Экономика

14 ірі жоба тапсырылды. 10-ы желтоқсанда іске қосылады

Инвестициялық жобалар:

14 ірі жоба тапсырылды. 10-ы желтоқсанда іске қосылады

2010-2014 жылдарға арналған Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының ел экономикасын арттыру үшін маңызы зор. Аталған бағдарлама аясында қолға алынған «Индустрияландыру картасына» енген жобалардың саны бойынша біздің облыс бірінші орында. Биылдың өзінде біздің өңірде 43 инвестициялық жоба (жалпы құны 140,1 млрд. теңге) жүзеге асырылады. Оның 24-і — ірі жобалар. 2010 жылдың 1 қарашасына дейін 14 жоба іске қосылды. Ал жыл аяғына таман 10 жоба пайдалануға беріледі.

Бұл жөнінде облыс әкімі Елесуін Сағындықовтың төрағалығымен өткен  үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі  өңірлік үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында айтылды.

Еске сала кетейік, қазанның 19-ы күні Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев аймақтардағы үйлестіру кеңесіне Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы бойынша биыл тапсырылуы тиіс жобалар жыл аяғына дейін толықтай іске қосылу керектігін  қадап айтқан болатын. Біздің облыс жүктелген міндетті межелеген уақытта аяқтауға дайын.

Республикалық басқару орталығының мониторингінде біздің өңірдің 33 жобасы (жалпы құны — 444,5 млрд. теңге) тұр. Мұның 12-сі республикалық картаға кірген. Қалғаны — өңірлік картада. Жоба толық жүзеге асырылғанда 7600 жаңа жұмыс орны ашылады.

Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының бастығы Марат Балмұхановтың айтуынша, Елбасы тапсырмасы Ақтөбеде жоғары деңгейде орындалып жатыр.

Бұған дәлел — биыл аяқталуы тиіс 24-і  аса ірі жобаның 14-і іске қосылды. Жақын аралықта пайдалануға берілетін жобалар да бар. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстар желтоқсанның 20-сына дейін толық аяқталады.

«Рамазан» ЖШС құс фабрикасы, «АМФ Групп» АҚ қуаттылығы 110 МВт  газтурбиналық электрстанциясы, «Синойл» ЖШС АФ мұнай базасы белгіленген мерзімде іске қосылды.

Айта кету керек, Ақтөбе индустрияландыру картасына кірген жобалардың саны бойынша бірінші орында, — дейді Марат Балмұханов.

Біздің өңірдегі жобалар негізінен тау-кен, металлургия, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылық, тамақ өнеркәсібі, электр және көлік инфрақұрылымы салаларында жүзеге асырылады.

Елімізде биылдың өзінде 713,6 миллиард теңгеге бағаланған 144 индус­трия­лық жобаның құ­рылысы аяқ­талуы тиіс.  Соның 72-сінің тұсаукесер рәсімі бірінші жар­тыжылдықта (маусым 28-і күні) Мемлекет басшысының қатысуымен өткен «Қуатты Қазақстанды бірігіп құрамыз!» атты жалпыұлттық телекөпірде өткені белгілі. Салтанатты жиында  таныстырылған 5 аса ірі жобаның бірі — «Ақтөберентген» АҚ. Елбасының қатысуымен желтоқсан айында қалған 72 жобаның тұсауы кесіледі. Шилісай фосфорит кен орнынан күрделі минералды тыңайтқыш өндіретін химия комбинаты немесе «Izeet Green House» жылыжай кешені телекөпір арқылы пайдалануға берілуі мүмкін.

Жиын соңында облыс әкімі Елеусін Сағындықов жобалар желтоқсанның 20-сына дейін аяқталуы керектігін нықтады.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

(Материалдың толық нұсқасын газетіміздің бейсенбі күнгі нөмірінен оқи аласыздар).

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button