Мәдениет

«Алақайдың» мерейі

Театр

Облыстық «Алақай» қуыршақ театры 35 жылдық атаулы датаны ескерусіз қалдырмай, пандемияға байланысты мерейтойды шағын ортада өткізді. Труппа өкілдеріне Алғыс хаттар табысталды.

1989 жылдың 29 қарашасында  негізі қаланған еліміздегі санаулы қуыршақ театрында қазіргі таңда 12 артист қызмет етеді.

— Әлемдегі коронавирусқа қатысты жағдай жоспарымызды өзгертті. Әйтпесе, көптеген мерейтойлық шаралар өтуі керек еді.  Бір реті болар…

«Алақай» — шетелдік фестивальдерге ең көп қатысатын театрлардың бірі. Әрі көбінесе бос қайтпаймыз. 40-қа жуық халықаралық фестивальде өнер көрсетіп, бірнеше рет Гран-при иегері атандық. «Ең үздік спектакль», «Үздік сахналық шешім», «Үздік режиссерлік жұмыс», «Үздік артист» секілді номинациялармен марапатталдық. Сондай-ақ жер-жердегі қуыршақ театрлары асыға күтетін «Ассалаумағалейкум!» фестивалінің ұйымдастырушысымыз. Бұл — ұжымның еңбегінің арқасында жеткен жетістіктер. Қуыршақ театрында өз мамандығын шексіз сүйетіндер ғана ұзақ жұмыс істейді. Ол үшін әуелі балалардың жанын түсіне білу керек. 30 жылға жуық осы театрда еңбек ететіндер бар. Олар — Гүлнар Баймағанбетова, Ләззат Сүлейменова, Нұрат Мұратұлы, Гаухар Оралбай, Ербол Исмағұлов, Әлия Салитова, Ербол Ермағанбетов, Роза Балғалиқызы. Бұлардың бәрі өрімдей жас кезінде театрға келіп, өнер жолында жастық қайратын, талантын сарп еткен таңдаулы артистер. Сондықтан, сөзсіз, айрықша тоқталғанымыз дұрыс. Біз Әлішер Орынбасаров, Дәурен Рысбеков сынды жастармен де мақтанамыз.

35 жылда 75-тен астам спектакльді ұсыныппыз. Яғни жылына екі қойылымның премьерасы өтеді. Бүгінгі таңда 37 спектакль тұрақты түрде сахналанды. Әлі күнге дейін көрермен сұранысына ие, өміршең спектакльдеріміз көп. Мысалы, «Ат тұяғын тай басар», «Тізгініңді босат та, құстай самға», «Аспандап ұшқан ақ тырна», «Қияңдарға кетпеші», «Ұсқынсыз үйрек», «Ұр, Тоқпақ», «Дала аңызы, уа, Алдар» сияқты спектакльдер кішкентай көрермендер тарапынан әлі де жылы қабылданады, — дейді аталған өнер ұжымының директоры, ҚР Мәдениет қайраткері Әсия Құрманалина.

Кішкентай көрермендердің театрын атқарушы билік атынан облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Алтынай Юнисова құттықтап, шығармашылық топқа игі тілегін арнаған соң, бірқатар қызметкерге облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. Сонымен қатар облыстық мәслихат, басқармалар, кәсіподақ ұйымының өкілдері сөз алып, құрмет көрсетті. Салтанатты шара барысында осы театрда бұрын қызмет еткен ардагерлер де лебізін білдірді.

Биылдыққа атаулы датаға орай бірнеше іс-шараның ұйымдастырылғаны да айтылды. Мәселен, «Театр және мен» атты балалар сурет байқауы. Байқау шарты бойынша ұл-қыздар театрды қалай қабылдайтынын қағазға бейнелеуі керек-ті. Қойылым кейіпкерлерін, театр артистерін және өз қиялындағы «Алақай» театрын барлығы 30 өрен салды. Бұл жұмыстар театрдың әлеуметтік желідегі парақшаларына жарияланып, көрермендер тарапынан жоғары бағаланды. Соңында барлық қатысушылар дипломдармен марапатталып, ал «Жас суретші», «Көрермен көзайымы» номинацияларына лайық деп танылған балдырғандар арнайы сыйлықтарға ие болды. Жүлдегерлерге театр спектакльдеріне бір айлық абонемент және табысталды.

Бұған қоса «Алақай» театры «35 жылдыққа — 35 қайырымды іс» акциясын бастады. Акция аясында аз қамтылған, көру, есту мүмкіндігі бұзылған балаларға қайырымдылық спектакльдері ұсынылып, демеушілердің көмегімен сыйлықтар берілетін болады. Аталған игі іс алдағы жылға дейін жалғасын таппақ.

— Қазіргі балалардың көңілінен шығу оңай емес. Заманауи гаджеттерді ұршықша иіретін оларды таңғалдыру қиын. Бірақ театр дегеніміз — басқа формат. Мұндағы қабылдау, байланыс бөлек. Шынайы. Артист пен көрермен арасында тікелей байланыс орнайды. Ұл-қыздарды тәрбиелейтін, әдемілікті бағалауға, құрметтеуге шақыратын орын бұл. Сондықтан ешқандай технология театрды алмастыра алмайды деп ойлаймын, — дейді облыстық «Алақай» қуыршақ театрының директоры Әсия Құрманалина.

Біз де өз тарапымыздан Ақтөбенің «Алақайын» жаңа белесімен құттықтаймыз!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button