Жаңалықтар

Жол төрт жолақты болады

Брифинг

Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының құрылысы желтоқсан айында басталады. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында жүргізілетін құрылыс жұмыстары жоспар бойынша отыз бір айдың ішінде аяқталуы тиіс. Бірақ мердігер мекемелерге жобаны барынша ертерек аяқтау міндеті қойылған.

Бұл туралы бүгін журналистерге өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында «ҚазАвтоЖол ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ұлан Әліпов хабарлады.

— Бүгін сіздерге көптен күткен Ақтөбе-Қандыағаш тасжолының құрылысы басталатынын хабарлағымыз келіп отыр. Жолды жөндейтін мердігер мекемелер анықталды, барлығы дайын отыр. Мердігерлер де бөтен емес, осы жердің маңайында жұмыс жасап жүрген жергілікті компаниялар. Жұмыстар желтоқсан айының соңына дейін басталады. Бүгін облыс әкімінің қабылдауында болып, осы мәселелер бойынша ақылдасу кеңесін өткіздік.  Ақтөбе-Қандыағаш тасжолы — Атырау мен Ақтөбені қосатын үлкен жобаның бір бөлігі. Көлік нөпірі де көп. Сондықтан біз компанияларға құрылыс жұмыстары кезінде автокөліктерге бір жолақпен жүріс беруге дайын болуды міндеттеп отырмыз, — деді Ұлан Әліпов.      

Айта кетейік, Ақтөбе мен Қандыағаш арасын байланыстыратын жол төрт жолақты болады. Жөнделетін учаске ұзындығы — 89 шақырым. Жоба аясында 3500 адам жұмыспен қамтылмақ.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button