Рухани жаңғыру

Ноғайлы дәуірінен жеткен жыр

Деректер бойынша Едіге батыр Қаратаудың теріскей бетіндегі Құмкент шаһарында туып, Електің бойында дүниеден өткен. Ал ол негізін қалаған династия билік жүргізген Ноғай Ордасының біраз аумағы қазіргі Қазақстанның батыс өлкесін алып жатты. Ноғай Ордасының астанасы бүгінде Атырау қаласының маңында орны сақталған Сарайшық болды.

Қазақ даласында Едіге есімімен байланысты жер-су атаулары да көп болған: Едіге обасы, Едіге жалы, Едіге ойпаты, т.б. Кеңестік идеологияның ықпалына қарамастан, бұл атаулар бүгінге дейін ел есінде сақталып қалған.

Тарих ғылымы Едіге би туралы әртүрлі пікірді алға тартады, кейбір тарихшылар оны Алтын Орданың әлсіреуіне кінәлі тұлғалардың қатарына қосса, екіншілері, мүлде керісінше, Едігенің империяны сақтап қалу үшін барынша күрескенін айтады. Ал фольклордағы ауызша деректе, қазақ, ноғай, қарақалпақ, башқұрт, татар, құмық сынды түркі халықтарының ғасырдан-ғасырға айтылып келе жатқан жыр-дастандарында Едіге туралы пікір біреу: «Едіге деген ер еді, Елдің қамын жер еді».

Ақтөбе облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық халық шығармашылығы орталығы өткен жылы Ноғайлы дәуірі жырларының антологиясын шығаруды қолға алған болатын. Сол жұмыстың нәтижесінде, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, белгілі жыршы-термеші Алмас Алматовтың жетекшілігімен «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбом жарыққа шығып отыр. Жинаққа «Едіге батыр» эпосы, сондай-ақ Мұрын жырау нұсқасындағы «Қырымның қырық батыры» және «Қарасай-Қази» дастаны (Қайролла Иманғалиев нұсқасы), т.б. енген. Жинақ 10 дыбыстық жазба дискісінен тұрады. Жалпы саны 40-тан асатын жыршыдан 60 сағаттық жыр жазып алыныпты.

Альбом «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында жарыққа шықты. Оның жарыққа шығуына орай Ақтөбеде бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылды. Облыстық тарихи-өлкетану музейінде өткен «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияда ғалымдар, жыршылар мен өлкетанушылар тек эпос қана емес, жалпы, Едіге би тұлғасының зерттелуі мен ұлықталуы, қазақ ғалымдарының едігетануға қосқан үлесі төңірегінде әңгіме өрбітіп, облыс басшылығына көптеген ұсыныстарын жеткізді.

Жиында алғашқы сөз облыс әкімі Оңдасын Оразалинге берілді. Оңдасын Сейілұлы өзінің сөзінде Едіге би тұлғасын зерттеу бағытында қолға алынған жұмыстар жөнінде айтып, сондай-ақ бұл іске зор мән берілетінін атап өтті.

— Тарихты зерттеудің маңыздылығы оның өткенді білу үшін қажеттігімен ғана шектелмейді. Тарих — елдіктің негізі. Оны тану, ең алдымен, тәуелсіз еліміздің іргесін бекіте түсу үшін қажет. 2015 жылы біз Қазақ хандығының 550 жылдығын атап өттік. Бүгінгі Қазақстан — Керей мен Жәнібек хандар құрған Қазақ хандығының мұрагері. Бірақ мемлекеттілік дәстүр сабақтастығын насихаттауды одан әрі тереңдете беру керек. Сол мақсатпен Алтын Орда, одан кейінгі Ноғайлы дәуірінің тарихын зерттеу ісін жандандыруға тиіспіз. Бұл — болашақ ұрпақтың алдындағы парызымыз, — деді облыс басшысы.

Ол едігетануды жандандыруға үлес қосып жүрген ғалымдар мен зерттеушілерге, «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомның жарыққа шығуына атсалысқан жыршыларға алғысын жеткізді және бұл жұмыстардың одан әрі жалғасуына облыс басшылығы тарапынан қолдау көрсетілетінін айтты. Едігетануды жандандыруға, ел аузындағы жер-су аттарына байланысты деректерді жинауға және Байғанин ауданы аумағындағы «Едіге батыр жерленген» деген болжам айтылатын қорымда зерттеу жұмыстарын жүргізуге Алматыдағы үлкен орталықтар — Ш.Уәлиханов атындағы тарих институтының, Ә.Марғұлан атындағы археология институтының мамандары да шақырылған.

Осы конференцияда жұртшылыққа таныстырылған «Ер Едіге» — Ноғайлы дәуірінің жыры» атты музыкалық альбомның жарыққа шығуы, бір жағынан, Алтын Орданың 750 жылдық мерейтойына орайластырылған еді. Өйткені Едіге би ұрпақтары билік құрған Ноғай Ордасы — Алтын Орданың ізінде пайда болған мемлекеттердің бірі. Сондықтан о баста бұл шараны кеңінен атап өту көзделген болатын. Бірақ індетке байланысты шектеулер салдарынан еліміздің өзге өңірлерінен және шетелдерден шақырылған қазақтың ауыз әдебиетін зерттеуші, едігетанушы ғалымдардың, тарихшылардың көпшілігі жиынға келе алмады. Олардың бірқатарының бейнетаспаға жазып, жолдаған лебіз-пікірлері тыңдалды.

