Басты жаңалықтарЭкономика

Ақтөбеде  энергия жүйесін күшейту үшін газтурбиналық қондырғы салынады

Қазақстан Республикасы Энергетика министрі Нұрлан Ноғаев пен облыс әкімі Оңдасын Оразалин аймақтағы отын-энергетика кешенінің бірқатар нысандарын аралады.
Аймаққа іссапармен келген Нұрлан Ноғаев кешенді мұнай жабдықтарын шығаратын Ақтөбе зауытында болды. Кәсіпорында сорғы штангілері, сорғы-компрессорлық құбырлар, штангалық тереңдік сорғылары және басқа да өнімдер дайындалады. Нұрлан Ноғаев пен Оңдасын Оразалин еңбек ұжымымен әңгімелесу барысында кәсіпорынның даму және одан әрі жұмыс жасау жоспарларын талқылады.
Содан соң олар «Қазхром» трансұлттық компаниясы» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауытында болды. Кәсіпорынның жобалық қуаты — жылына 740 мың тонна өнім шығару. Оның ішінде қождарды қайта өңдеу цехтары, тау-кен байыту және басқа да қосалқы нысандар жұмыс жасайды. Зауытта қуаты 135 МВт газтурбиналық электр станциясы бар.
Сондай-ақ делегация мүшелері динамикалық зәкірлер, анкерлер, түйреуіштер, траверстер, тұрақтандырғыштар және түрлі модификациядағы металдан жасалған өзге де бөлшектерді өндірумен айналысатын «Каспий плюс» кәсіпорнына барды.
«Ақтөбе жылуэлектр орталығы» кәсіпорнын аралау барысында  Нұрлан Ноғаев  қуаты 57 МВт газтурбиналық қондырғы құрылысының капсуласын салуға қатысты. Биыл кәдеге жаратушы  қазандығы бар газтурбиналық қондырғысын салу үшін аумақты дайындау бойынша бөлшектеу,  қазандықтың жабдықтарын жеткізу және қоймаға жинау жұмыстары  басталды. 2022 жылы қуаты 57 МВт жаңа газ турбинасын және кәдеге жарату қазандығын пайдалануға беру жөніндегі жобаны іске асыру жоспарлануда. Бұл қондырғы қосымша қуаттылықты арттыруға мүмкіндік беріп, облыс тұтынушыларын электрмен жабдықтау сенімділігіне оң әсер етеді. Аталған құрылыс станцияның қуатын 118 МВт-тан 175 МВт-қа дейін арттыруға ықпал етпек.
Министр «Қазақстан мұнай жабдықтары зауытының» жұмысымен де танысты. Кәсіпорын мұнай-газ жабдықтары мен құбырларын, блокты-жиынтықты жабдықтарды, бұрғылау қондырғыларын, сондай-ақ мұнай және газ ұңғымаларын жөндеуге арналған қондырғыларды дайындаумен айналысады.
Энергетика министрі мен облыс әкімі содан  соң «Бұхара-Орал» магистралды газ құбыры КС 14 компрессорлық станциясында болды. Оңдасын Оразалин министрге өңірді газдандырудың алдағы жоспарлары туралы айтып берді. Нұрлан Ноғаев өз кезегінде министрлік тарапынан қажетті көмек көрсететінін айтып, жауапты тұлғаларға бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button