Әлеумет

«Жайқалсын жасыл желек»

Қалада осындай акция басталды

Өткен сенбіде қаланы санитарлық тазалау, көркейту және көгалдандыру жөнінде жарияланған екі айлық аясында Абай даңғылындағы гүлзарда қылқан жапырақты ағаштар отырғызылды. Облыс басшысы Елеусін Сағындықов, облыстық мәслихаттың хатшысы Амангелді Есіркепов, қала әкімі Архимед Мұхамбетовтер қолдарына күрек алып, биылғы жылдың алғашқы ағаштарын отырғызды.

– Ағаш отырғызу – игілікті іс, – деді Елеусін Наурызбайұлы. – Қаланы көркейту, көгалдандыру жұмысына әрбір қала тұрғыны қатысуы керек. Қала халқы жыл сайын өсіп келеді. Мәселен, соңғы он жыл ішінде қала тұрғындары 70 мың адамға көбейді. Халық саны өскен сайын соған сәйкес ағаш та көп болуы керек. Сондықтан көгал мол болса, ауа да тазара түседі. Ағаш отырғызу көктемнің негізгі белгісі, табиғаттың жаңаруы болып табылады. Биылғы жылы қаланы көріктендіру ісіне 3 мыңдай студент тартылады. Олардың бәрі ақылы жұмыс істейтін болады.

Сондай-ақ, қалалық мәслихаттың хатшысы Сұлупан Шынтасова, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының төрағасы Кемейдолла Төлеубай, қаланың құрметті азаматы, Ақтөбе металл емес құбырлар зауытының бас директоры Ян Тампаев және басқа белгілі азаматтар қаланы көгалдандыру ісінің бүгінгі бастамашылары болды. Ал өздерінің спорттағы жетістіктерімен қуантып жүрген спортшыларымыз да ағаш егу акциясынан тыс қалмады. Асхат Шахаров, Райса Балиева, Галиб Жафаров, Самат Смақов, Евгений Гончаровтар да игі істің басынан табылды.

– «Ақтөбе» командасының жаттықтырушысы ретінде чемпиондықпен қалаға қолтаңбам қалса, енді Ақтөбеде отырғызған ағашым бар деп айтып жүретін болдым, – дейді Владимир Муханов.

Бұл күні акцияға қатысушылар «Елім» шаруа қожалығының питомнигінен әкелінген 50 түп жас шырша отырғызды. Көшеттер өзімізде өсірілгендіктен табиғатымызға бейімделген. Сондықтан жас түптер тез жапырақ жайып кетеді деген үміт бар.

Қалада көгалдандыру жұмысының нәтижелі болуы үшін қажетті жұмыстар жүргізілуде. Мәселен, өткен жылы Абай даңғылындағы гүлзарда су құбырлары жүргізіліп, топырағы алмастырылды. Қураған ағаштар алынып, гүлдер отырғызылды. Сондай-ақ, тұрғындардың демалысына қолайлы болуы үшін тротуар плиталары салынып, отырғыштар орнатылды.

Биылғы жылғы әзірленген жобаға сәйкес шырша, қарағай, қайың, қарағаш секілді 50 мың түп көшет отырғызылатын болады. Оның 3 мыңы бюджет қаржысына алынса, қалғандары шаруашылық етуші нысандар есебінен егіледі. Айталық, «Мега Ақтөбе» ЖШС өз аумағында 7 мыңға жуық ағаш отырғызуды жоспарлауда. Абай атындағы мәдениет және демалыс саябағында кемінде 1500 жасыл желек отырғызылады. Қаланың саябақтары мен скверлеріне, тұрғын үйлер жандарына да ағаш егіледі. Жаңадан салынған «Нұр Ғасыр» мешіті, православтар храмы аумағы да көгалдандырылады.

Қаланы көгалдандыру жөнінде ынталы адамдардан түрлі ұсыныстар түсуде. Мысалы, отау тігіп жатқан жас жұбайлар рәсімнің бірі ретінде ағаш отырғызса деген де ұсыныс бар. Сондай-ақ, дүниеге келген сәбидің құрметіне де арнауға болатын секілді. Мұндай ұсыныстардың түсуі – қуанарлық жайт. Өйткені ақтөбеліктер өз жерін сүйеді және осылайша бағалай да біледі.

Бердібай КЕМАЛ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button