Мәдениет

Ішкі әлемді бейнелеп…

Көрме

«Анаға тағзым» орталығында MariArt және Динара Көшербаеваның техникасы бойынша салынған суреттердің қайырымдылық көрмесі өтті. Art Lab халықаралық көркемсурет галереясының басшысы Марина Деркач ұйымдастырған шарадан көрермендер ерекше әсермен қайтты.

Айта кетейік, қараша айында денсаулығында ақауы бар ақтөбелік балалар MariArt және Динара Көшербаеваның техникасы бойынша трансформациялық туындыларды салудың жаңаша әдіс-тәсілімен, оның қыр-сырларымен танысқан болатын. Бұл жолғы қорытынды шараға автор Динараның жеке туындыларымен қатар, балалардың да шығармалары қойылды.

— Бұл көрме бұрынғы көрмелерден өзгерек. Әдетте, көпшілігіміз білетін суретшілер адамның көзі көретін дүниелерді салады. Ал бұл көрмедегі картиналардан көрермен ішкі жан дүниесіндегі толқынысты көре алады. Әркім өз әлемін көруі мүмкін, — дейді Марина Деркач.

Қайырымдылық көрмесіне арнайы келген облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева да әрбір картинадан адамның көңіл күйі мен жан дүниесін түсінуге болатындығын айтады.

Бүгінгі шара өнерді терең ұғына білетін адамға үлкен серпіліс. Көрмеге қойылған әрбір туындыдан адамның, балалардың көңіл күйін байқауға болады. Жыл бойы ұйымдастырылып келе жатқан көрменің қайырымдылық бағытында да қыруар істер атқарғанын жақсы білеміз. Сондай-ақ бұл игі істі ұйымдастырушы Марина Деркачтың да үнемі көмек көрсетуге дайын тұратынын айтқым келеді. Мәселен, анасынан айырылып қалған ақтөбелік балаларға пәтер кілті табысталған тұста Марина өзінің 3 бірдей туындысын сыйға тартты, — дейді Ләззат Оразбаева.

Көрмеге Динара Көшербаеваның әдісімен сурет салған балалардың ата-аналары да қатысты. Олар шеберлік сағатынан соң балаларының өмірге  деген көзқарасы өзгергенін айтып, балаларын жаңа қырынан тануға мүмкіндік берген Марина мен Динараға алғыс білдірді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button