиялық тұрғыдан бұл ұлысқа Батыс Сібірдің оңтүстігі, төменгі Еділ аймағы, бүкіл шығыс Дешті Қыпшақ жері қарады. Мұнда Қыпшақтар, Алтындар, Жаппастар, Байбақтылар, Алашалар, Кердерілер, Табындар мен Тамалар, Адайлар, Беріштер,  Хазарлар мен Бұлғарлар, Саксиндар мен Аландар, Астар мен орыстар қатар мекендеп жатты. Бұлардың біразы Батыс Қазақстан аймағында біржолата орнықты және болашақ Алаш қауымдастығының қалыптасуына этноәлеуметтік негіздер жасады. Осы ұлы далада, жоғарыда атап көрсеткеніміздей, монғолдардың еркінен тыс, әсіресе, болашақ Алты Алаш бірлестігінің бір бөлігін құрайтын тайпалардың Алшын бірлестігі мен Қыпшақ қауымдастығын біріктіретін тайпалар одағы этносаяси тұрғыдан жақындаса түсті және өздерінің түпкі тамырлары тереңнен бастау алатын қандас туыстар екендіктерін саналы түрде түйсіне бастады» , — деп жазады. («Egemen Qazaqstan» газеті, шілде, 2020).

Сол замандардағы мемлекеттердің тарихы Қазақ хандығымен және Тәуелсіз Қазақ еліміздің жалғасы екендігі де түсінікті. Осы тұстағы тарих беттерінің «ақтаңдақ» тұстарын академик М.Қозыбаев былай көрсетеді: «…біз соңғы он жыл шамасында, әсіресе, тәуелсіздік алған жылдары ата тарихымызға үңілу үстіндеміз. Оның басты себебі — Ресей империясы тұсында тарихымызды отаршылдар жазды, советтік заманда Қызыл империяның мүддесіне негізделіп жасалды», — деп жазуы халқымызды ұлттық таным мен тарих деңгейіне көтерген пікір болды.

(М.Қозыбаев. «Тұлғалар тұғыры», 2009 ж., 244-бет).

Бұл талай қазақ азаматтарына ой салды, қозғау болды. Бұл елдігіміздің, ұлтжандылығымыздың белгісі еді. Іргелі істер мен ел тарихын жан-жақты зерттеуде оны қайтадан қолға алып қараса, дұрыс және маңызды болмақ. Қазақ елінің көне тарихтағы мемлекет болып құрылуы жолындағы өткеніміз  бен оның болмысы барынша ашыла түспек. Тарихты зерделеуде түрлі көзқарастардың да талас-тартысқа негіз болғандығын білеміз. 

«Бауырым! Сен о жақта, мен бұ жақта, Қайғыдан қан жұтамыз. Біздің атқа лайық па құл боп тұру? Жүр, кетелік Алтайға, ата мирас алтын таққа», — деп алаштың     арда  ақыны Мағжан жазғандай, халқымыздың жады мен санасын оятатындай, тархымызды  қайтадан таразылайтындай, рухани байлығымыздың   көзін ашатындай, арман еткен ізгі мақсаттарын бүгінгі Алтын Орда тарихы мен тағылымы жүзеге асырады ғой деп ойлаймыз.

Басқа жаңалықтар

Back to top button