Басты жаңалықтар

Елбасы мәртебесі — ел мерейі

Кеше Ақтөбе қалалық Мәдениет үйінде 1 желтоқсан — Тұңғыш Президент күніне арналған «Елбасы мәртебесі — ел мерейі» атты мерекелік шара өтті. Оған облыс әкімі Оңдасын Оразалин қатысты.

Салтанатты шарада облыс басшысы жиналғандарды мерекемен құттықтап, Елбасының ел үшін жасаған ерен еңбегі мен тың бастамаларына тоқталып өтті.

— Еліміздің әрбір қол жеткізген жетістігі мен табысы Елбасының есімімен тікелей байланысты. Бүгінде елордадан бастап Қазақстанның барлық өңірі Тұңғыш Президентіміздің сарабдал саясатының арқасында алып құрылыс алаңына айналды.

Кезінде ең алғаш тәуелсіздігімізді мойындаған бауырлас Түркия елінің Президенті Тұрғыт Өзал: «Нұрсұлтан Назарбаевтай басшысы бар қазақ елі бақытты», — деп, өзінің бағасын берген. Тарихта аты сақталған, әлемдік қауымдастықта ойып алар өзіндік орны бар алпауыт мемлекеттің басшысы болған ол тек танымал саясаткер ғана емес, сонымен бірге түбі бір түркі халықтарының шынайы жанашыры еді. Ендеше өткенімізді саралау, барымызды бағалау біздің болашақ ұрпаққа көрсетер теңдессіз үлгіміз болмақ. Ел үшін туған Елбасымыз аман, тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын! — деді О.Оразалин.

Құттықтау сөзінен кейін облыс әкімі өңірдің саяси-әлеуметтік, мәдени дамуына сүбелі үлес қосқан бір топ азаматты «Қазақстан Конституциясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапаттады. Марапатталғандардың қатарында философия ғылымдарының докторы, профессор Амангелді Айталы, «Қазақстанның қызмет саласы мен кәсіпорын сауда нарығының ассоциациясы» Ақтөбе филиалының заңды тұлғалар бірлестігінің директоры Дмитрий Довматенко, Алға ауданының әкімі Мамырғали Аққағазов, Қарғалы ауданының әкімі Асқар Жүсібәлиев, «Ақтөбе» ӘКК» басқармасының төрағасы Ермек Имантаев, «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы Батыс Қазақстан аймақтық филиалының төрағасы Ізімғали Көбенов, т.б. бар.

Сондай-ақ шарада облыс басшысы ел дамуына үлес қосып, қайырымдылық шараларға белсене атсалысып жүрген бір топ кәсіпкерге «Жомарт жүрек» медалін табыстады. Атап айтсақ, олардың қатарында «Қазхром» ТҰК» АҚ президенті Арман Есенжолов, «Ақтөбе мыс компаниясы» ЖШС бас директорының кадрлық саясат жөніндегі орынбасары Аубакер Есеналин, «Максимус» ЖШС-ның кеңесшісі Амангелді Мәйтеков, т.б. бар.

Салтанатты шара соңы мерекелік концертке ұласты.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button