ҚР Парламенті Сенатының депутаты, заң ғылымдарының докторы, профессор Мұхтар Құл-Мұхаммед:

— «Ер Едіге» дастандар циклінің еліміздегі ең үздік дәстүрлі орындаушылардың қатысуымен алғаш рет жеке жинақ болып жарыққа шығуы — үлкен қуаныш. «Ер Едіге» — түркі халықтары арасында ең көп тараған жырлардың бірі. Жинаққа енген жырларда көптеген тарихи тұлғалардың есімдері аталып, ерлік істері баяндалған, — деп атап өтті.

Сондай-ақ У.Әлиев атындағы Қарашай-Шеркес мемлекеттік университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Нәсіпхан Суюнова мен германиялық шығыстанушы ғалым, профессор Карл Райхл жырдың зерттелуі, оны насихаттаудың маңызы жөніндегі пікірлерін жеткізген.

«Едіге батыр» жыры қазақ зерттеушілерінің назарына ерте іліккен. Қазан төңкерісіне дейін-ақ оны Шоқан Уәлиханов хатқа түсіріп, орыс тіліне аударған. Кейіннен Қаныш Сәтбаев, Әлкей Марғұландар да осы істі қолға алған. Алайда өткен ғасырдың 40-жылдарында тарихтан Едігенің атын өшіру көзделіп, оны зерттеушілер қудаланған, сөйтіп, бұл іс тоқтап қалып, араға 30-40 жыл салып барып қайта қолға алыныпты. 1990 жылы профессор Рахманқұл Бердібаевтың жетекшілігімен «Едіге батыр» жыры бірнеше нұсқада жарық көрген. Жалпы, зерттеушілердің пікірінше, барлық түркі халықтарының арасынан жинақтаса, бұл жырдың 70-80 нұсқасы табылады. Жырды насихаттау жолында ақтөбеліктердің қосқан үлкен үлесін атап өту керек: бұл — оның С.Бәйішев университетінің мұрындық болуымен түрік тіліне аударылуы.

Белгілі жыршы-термеші Алмас Алматов осы жиында жырды насихаттау, әсіресе, жас ұрпаққа кеңінен таныстыру үшін, нақты жұмыстар қолға алынуы керектігін айтып, мектеп оқушылары арасында «Едіге батыр» жырын жатқа оқудан жарыс ұйымдастыру, жыршылар дайындайтын кафедра ашу секілді өзінің ұсыныстарын жеткізді. Ал әдебиетші-ғалым, едігетанушы Жұбаназар Асан жырды «мектеп бағдарламасына енгізу қажет» дейді. Сондай-ақ ол Ақтөбенің Оңтүстік-Батыс ауданына Едіге бидің есімін беру жөнінде де ұсыныс айтты.

Жиында тарих ғылымдарының докторы, профессор Рахым Бекназаров Едіге тұлғасын, Ноғайлы дәуірін тереңірек зерттеуге бағытталған жұмыстарға Вадим Трепавлов, Амантай Исин сияқты осы дәуір бойынша жетекші ғалымдарды тартуды ұсынды.

Конференцияны қорытындылай отырып сөйлеген сөзінде облыс әкімі бұл ұсыныстарды назарға алып, жүзеге асыру мүмкіндіктерін қарастыруды өзінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбетке тапсырды.

— Едіге тұлғасын зерттеу және ұлықтау үшін жасалатын жұмыстар бірер жылмен шектеліп қалмайды, ол жалғаса береді. Соның ішінде Ер Едіге мен оның ел қорғаған ұрпақтарының ерлік істері туралы жыр-дастандарды халқымыздың баға жетпес жыр қазынасының бір бөлшегі ретінде айрықша насихаттауға зор мән берілуі керек. Бұл жыр-дастандарды өзіміз де бала күнімізде тыңдап өстік, — деді Оңдасын Сейілұлы.

Конференциядан кейін Ақтөбедегі Достық үйінде «Едіге деген ер екен» атты жыр кеші өтті. Оны Алмас Алматов жүргізді. Кеште белгілі дәстүрлі өнер өкілдері — Феруза Нарман, Фархат Оразов, Демеубай Жолымбетов, «Дарын» сыйлығының иегері Күнсұлу Түрікпен, Феруза Оңталап, Нұрбек Сансызбаевтар Ноғайлы дәуірі жырларынан үзінділер орындады.

Кеш соңында Алмас Алматов бастаған жыршыларға облыс әкімінің Алғыс хаты табысталып, сый-сияпат көрсетілді.

Сондай-ақ осы күні Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров бастаған топ облыс орталығындағы Едіге батыр ескерткішіне тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.

Индира ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button