Денсаулық

Бір күнде  өкпесі қабынған 10 адам тіркелді

Брифинг

3 қарашада облыста коронавирус жұқтырған 9 адам және вирусты пневмонияға шалдыққан 10 адам тіркелген. Вирус жұқтырғандардың жетеуі Ақтөбе қаласынан болса, қалған екі адам Мәртөк пен Алға ауданынан тіркеліп отыр. Үш адамда ауру белгілері байқалмаған. Аурушаңдықтың өсу  деңгейі — 0,3%.

Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Мұхтар Сербаев пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтап жүруге шақырды.

Облыс эпидемиологиялық жағдай бойынша жасыл белдеуде тұр. Бірақ жағдайдың күрт өзгеріп кетуі мүмкін. Себебі вирус жұқтырғандар күн сайын тіркеліп жатыр. Аудандар арасында Мәртөк пен Қарғалыда жиі тіркелуде. Соңғы тәулікте пневмонияға шалдыққан он адамның біреуі Мәртөк ауданынан болса, бірі Алға ауданынан анықталып отыр.

Ақпан айынан бастап Мәртөк ауданында «Жайсаң», Қарғалыда  «Әлімбет» санитарлық-карантиндік пункттері жұмыс істеп жатыр. 6 қазаннан бастап  «Әлімбет»  пункті арқылы 10384 адам, «Жайсаң» пункті арқылы 23 300 адам өтті. Келгендердің  ішінде  35 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды, —деді Мұхтар Сербаев.

Респираторлы вирусты инфекцияға шалдыққандардың саны да өсіп барады. 26 қараша мен 2 желтоқсан аралығында 440 адам ЖРВИ жұқтырған. Оның 24-і ауруханаға жатқызылған.

Сондай-ақ сантитарлық талапты сақтамаған кәсіпкерлік нысандарына айыппұл салынуда. Мобильді мониторингтік топтардан және жергілікті полиция қызметінен түскен материалдарға сәйкес, ҚР «Әкімшілік құқықбұзушылық туралы» Кодексінің 425-бабы 1-бөлігі бойынша заң бұзғандарға  146 882 480  теңге көлемінде 1170 айыппұл салынған. Сондай-ақ  қазіргі таңда қала мен аудандарда  координациялық орталықтар жұмыс жасап жатыр. Аталған орталық арқылы 13 ақпарат түскен. Осы хабарлама негізінде жоспарлы тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде 6 объектіге 1 597 350 теңге көлемінде айыппұл салыныпты.

Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, облыстың инфекциялық стационарларында коронавирусқа шалдыққан он бес адам ем алып жатыр. Екі науқас жасанды тыныс алдыру аппаратына қосылған. Ал пневмонияға шалдыққандар арасында екі адам жан сақтау бөлімінде ем қабылдауда. Жалпы облыс бойынша өкпесі қабынған  64 науқас ауруханада жатыр.  Оның 44-і Ақтөбе қаласында болса, 20 науқас аудандардан тіркеліп отыр. Өкпесі қабынғандар Қарғалы, Мәртөк, Темір, Мұғалжар, Алға аудандарының ауруханаларында ем алуда. Карантиндік стационардағы 75 адам бақылауға алынған. Оның 34-і Ақтөбеде болса, 39 адам Мәртөкте, екі адам Қарғалы ауданынан тіркеліп отыр.

Әлеуметтік желі арқылы өткен брифингте департамент өкілдері тұрғындар сауалына жауап берді. Әзірге қатаң карантин енгізіліп, блок-бекет қойылатындай ахуалдың күрделі емес екенін, бірақ босаңсуға болмайтынын айтты. Егер тұмау белгілері байқалса, дереу дәрігерге қаралып, оқшаулану керек. Себебі вирус жұқтырғандардың көпшілігі ауру адаммен байланыста болған.

Жалпы, облыста КВИ-мен ауырған 3502 адам  тіркелді, оның 49%-ы ауру белгілерімен (1714) және 51%-ы симптомсыз (1788) жағдай. 3327 науқас жазылып шықты. Ақтөбе қаласында 2489 адам ауырса,  Әйтеке би — 21, Алға — 98,  Байғанин — 57, Ырғыз — 54,  Қобда — 14, Қарғалы — 57, Мәртөк — 90, Мұғалжар — 173, Темір — 190, Ойыл — 21, Хромтау — 125, Шалқар ауданында 113 адам вирус жұқтырған.

Жалпы тіркелген 3502  науқастың 3,4%-ы сырттан келген. 499 науқас ауру адаммен байланыста болған. Профилактикалық мақсатта тексерілгендердің саны — 995. Қазіргі таңда үй карантиніне 318 адам алынып, оларға медициналық бақылау жүргізілуде.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button